Он төрт құрсақ көтерген ана
qarmaqshy-tany.kz 60 мыңнан астам қой өсіріп, күллі қазақ жұртшылығына танылған, Ресей астанасы Мәскеудегі ауылшаруашылығы көрмесі төрінен орын алған Қармақшы ауылы талай дарын иелері үшін атамекен екені рас.
Бұл киелі мекенде өздерінің саналы өмірін туған елінің өсіп-өркендеуі жолында тер төге еңбек еткен атпал азаматтармен бірге аналарымыз да еңбек етті, ел құрметіне бөленді. Оның ішінде, ауылдағы демографиялық ахуалды көтеруде аналардың үлесі зор. Бүгінгі таңда ауылда Рысты Тоқшылықова, Патыма Махамбетова, Әмина Сәденова және бар саналы өмірін ауылдың өсіп-өркендеуіне, оның ішінде мал шаруашылығына сүбелі үлесін қосқан Аманкүл Берманова, Әлимаш Жаңқасқаева, Базаркүл Қалағанова, Жұмагүл Қалағанова, Лиза Басанова, Маруся Мұхамбетиярова, Ақберген Үсенова, Бақыт Ділмаханова мен Маржан Смадиярова сынды «Алтын алқа» иегерлері бар. Сондай алтын құрсақты аналар қатарында ауылдың байырғы тұрғыны Кәтіш Әсенованың орны ерекше.
Ұлы Отан соғысы басталардан 19 күн бұрын Әбдірасыл атамыз бен Дәмелі анамыздың отбасында дүние дидарын ашқан Кәтіш апаның балалық шағы ауылдың өзге балалары сияқты өте қиын жағдайда өтті.
«Бізді жұрт «соғыс балалары» деп атайды. Өйткені біз сол зұлмат жылдардың зардабын көріп өстік. Есімді білмесем де соғыс аяқталған жылдары анамның үнемдеп аузымызға салған қара нанның дәмін таттық. Әкем 1942 жылы майданға аттанды, бірақ ол кейін хабар-ошарсыз кетіп, майданнан қайтпады. Ол кісінің өлгенін, я тірі екенін осы күнге дейін білмеймін», – деп бастады әңгімесін Кәтіш апа.
Ия, халықтың асыға күткен соғысы да аяқталып, елімізде бейбіт өмір басталды. Соғыстан қайтқан майдангерлер халық шаруашылығын қайта қалпына келтіруге кірісті. Кәтіш апайымыз да ауылдың өзге балалары сияқты мектепте білімдерін жалғастырды.
«Орнында бар оңалар» деп дана халқымыз айтқандай, жылдар өте мектепті тәмамдаған Кәтіш Әбдірасылқызы алғашқы еңбек жолын ауылда бастап, көп ұзамай ауыл баласы Әбдіқаппар Үркенбаевпен өмірін байланыстырады. Оған да 60 жылдан асты.
Алғашқы кезде еңбек жолын фермада сауыншылықпен бастаған ол бірер жылдан кейін көлік жүргізуші болып нәпақасын тауып жүрген отағасы Әбдіқаппар ағамен ақылдаса келе екеуі ауыл басшыларының қолдауымен мал бағуға шығады.
Халық арасында «Қарақұм емес, қарағым» деп аталып кеткен ауыл шопандарының құтты мекені Қарақұмда орналасқан «Жауғашты» атты Орынбек Өткелбаев басқаратын No1 қой фермасында шопан болып еңбек жолын жалғастырды.
«Еңбекке араласа бастаған жылдарда ауыл фермасында Аманкүл, Зейнеш, Рәзия, Рысты және басқа да қыз-келіншектермен бірге жұмыс істедім. Ол кезде сиырды қолмен сауатын едік. Қиын болғанымен білмеймін, күніміз қызықты әрі тез өтетін. Ол жылдар бақытты сәттерге толы кезең еді. Бүгінде сол құрбыларымның бірі бар да бірі жоқ. Кейде сол жылдарды қатты сағынамын», – деп көз жасын бір сығып алып, әңгімесін жалғастырды апамыз. «Содан отағасымен ақылдаса келе ауыл басшыларының ұсынысымен мал бағуға шықтық. Мен – шопан, ағаң – көмекшім. Иә, иә. Мен бастық, ол менің жұмысшым» деді маған күле қарап. Табиғаты керемет, ауасы қандай таза, шөбі шұрайлы, көлдері тып-тұнық «Жауғаштыда» Телқара, Тұрақ, Аманкелді, Бақыт-Манат сияқты шопандармен қонысымыз бір болған жылдар да өте қызықты болды. Еңбегім де Үкімет тарапынан еленді. 1973 жылы коммунистік партия қатарына қабылдандым. Жыл өте Қызылтам елді мекені атынан ауылдық кеңеске депутат болып сайландым. Бірнеше рет «Социалистіқ жарыстың жеңімпазы», «Бесжылдықтың жеңімпазы» деген төс- белгілердің иегері атандым. Одан да құрметті марапаттардан құр қалмадым. Аудан, облыс, тіпті Мемлекет басшысының да құрметіне бөлендім. Ал менің өміріме бақыт сыйлаған – ол Алла Тағала сыйға берген ұрпақтарым», – дейді алтын құрсақты Кәтіш апа.
Батыр ана отағасы Әбдіқаппармен бірге 14 ұл-қызды тәрбиелеп, олардың қоғамнан өз орындарын қалап алуларына еңбек сіңірді.
Отбасының үлкені Құлтайы мен Гүлмирасы өмірден өткен. Бірақ балалары ата-ана жолын жалғастыруда. Содан кейінгі Әскер мен Әбілсейіт, Боранкүл Байқоңырда, Гүлзира мен Рүстем, Дархан және Кенжегүл Алматыда өздері таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуде. Рысқалиы Жалағашта, Ләйласы Жосалыда, Мирамбегі Қызылордада, ал Жұмабайы мен Жұмабегі ауылда анамыздың қолқанаты болып жүр.
Иә, әлемдегі ең сұлу да керемет атау – Ана. Оның қадірі мен қасиетін түсіну мүмкін емес. Өйткені түн ұйқысын төрт бөліп, сіз үшін өл-өлгенше жанын беретін ананың балаға деген махаббаты мәңгілік.
Сондықтан да «Жұмақтың кілті анаңның табанының астында» деген сөздің мәнін ашу үшін анаңызды Меккеге үш рет апару аздық етеді. Ана бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетуші жер бетіндегі ең қасиетті адам. Оның алақаны тікеннің өзін жұмсартып, асаудың өзін жуасытар құдіретке ие. Жүрегінің кеңдігі сондай өз баласына ғана емес әлемнің баласына орын бар. Өйткені ана мен бала бір-бірі үшін жаралған қос сөздегі бір ұғым.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ