Қармақшыда құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша құрылған мобильдік топ жұмысы жалғасуда
qarmaqshy-tany.kz Қармақшы ауданы бойынша білім бөліміне қарасты №273 орта мектебінде құқықбұзушылықтың алдын алу,отбасылық тәрбиенің озық үлгілерін насихаттау, ата-аналардың шығармашылыққа, балалармен бірлескен жұмыстарға қатысуына ықпал ету, отбасылық тәрбиелеудің маңыздылығына қоғамның назарын аудару мақсатында Қармақшы ауданы әкімі жанынан құрылған мобильдік топтың қатысуымен «Ашық есік күнінде» семинар өткізілді.
Іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мереков Асқар, аудандық алқа би төрағасы Есдәулетов Қаршыға Есдәулетұлы, аудандық алқа би мүшесі Назарқұлов Есет, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Әбен Қаракөзиев, аудандық білім бөлімінің қызметкері Тоқшылықова Ақтолқын Каналбекқызы қатысты. Сонымен қатар іс-шараға «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» дәрігер Нуров Қарасай Ердешұлы, Байқоңыр қаласының құрметті ардагері, ақын Қуандық Құдайбергенұлы, ҚР ІІМ Байқоңыр кешеніндегі Өкілдігінің бастығының орынбасары Алиев Сейлбек, спорт мектебінің тренері, Қазақстан Республикасы спорт шебері Булекбаев Бекмұрат, ата-ана комитетінің мүшесі Карибаев Байғабыл шақырылды.
Қатысушылар «Рухы күшті, өресі биік ұрпақ-ел болашағы» атты мектеп спортшыларының шеруін, «Бір ел-бір кітап» квест ойынын тамашалады, арнайы педагог А.Сейлованың бейімделген бағдарлама бойынша кіріктірілген «Мәтін. Теңге» сабағына кірді. Сонымен қатар «Отбасы–бақыт мекенім» ата-аналарға арналған тренингке қатысып, «Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылыққа ата-ана кінәлі ме?» пікірталасын көрді. «Ашық есік күні» шарасы «Шәкірт жетістігі –мұғалім мәртебесі» көрмесіне, мектеп асханасына, «Абай мұражайына» саяхат жасаумен жалғасты. Қонақтар мен ата-аналар «Жас талант» театр үйірмесінің «Нарком Жүргенов» қойылымына жоғары баға берді. «Ашық есік күнін» қорытындылаған «Бала үшін Әке деген ұлы адам» ток-шоуы қатысушылардың көңілінен шықты.
https://www.instagram.com/p/CrPoAzNqMnl/?utm_source=ig_web_copy_link