«Ағадан алған тәрбиеміз өмірімізге сабақ болды»
qarmaqshy-tany.kz Өткен жыл соңында мәдениет үйінде аудан әлеуеті мен экономикасына еңбегі сіңген бірқатар озат қызметкерлер марапатталып, жыл үздігі атанды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласына үлес қосқан мамандар да елдің құрметіне бөленіп, сахна төріне көтерілді.
Сайдың тасындай іріктелініп алынған саланың мықты мамандары дәстүрлі түрде беріліп келе жатқан республикаға белгілі азамат, қоғам қайраткері, білікті басшы бола білген «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Қылышбек Әбішев атындағы төсбелгімен мадақталып, 200 мың теңгенің сертификатына ие болды. Солардың қатарында Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас экономисті Берден- бек Рахуовтың да есімі қошеметпен аталды. Б.Әбдіғаниұлы Дүр Оңғар ауылының тумасы. Елді мекендегі No107 орта мектепті жақсыға бітірген жас түлек білім алуды мақсат етіп, Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің «Бухгалтерлік есеп және аудит» бөліміне оқуға түсіп, оны 2001 жылы аяқтап шығады. «Экономист-бухгалтер» мамандығын алған жас жігіт осы жылы «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қоштай Бәйменов басқаратын No5 өндіріс бригадасына есепші болып жұмысқа қабылданады. Есепке ептілігін, шаруаға іскерлігін көрсете білген жас маманның болашағына сеніммен қараған серіктестік басшылығы оны 2002 жылы шаруашылық кеңсесіне стажер-экономист қызметіне ауыстырса, бір жылдан соң бас экономист етіп тағайындайды. Осы кезден бастап қазірге дейін жауапкершілігі жоғары қызметті қалтқысыз атқарып, ауыл экономикасының өсіп-өркендеуіне табандылықпен еңбек етіп келеді.
– Мамандықтардың арасында бухгалтерлік көзге аса елене бермейді. Бірақ жұмысы есеп-қисап болғасын, әрбір санға сақтықпен көңіл бөлесің. Қателесуге, мүлт кетуге болмайды. Бір саннан қате кетсеңіз, барлық сан құлайды дегендей ғой. Ол жағын менің әріптестерім жақсы біледі. Қай-қайсымыздың да алдымызға қойған мақсатымыз – Жаңа Қазақстанның экономикасының дамуына барынша күш-жігерімізді жұмсау. Бар ықыласымызбен еңбек ету. Нәтижесін көрсету. Жұмыс барысында шаруашылық басшысымен, ауыл әкімімен ақылдасып отырамыз. Оның ішінде есеп жөнінен жаңа технология енгізу керек болама, жаңа техникалармен жарақтандыру ма немесе нарықтық экономикаға байланысты тиімді өнім өндіру ме, осы және басқа да кеңестер арамызда жүріп отырады. «Еңбек түбі – береке» дегендей, адамзат баласы еңбек етуден шаршамағаны дұрыс. Қандай да бір шаруаны бастамас бұрын, оның нәтижесінің қандай болатынына алдымен анықтап көз жеткізіп алған дұрыс, – дейді Қ.Әбішев атындағы төсбелгінің иегері.
Қылышбек ағамызды дүйім жұрт жақсы таниды, біледі десек те артық емес. Әсіресе оның сонау тоқырау кезеңінде елдің алдында халықтық мәселелерді көтеріп, оның шешілу жолын ұсынғаны да ел есінде болар. Ауылдың ақсақалды қарты мен еңбектеген баласына дейін басын иіп қызмет етіп, елді мекеннің тұрмыс-тіршілігінің нығаюына, ауыл халқының бірлігі мен ырыс-ынтымағының артуына өмірін арнаған ағамыздың атындағы төсбелгіні иемдену – үлкен мәртебе, әрине!
– Төсбелгіні кеудеме таққан кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қылышбек ағамыз асқар тау адам ғой. Жыл сайын қанша адамның бойына осындай керемет сезім ұялаған сәтте әкеміздің әруағы бір аунап түсетін шығар. Осындай марапатқа лайық болғаныма өте қуаныштымын. Ол кісіні әкеміз деп танимыз. Өз басым сол кісінің серіктестікті басқарып отырған кезінде шаруашылықтың атынан оқығанмын. Алғашқы еңбек жолым сол кісінің тұсында басталған-ды. Экономист қызметіне де мені өзі қойды. Қарауында жұмыс істегенімді ұмытылмас сәттерге балаймын. Бізді көп нәрсеге баулыды. Ағамыздың уәде берсе, оны орындайтыны, ізденімпаздығы, егін шаруашылығын мықты меңгерген маман екенін дәлелдегені – сол кісіге тән керемет қасиеттер болатын. Одан алған тәрбиемізді біздер (серіктестіктегі азаматтар) өмірімізге сабақ деп есептейміз. Сол кісінің ізін басар азамат болсақ деп армандаймыз. Атқарған істерін біз де әрі қарай жалғастырсақ дейміз, – дейді ол зор тебіреніспен.
Берденбек Әбдіғаниұлы отбасында ардақты әке, аяулы жар. Жан жары Гүлнұр Жұмабековамен 2001 жылы отау тігіп, жанұя құрған. Өмірлік серігі 2005 жылдан бастап ауыл орталығындағы No11 балабақшасында медбике болып абыройлы қызмет етуде. Берекелі жанұяда қазіргі таңда Дильназ, Дінмұхаммед, Әлиасқар есімді өнегелі ұрпақ өсіп-өніп келеді.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК