Аудан ажарын жарқын жобалар ашады
qarmaqshy-tany.kz Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановтың Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы No826 Жарлығына сәйкес, аудан тұрғындары алдында ІІІ тоқсан бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп беру кездесуі Жосалы кентінде жалғасты.
Кездесуде алғашқы болып сөз алған Жосалы кентінің әкімі Шыңғыс Сыдықов кент бойынша есепті кезеңде атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жылға жоспарланған жобалар жайында хабарлама жасады.
Кент әкімі хабарламасында Жосалы кентінде 1765 жеке тұлға кәсіпкер болып тіркелгенін, оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер саны 1593 бірлік екенін, осы жылы қаржы ұйымдары тарапынан 241 жобаға 650,4 млн теңгенің несиесі, оның ішінде 193 жобаға қайтарымсыз грант беріліп, 290 адам жұмыспен қамтылғанын айтты. Инфрақұрылымға байланысты Жосалы кентіндегі 137 көшенің бүгінгі күнге 69-ы асфальтталғанын, 50 көшеге қиыршық тас төселгенін және 18-і топырақты көшелер екенін жеткізді.
Әкім хабарламасында «Биыл аудандық бюджеттен Тайшық би көшесіне қиыршық тас төселіп, асфальтталды. 3100 шаршы метр жаяу жүргінші жолы мен аяқ су арығына 648 метр бетон лоток салынды. Аманкелді көшесіне де дәл осындай жұмыстар жүргізуге аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, оған көшенің көне асфальтын тазалап, екі жағына бордюр қойылды. Жаяу жүргінші жолына құм төселіп, бордюр орнатылды. Аяқ су арығына лоток орнату жұмыстары аяқталды. Аталған жоба 2023 жылға өтпелі, сондықтан 2023 жылы пайдалануға берілетін болады. Ал, Аманкелді көшесінен шыққан көне асфальт Наурыз және Қаракөзеев көшелеріне төселді. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға екі көше, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 12 көшеге қиыршық тас төселді. Осы конкурстардан үнемделген қаржы есебінен қосымша Момышұлы көшесінің аяғы мен Сырлытам, Батыс тұйығы көшелерін жөндеуге мүмкіндік болды. Көлік кептелісін азайту мақсатында өткен жылы Жандос, Рүстем, Аягөз, Сырдария сауда үйлерінің алдына автотұрақ салынған болатын. Биыл да бұл жобаны жалғастырып, Көшербаев көшесінің бойындағы Жастар үйі мен Халық банк мекемесі аралығына 300 шаршы метр жерге автотұрақ салынып, аяқ су арығына бетон лоток орнатылды. Қазіргі таңда Жосалы кентінде түнгі жарық жүргізілген 62 көшеде 1790 жарық шам бар. Биыл көше жарығына техникалық қызмет көрсетуге бөлінген қаржыға 274 түнгі жарық шам ауыстырылды. Сонымен қатар, Шығыс каналы арқылы 53 көше аяқ сумен қамтылды. Шығыс каналының 800 метр қашықтығына темір бетонды лоток орнатылды. Мұратбаев, Рысқұлов каналдарына да электрлі насос пен трансформатор қойылды.
Келесі кезекте аудан орталығын көркейту, әсіресе саябақтарды күтімге алу үшін Астана, Қызылорда қалаларында көгалдандыру саласында тәжірибесі мол жеке кәсіпкер «Garden Қызылорда» мекемесімен келісім шартқа отырдық. Мекеме ыстыққа төзімді келетін 2000 түп тал көшетін отырғызып, күтімге алды. Оның ішінде 100 түп жеміс ағашы бар. Қазір аталған өсімдіктердің шығымы жақсы. Алдағы уақытта бұл тәжірибені басқа да саябақтарға қолдану жоспарда бар. Ал енді тазалық жайына тоқталсақ, елді мекеннің көшесін жөндеп, саялы бақтар салып, түнгі жарықпен әсемдегенімізбен оның тазалығы болмаса, жұмысымыз нәтижелі болмасы анық. Осы ретте, тәртіпке бағынбаған 474 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, қараусыз көшеде жүрген үй жануарлары, жаяу жүргінші жолдарын ластап, жол-көлік оқиғасына әсер етіп, адам өміріне қауіп төндіруде. Осы бағытта 208 әкімшілік хаттама толтырылып, 65 азаматқа айыппұл салынды. Жалпы тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін кенттің инфрақұрылымымен қатар абаттандыру – басым бағытымыз. Осы жылы Сексенбаев көшесіне абаттандыру жұмыстары жүргізілді. ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты нақты шаралар қабылдап, Жосалы кентінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Өткен жылы бес жерге шағын балалар ойын алаңын орналастырған болатынбыз. Дәл осындай шағын балалар ойын алаңы Қорқыт стансасына және Жосалы кентінің шет аймақтарының біріне салуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Аталған нысандар жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Биыл да осы салаға басымдық беріліп, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Ы.Қасымов көшесі бойынан балалар ойын алаңы халық игілігіне пайдалануға берілді. Төрт аулалық футбол алаңының жасанды жасыл төсеніштері жаңаланды. Марал ишан мешітінің орнынан демеушілікпен ойын алаңы балаларға тарту етілді. Ел іші болғаннан кейін түрлі мәселенің болуы заңдылық. Жосалы кентінің әкіміне өтініш, талабын, ұсынысын жеткізгісі келген әрбір тұрғынға бекітілген қабылдау кестесінде ғана емес, барлық жұмыс күнінде келуіне ешқандай кедергі жоқ. Себебі, тұрғындар пікірлері мен ұсынысы маңызды. Сол арқылы көптеген мәселе шешімін тауып, жаңа жобалар іске асырылады. Жыл көлемінде тұрғындармен өткен есепті кездесулерде көтерілген мәселелер кент әкімінің жылдық іс-шара жоспарына енгізіліп, бақылауға алынды. Соның ішінде Жосалы кентіне қатысты Мүсірбаев тұйығы көшесін жөндеу, Айсауытов көшесіндегі аяқ су арығына бөгет орнату жөніндегі түскен ұсыныстар орындалды. Жағдайы жоқ 8 отбасыға демеушілік есебінен газ пеші сатып алынды, екі отбасының газ кіргізіп беру өтініші қанағаттандырылды. 30 отбасына ағаш отын берілді» деді.
Одан әрі сөз тізгінін өзіне алған аудан басшысы Әділбек Ерсұлтанов өңірде есепті кезең бойынша ел экономикасының өсу динамикасының бүгінгі ахуалын айта келе атқарылған жұмыстарды да тізбектеді.
Атап айтқанда, «Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үй мен Ақай ауылдық округінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатса, білім саласы бойынша Ақжар ауылындағы No28 мектеп, Төретамдағы No85 мектеп және Жосалы кентіндегі No121 мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Төретам кенті мен Ақай ауылында газ тарату желілерінің, сонымен қатар аудан орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге Жосалы кентіндегі Шығыс каналына темір бетонды лоток орнатылды. No30 орта мектеп пен аудандық аурухана газ желісіне қосылды. Ал, енді кәсіпкерлік саласына келсек, аудан бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектісі – 4816, оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны 4445 бірлікті құрады. Кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған адамдар саны биылғы жылдың 2 тоқсанында 5022 адамды құраса, өндірілген өнім көлемі 4,4 млрд теңге болды. Осы жылдың 11 айында барлық бағдарламалар шеңберінде 111 жоба 1 млрд 900 млн теңгеге несиелендірілсе, 504 жобаға 621,2 млн теңгенің гранты берілді. Биыл «Микробизнес Қызылорда» өңірлік бағдарлама шеңберінде кент бойынша 11 жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасымен 19 жоба қолдау тапты. Ал «Атамекен» микроқаржы ұйымы арқылы 9 жоба несиелендірілді. Аграрлық несие корпорациясының «Іскер» бағдарламасының шеңберінде 7 жоба, «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде 6 жоба қаржыландырылды. «Ұлттық жоба» шеңберінде әлеуметтік әлсіз топтар санатына кіретін жұмыссыз 193 азаматтың бизнес бастамаларына грант берілді. Келесі кезекте, ауылшаруашылығы саласында биыл 24 326 гектар егістік алқапқа түрлі дақыл орналастырылды. Оның ішінде, күріш көлемі 12773 гектар.
Су тапшылығы жағдайында қашыртқы суын қайта пайдалану үшін егістік жерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында 39 дана және үйіргелік жерде өсірілген көкөніс, жеміс-жидек өнімін аяқ сумен қамтамасыз үшін 18 дана, барлығы 57 дана насос жұмыс істеді. Мал шаруашылығында да өсім байқалады. Төрт түлік бойынша өсім орташа 7,3 пайызды құрайды. Атап айтқанда, 2021 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 0,7 пайызға, қой 1,8 пайызға, ешкі 13,6 пайызға, жылқы 22,2 пайызға, түйе 8,5 пайызға, құс 9,8 пайызға көбейді.
Жол мәселесі жайында сөз қозғар болсақ, Жосалы кентінің 17 топырақты көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 14 көше пайдалануға берілді. Ал 3 көшенің жоспар бойынша жұмысы желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Сонымен бірге, 2021 жылы бөлінген «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы Абай көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жарықтандыру мәселесінде Аманкелді көшесіндегі көше жарықтарының электр желісі жаңадан жүргізіліп жатса, абаттандыру төңірегінде көтерілген мәселелер бойынша Жосалы кентіндегі 4 футбол алаңына газон төселді. Балалар жылы аясында Қуаңдария, Дауылкөл, Ақтөбе, Жаңажол, Қармақшы ауылдары мен Жосалы кентінде балалар ойын алаңдары демеушілер есебінен ел игіліне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округінде «Оңталап» шаруа қожалығының демеушілігімен ірі көлемде балалар ойын алаңы және Төретам кентінен балалар мұз айдынының құрылысы жүргізілуде. Жосалы кентіндегі Көшербаев көшесіне автотұрақ және темір бетонды лоток орнатылды. Аудан орталығының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында Жосалы кенті әкімі аппаратына «ППМ-2000» тіркемелі сыпырғыш машинасы сатып алынды. Аудан бойынша қайырымдылық шараларын ұйымдастыру мақсатында тұрақты азық-түлік себеті таратылса, аудан бойынша 2785 отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді. Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туғанына 140 жыл толуына арналған республикалық жыршы-жыраулар фестивалі ұйымдастырылса, «Жаңақала» кеңшарының негізін қалаушы Қаратай Қуаңбаевтың 100 жылдығына арналған облыстық мәдени шара өткізілді. Ал спорт саласы бойынша осы жылы жерлестеріміз Қазақстан Республикасының чемпионаты мен Кубогында 16 алтын, 6 күміс, 16 қола медаль, Азия біріншілігінде 1 қола, Әлем біріншілігінде 3 алтын, Әлемдік Гран-при турнирінде 1 қола жеңіп алды. Қармақшы ауданының жас спортшысы Әлихан Әлиасқаров «Бала барысы – 2022» атанды», – деді аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов. Есепті кездесуде кент тұрғындары Қуаныш Төреев, Амандық Алтынбасов, Қуантай Тұржанов, Сайлау Тыныштыбаев және басқалар көкей лерінде жүрген сұрақтарын қойып, аудан және Жосалы кенті әкімдерінің нақты жауаптарын алды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ