Қармақшыда ұлыстың ұлы күні әз-наурыз мейрамы тойланды
qarmaqshy-tany.kz Бүгін тоқшылық пен береке-бірліктің мерекесі – Наурыз мейрамы арнайы орталық алаңда ұйымдастырылды.
Ұлық мерекемізге арналған іс-шарада ұлттық құндылықтар кеңінен дәріптеліп, халқымыздың ежелден келе жатқан сал-дәстүрлерінен театрландырылған көріністер қойылып, Қазақ күресінен сайыстар өткізілді.
Орталық алаңда тігілген ақшаңқан киіз үйлерді аралаған аудан басшысы ұлттық қол өнер көрмелерін көріп, «Қыз ұзату», «Бесікке салу» ұлттық дәстүрлері мен қыз-жігіттер айтысын тамашалап, ел ағасының жолын берсін деген ниетпен, енді тәй-тәй басқан кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесті.
Әз-Наурыз мерекесін көпшілікпен қарсы алған аудан әкімі Жандос Еркінбек бірлігі жарасқан Қармақшы жұртшылығын ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Аудан башысы өз сөзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, ауыл шаруашылығы мен өндірісі жыл сайын қарқынды дамып келе жатқанын айта келе, биылғы жылы ауданымызда іске асырылатын маңызды жобалармен бөлісті. Сондай-ақ, ел болашағын айқындайтын сындарлы сәтте жүз шайыр елінің ынтымақ, бірлігін көрсетіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына белсенділікпен қатысқан барша аудан тұрғындарына ризашылығын білдірді.
Одан соң, айтулы мерекеге арнайы келген ауданның Құрметті азаматтары Бекмырза Еламанов, Биғали Қаюпов және Нажмадин Шамұратовтар жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады.
Ұлыстың ұлы күніне арналған мәдени іс-шараны еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін тамашалап, бір-бірін құттықтап, ізгі ақ ниеттерін білдіріп жатса, жүз шайыр елінің өнерлі өнерпаздары ән мен жырдан шашу-шашып, көпшілік керемет көңіл күйге бөленді.
Сонымен қатар, Наурыз мейрамын мерекелеу аясында ауданға келген ел ағалары «Қобыз» монументі аллеясында естелік ретінде ағаш отырғызып, туған жерге тағзым етті.