Тұрғындар талабы орындалуымен маңызды
qarmaqshy-tany.kz Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановтың өңір тұрғындары алдында ІІІ тоқсан бойынша есеп беру жиыны Ақай ауылында өтті.
Жиында ауыл әкімі Эльмира Қазиева ауылдық округ бойынша есепті кезеңде атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларды тізбектеді.
Содан соң сөз алған аудан басшысы елді мекен тұрғындарын өңір жаңалықтарымен таныстырды. Ақай ауылы бойынша газдандыру шешімін тапты. Бүгінде ол жұмыс ойдағыдай орындалып, сонымен қатар ауыл орталығында денешынықтыру және сауықтыру кешені салынып жатқанын, ол алдағы жылы ел игілігіне пайдалануға берілетінін жеткізді. Әкім хабарламасында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша алдағы жылы Қазбек би, Баймаханов, Құдайбердиев көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы жылыжай, кондитерлік өнімдер мен халық күнделікті тұтынатын басқа да тауарларды өндіру орындары ашылып, ауылдың өркендеуіне үлес қосып жатқанын әңгімеледі. Одан бөлек, ауданның және Ақай ауылының әлеуетін арттыруда алдағы жылы атқарылатын ауқымды жұмыстарды да атады.
Есепті кездесуде Жақсылық Қыпшақбайұлы, Әнуар Дәуленбаев және басқа да тұрғындар ит ату, аяқ су, жарық бағасы, басқа да мәселелер бойынша талап-шағымдарын жеткізіп, аудан және ауыл әкімінен нақты жауаптарын алды.
Есепті кездесу соңында аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов бір топ ауыл тұрғынын қабылдап, онда көтерілген мәселелер бойынша заң аясында жауап берді.
Аудан басшысының тұрғындармен өткізген келесі кезектегі есеп беру жиыны Төретам кентінде жалғасты.
Алдымен кент әкімі Ғалымжан Елеусінов Төретам кентінің экономикасын нығайту және тұрғындар әлеуетін арттыру аясында ІІІ тоқсан бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, келер жылға мақсатталған жобаларды баяндады. Оның ішінде кент көшелерін жөндеу, жарықтандыру, оны күтіп-ұстау және кентті көркейту мәселелері төңірегінде атап өтті. Кентте шағын және орта кәсіпті дамыту тұрғысында да жүзеге асырылып жатқан іргелі жобалар жайын сөз етті.
Есеп беру жиынында аудан басшысы Әділбек Ерсұлтанов төретамдықтарды өңірде жүзеге асырылып жатқан жағымды жаңалықтармен қанықтырды. Нақтысын айтқанда, кент көшелерін жарықтандыру, жөндеу, елді мекенді газдандыру және тұрғындар әлеуетін арттыруға арналған басқа да игі істер жайында әңгіме тінін тарқатты. Атап айтар болсақ, кент кәсіпкерлері тарапынан бірнеше кәсіпкерлік қызмет көрсету нысандары ашылғанын және тұрғындарды көптен мазалап жүрген санитарлық тазалық мәселесі бойынша биыл кенттегі көпқабатты тұрғын үйлер ауласында орналасқан лас суды тазалауға мемлекеттік сатып алу арқылы жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын әңгімеледі.
Есепті кездесуде кент тұрғындары Жағыпар Арқабаев, Әділбек Өтебаев, Өмірбек Әзірбаев, Меткүл Аралбаева, Смағұл Аралбаев, Әділбай Нұрадиновтар көптен көкейлерінде жүрген сауалдарын, оның ішінде кенттен жаңадан таза су құрылғысын салу, мал жайылымы мен қоғамдық жұмысқа орналастыру және басқа да көкейкесті мәселелер төңірегінде көтерілген сауалдарға аудан, кент әкімдерінен тұшымды жауап алды.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды өтініштері бойынша қабылдады.
Аудан басшысы Әділбек Ерсұлтанов Төретам кенті тұрғындарына өткізген есепті кездесу алдында заман талабына сай жаңа кейіпке енген No85 орта мектепте болса, сондай-ақ көшелерде жүргізіліп жатқан кентті газдандыру жұмыстарымен танысты.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.