Отбасы – Отанымыздың ошағы
qarmaqshy-tany.kz Отанды сүю – отбасынан басталады. Адам баласының бойындағы асыл қасиеттер де отбасынан қалыптасады.
Біздің ауданда да отбасы қадірін біліп, оған өмірін арнаған азаматтар жетерлік.
Ауданның өсіп-өркендеуіне, ұрпақ өсіріп, олардың қоғамнан өз орындарын табуларына еңбек сіңірген, «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» Аманкелді Ақжігітов әулеті.
Мақаламызға арқау болып отырған Аманкелді Ысқақұлы туралы сөз қозғар болсақ, ол Жосалы шаһарының жұмысшы табының өкілі Ысқақ әкемізбен Нақу анамыздың отбасында дүние дидарын ашқан. Отбасында 2 ұл, 3 қыздың қатарында өмірге келген Аманкелді ағайымыз аудан орталығындағы No26 орта мектепті тәмамдаған соң алғашқы еңбек жолын аудандық автобазада көлік жүргізушісі болып бастады. Жылдар өте жас көлік жүргізушісі мекеме басшыларының қолдауымен Өскемендегі көлік және жол құрылысы институтында білікті мамандардан білімін шыңдап, туған елге оралған соң, басшылық оны шеберхана меңгерушісі етіп тағайындайды.
«Мен еңбек жолымды 1964 жылы аудандық автобазада көлік жүргізушісі болып бастадым. Ол кезде мекеме басшысы Әлжан Иманғалиев деген білікті маман болатын. Мен жұмысқа тұрған жылы Қызылқұмда Жаңақала ауылын құру кезеңімен тұспа-тұс келді. Біздің автобазаның көлік жүргізушілері сол ауылдың құрылуына, яғни іргетасын қалауға атсалысты. Аудан орталығынан, ауыл жанындағы «Қарақ» тауынан тұрғын үйлер мен мекемелердің іргетасын қалауға, сонымен қатар малға шөп, құм, басқа да құрылыс материалдарын тасыдық» деп еңбек жолының алғашқы жылдарын еске алады Аманкелді аға.
Міне, жас та болса өзінің жұмысқа деген жауапкершілігімен, тиянақтылығымен танылған Аманкелді Ысқақұлы жылдар өте мекеме басшылығының ұйғарымымен бас инженерлікке, ал 1988 жылы сайлау арқылы автобаза басшысы лауазымына тағайындалады. Білікті басшы бұл қызметті көп жылдар бойы абыроймен атқарады. Оған да 30 жылдан астам уақыт болды.
Ал, енді туған елінің экономикасының дамуына, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан Аманкелді Ақжігітовтей атпал азамат ұзақ жылғы елеулі еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Құрметті автокөлікшісі», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен, сонымен қатар КСРО-ның, КазКСР-ның, облыстық және аудандық партия комитеттерінің Құрмет грамоталарымен, мадақтамасымен, алғысымен марапатталды.
Ал, биыл ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды.
«Мен аудандық автобазадағы еңбек жолымды қарапайым жүргізушіліктен бастап, басшылық қызметпен аяқтадым. Сол жылдары біздер Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, ІІІ Интернационал және басқа да елдімекендерге көмек көрсеттік. Күріш, құрылыс материалдарын тасыдық, малдарды шопан ауылдарына көшірдік. Егіс кезінде одақтық, республикалық Қызыл Тулармен марапатталдық. Шәйкүл Жаңбырқұлова деген автобус жүргізушіміз Одақтан автобус сыйлыққа алды. Көптеген қызметкерлеріміз шетелдерге туристік сапарда болды. Серғали Ағаділов сынды қызметкеріміз аудандық партия комитетіне мүше болып сайланса, Руслан Губанов есімді жүргізушіміз күріш жинау науқанында өзі жүргізетін Камаз автокөлігіне төрт тіркеме жегіп, аудандық «Заготзерно» мекемесіне күріш тасып, ел құрметіне бөленді.
Сонымен қатар, Таңатар, Сайлау, Бостан, Әубәкір, Шәмшат, Жақыпбек, Дүйсен, Зәйділда және басқа да білікті мамандармен жұмыс істедім» дейді өткен өмірден естеліктер айтқан Аманкелді аға.
Ал, енді осындай өнегелі өмір жолымен ел-жұртының құрметтісі атанған Ақжігітовтер отбасының түтінінің түзу шығуына, онда тәрбиеленіп жатқан ұрпақтардың аяулы да ардақты отанасы Айзада Шәймерденқызы жайлы да бірер сөз айту артық болмайды.
Ертеректе қазақ интеллигенциясында, еліміздің құқық қорғау органының дамуына атсалысқан Шәймерден Танашев пен бар саналы өмірін кітапхана саласына арнап өткен Әлипа анамыздан тараған үш қыздың үлкені Айзада Шәймерденқызы өмірін білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз.
Ол замандастарымен аудан орталығындағы No26 орта мектепті тәмамдаған соң, жоғары білім алып, өзі оқыған білім ордасында орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, шәкірттерді білімге баулиды. Осы салаға өзінің саналы ғұмырын арнап, No121 орта мектептен құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады. Бүгінде ұлағатты ұстаздан білім нәрін сусындаған шәкірттері еліміздің өсіп-өркендеуіне өздерінің азаматтық парызын арнауда. Оларда ұстаздарының аманатын орындауда шәкірттерге білім беруде.
Ұлт болашағын тәрбиелеудегі ұзақ жылғы еңбегі үшін ұлағатты ұстаз Айзада Шәймерденқызы көптеген мадақтамалар мен алғыстарға, салалық құрметтерге ие болды.
Отбасының басты қызығы діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасының әсері мол. Оның әрбір мүшесі ата-ананың, баланың, міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз. Ата мен ана–бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі. Қазақ халқы отбасындағы тәрбиені ең бірінші орынға қойған. Ата-ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Ұлын ұлтжанды, қызын инабатты, сыпайы етіп өсіру – ол әр ата-ананың міндеті болып табылады.
Міне, осындай өнегелі отбасында тәрбие алып, ата-анасының аманатын өздері үкілеп өсірген ұрпақтарының санасына сіңіріп келе жатқан Аманкелді аға мен Айзада апайдың ұл-қыздарын халық айтқандай, «Тәрбие көргендер» дейді.
Расында да, әулеттің үлкені Серік «Октябрь топтық су құбыры» мекемесінде инженер, оның зайыбы Аманкүл No250 мектеп-лицейде мұғалім болып қызмет етсе, қызы Шолпан мен оның жұбайы Асхат кәсіпкер. Бауыржаны су шаруашылығының маманы, ал оның зайыбы Ләйлә әлеуметтік қызметкер. Ғалымжаны аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы, зайыбы Айгүл No250 мектеп-лицейде бас есепші қызметін атқарса, Қайыржаны инженер, оның жары Мөлдір қазіргі таңда үй шаруасында. Ал кіші қызы Айкерім облыс әкімдігінде маман болып қызмет етсе, оның жұбайы Қайрат құқық қорғау органында қызмет етеді.
Бүгінде осындай бақытты отбасының жалауын көкте желбіретіп жүрген Ақжігітовтердің өнегелі отбасында 21 немере мен 2 шөбере тәрбиеленуде.
Иә, біздің танымымызда бақытты отбасы – бірін-бірі риясыз жақсы көретін, жақсылық жасауға асығып тұратын, тілеуіңді тілейтін адамдарың. Сонымен қоса, олар тек жақсылықта ғана бірге болмайды, қиыншылықты да бірге өткереді, алға басуға жігер береді. Алла Тағала ол адамдарды сенің өміріңнің бірінші күнінен-ақ байланыстырып қояды. Үлкен бақыт – қандай жағдай болмасын сені жақсы көретін, бар кемшілігіңмен қабылдай алатын адамдардың барына сенімді болу шығар. Ал ондай адамдар сенің ата-анаң мен бауырларың. Жалпы, өмірде бақытты адам бақытты отбасынан шығады. Мұндай ұстамды Ақжігітовтер әулеті өмірлік ұстаным еткен отбасы.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ