Саяси науқан сенімділік берді
qarmaqshy-tany.kz Қазіргі уақыт дүниенің дүрбелеңге түсіп тұрған шағы. Осындай мың құбылған заманда Қазақстан үшін ең басты мәселе – елдің тыныштығы. Ал мұндай сындарлы сәтте біздің мемлекетімізге беделді көшбасшы, көреген саясаткер, ұстамды дипломат қажет. Біздің бүгінгі таңдауымыз – «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», тұрақтылықты сақтай білетін тұлға болу керек. Осы себепті, бұл жолғы Қазақстандағы саяси науқанның орны айрықша. Біз жаңа ғасырдағы жаңа қоғамға бет бұрып бара жатқан елміз.
20 қараша Тәуелсіздіктің 30 жылдық кезеңінен кейінгі ел өміріне жаңа серпіліс, жаңа өзгеріс әкелетін елеулі күн ретінде тарихта қалды. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы күні өз дауыс беру учаскеме барып таңдауымды жасадым. Менің бұл таңдауым – Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құру жолындағы реформаларды, елдегі оң өзгерістерді қолдаудан туындаған таңдау.
Сондықтан бұл күнді елдің психологиялық ахуалын жаңа арнаға бұратын саяси өзгерістер, тұрмысын жақсартатын экономикалық өзгерістер осы кезде басталып жатқан сәт ретінде сезіндім.
Айналамдағы дауыс берген сайлаушылардың көздерінен де, айтылып жатқан жарқын-жарқын сөздерінен де ертеңгі күнге деген зор сенім шуағын аңғардым.
Дауыс беру қорытындысы қазақстандық қоғамның ауызбірлігі мен ынтымағының айқын көрсеткіші болып табылады. Бұл әлеуметтік әділеттілікке, жалпы бірегейлікке және табысты болашаққа жасалған батыл қадам.
Сол себепті де алдағы жеті жыл талай жылдарға татитын тағылымды істерге толы, қазіргі геосаяси күрделі кезеңде елдің бірлігін нығайтып, әлеуметтік әлеуетін арттыратын жылдар боларына сенемін.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
«Ұлт бірлігі – Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің