«Бүгінгі күн – мемлекетіміздің алдағы жеті жылдағы даму бағытын айқындайды»
Бүгін түс ауа танымал журналист, Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының жеңімпазы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Халық алғысы» медалінің иегері Нұрсұлтан Мықтыбай да өз таңдауын жасады. Ол аудан орталығындағы Т. Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде орналасқан №99 сайлау учаскесінде дауыс берді.
– Туған елінің, өзі тұрып жатқан жерінің болашағына бей-жай қарамайтын әрбір азамат бүгінгі маңызды саяси науқаннан қалыс қалмауы керек. Себебі, сенің дауысың – сенің болашағың. Мен де елімізде өтіп жатқан осынау маңызды күнде, нақтырақ айтқанда, ел тағдыры талқыға түсіп жатқан сәтте өзімнің таңдауымды жасауға, азаматтық көзқарасымды білдіруге келдім. Жасыратыны жоқ, біздің болашағымыз – бүгінгі таңдауымызға байланысты. Сондықтан, мен Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан үшін дауыс бердім. «Қаңтар оқиғасынан» кейін елімізде бұрын-соңды болмаған тың реформалар жасалып, өзгерістер орын алуда. Бұл өзгерістер тек саяси, экономикалық, әлеуметтік салада ғана емес, барлық мемлекеттік құрылымдарда, жүйелерде жасалып жатыр. Мен мұны журналист ретінде ғана емес, Қазақстанның қарапайым тұрғыны ретінде жан-жүрегіммен сезініп келемін. Елімнің азаматы ретінде осындай оң өзгерістердің жалғасқанын қалаймын, – деді әріптесіміз.
Ерекше атап өтерлігі, Нұрсұлтан өзінің туған топырағы – Жосалы кентінде алғашқы рет өз таңдауын жасап отыр екен.
– Бір қызығы, туған жерім – Жосалы кентінде алғашқы рет дауыс беріп отырмын. Бұған дейін, яғни, студенттік жылдарда, кейіннен қызмет бабымен Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларында өз таңдауымды жасаған едім. Бүгін, міне, сәті түсіп туған топырағымда дауыс беру бұйырыпты. Жалпы, бүгінде жаһандағы геосаяси ахуал нашарлап, шиеленісе түскен кезде Қазақстан азаматтары еліміздің немесе әлемнің қай түкпірінде жүрсе де өз таңдауын жасауға тиіс. Осындай маңызды сәтте халқымыз «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бірігуі керек. Сонда ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткіземіз. Бүгінгі күн, сөзсіз, мемлекетіміздің алдағы жеті жылдағы даму бағытын айқындайды, – деді ол.
Жерлесіміз сөз соңында өзінің барша замандастарын бүгінгі сайлауда белсенділік танытуға шақырды.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА