Республикалық ақындар айтысы өтті
Сырдария ауданында Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында «Қош келдің, Әз – Наурыз!» атты Республикалық ақындар айтысы өтті.
Сырдария ауданынан бастау алған бұл айтыстың орны ерекше. Төл Тәуелсіздігімізді алғалы өңірімізде «Наурыз – айтысы» алғаш рет ұйымдастырылды.
Айтыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Ергешбаев Мұрат Нәлхожаұлы – бірлігі бекем, тірлігі көркем ауданымыздың тұрғындары мен қонақтарын «Наурыз мерекесімен» құттықтап, халықты жырмен сусындатуға келген ақындарға сәттілік тіледі.
Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған дүбірлі додаға еліміздің айтулы 10 ақыны қатысты.
Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәлімі мол жыр додасында алыптарға алтын бесік болған берекелі, ырысты, киелі Сыр өлкесін жырға қосып, өлеңмен өрнектеді. Ұлтымыздың ұлылығы мен қара сөздің қасиетін шабытты шумақпен паш етіп, айтысқа сусаған көрерменге елдік рухты асқақтатар ой салған ақындар әрленген әзілмен де елге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев жүргізіп, ақындардың өнерін «Құрмет» орденінің, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері, айтыскер-ақын Мамыр Байдәулетов, елімізге белгілі ақындар Бекарыс Шойбеков, Бауыржан Халиолла, Ахметжан Өзбеков бағалады.
Қазылар алқасының шешімімен аламан айтыстың бас жүлдесі сырдариялық ақын Мұхамеджан Мансұров лайық деп танылса, жүлделі бірінші орын Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Жансая Мусина, екінші орын «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов, ал айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев және Шымкент қаласынан Нұрлан Есенқұлов үшінші орынды иеленді.
Сонымен қатар, айтысқа қатысушы ақындар Астана қаласынан Еркебұлан Қайназаров, Алматы қаласынан Хазірет Бердіхан, Ақтөбе облысынан Нұрбол Жауынбаев, Арал ауданынан Бексұлтан Орынбасаров, Қызылорда қаласынан Мөлдір Айтбайға шабыттандыру сыйлықақы берілді. Жүлде қоры үш миллион теңге.
syrboyi.kz