Тауар таңбасын пайдалану шарты
qarmaqshy-tany.kz Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» 10 маусым 1996 жылғы заңының 1-бабына сәйкес санаткерлік меншік саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарын реттейді.
Автор дегеніміз – шығармашылық еңбегімен ғылым, әдебиет, өнер туындысын жасаған жеке тұлға. Авторлық құқық – автордың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары. Авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берілу әдісі мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектің нәтижесі болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады. Қазақстан Республикасында тауар белгілерін құқықтық қорғау осы заңда белгіленген тәртіпте оларды тіркеу негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай тіркеусіз беріледі. Тауар белгілерін құқықтық қорғау жеке немесе заңды тұлғаларға беріледі. Тауар белгісіне айырықша құқық тауар белгісі Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген күннен бастап туындайды.
Тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы аталған заңға сәйкес тіркелген немесе Қазақстан Республикасы қатысатын халақаралық шарттарға орай тіркеусіз қорғалатын бір заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын басқа заңды немесе жеке тұлғаның біртектес тауарларынан ажырату үшін қызмет ететін белгі. Ұжымдық тауар таңбасы – бұл заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің қауымдастығының немесе өзге де бірлестігінің немесе бірыңғай сапалық басқа да сипаттамалары бар олар шығаратын немесе сататын тауарларды белгілеу үшін қызмет ететін тауар таңбасы.
Тауар белгісіне құқық куәлікпен куәландырылады және Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінен үзінді көшірмемен расталады. Куәліктің нысанын уәкілетті орган белгілейді. Тауар белгісінің иесі куәлікте көрсетілген тауарлар мен қызметтерге қатысты өзіне тиесілі тауар белгісін пайдалану мен оған иелік етудің айрықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгісін оның иесінің келісімінсіз ешкім де пайдалана алмайды.
Тауар таңбасы ретінде бейнелеу, сөз, әріп, цифр, көлем белгілері және өзге де белгілер немесе бір тұлғалардың тауарлары мен қызметтерін басқа тұлғалардың біртектес тауарларынан немесе қызметтерінен ажыратуға мүмкіндік беретін олардың аралас үлгілері тіркелуі мүмкін. Тауар таңбасы кез келген бояулы түстер үйлесімінде тіркелуі мүмкін. Тауар белгісіне өтінімді сараптама ұйымына бір өтінім беруші береді. Ұжымдық тауар таңбасына өтінім ұжымдық тауар таңбасын пайдалану туралы оған қатысушылардың келісіміне сәйкес бірлестік атынан беріледі. Тауар белгісін тіркеуге арналған өтінімге қойылатын талаптар: өтінім бір тауар таңбасына қатысты болуға тиіс.
Өтінім: өтінім берушіні, сондай-ақ оның орналасқан жерін немесе тұрғылықты жерін көрсете отырып, белгілемеге сараптама жүргізу туралы өтінішті; мәлімделген белгіні; тауарлар мен қызметтердің халықаралық сыныптамасына сәйкес тауарлардың және қызметтердің тізбесін қамтуға тиіс. Өтінімге: сараптама жүргізгені үшін көрсетілетін қызметке ақы төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі; іс-жүргізу өкіл арқылы жүргізілген жағдайда сенімхаттың көшірмесі; ұжымдық тауар таңбасын өз атына тіркеуге уәкілетті үйымның атауын, бұл таңбаны тіркеу мақсатын, осы таңбаны пайдалануға құқылы субъектілер тізбесін, ұжымдық тауар таңбасымен белгіленетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі мен бірыңғай сапасын немесе өзге де сипаттамаларын, оны пайдалану шарттарын, ұжымдық тауар таңбасы жарғысының ережелерін бұзғаны үшін жауаптылықты қамтитын ұжымдық тауар таңбасы жарғысы қоса тіркелуге тиіс.
Н.АСАНОВА, Қарамақшы ауданаралық әділет басқармасы
басшысының м.а., Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі