Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жалғаса береді
qarmaqshy-tany.kz Өткен аптада аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес өңір тұрғындары алдындағы есепті кездесуі Дауылкөл, Ақжар және Ақтөбе ауылдық округтерінде жалғасты.
Алдымен аудан басшысы Әділбек Ерсұлтанов Тұрмағамбет ауылында тұрғындарға берген есебінде Дауылкөл ауылдық округінің әкімі Мұрат Алдамұратовтың есепті кезең бойынша атқарған жұмысына назар қойды. Оның ауыл бойынша атқарылған жұмыстары мен алда атқаратын жұмыс жоспарын зерделеді.
Әкімнің айтуынша Дауылкөл ауылдық округінде бүгінгі күнге тіркелген кәсіпкерлік субъекті саны 81, оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны 77. Осы кәсіпкерлік субъектілердің ауылдың тыныс-тіршілігіне, дамуына қосып отырған үлесі сүбелі.
Келесі кезекте аудан басшысы Әділбек Бөрібайұлы Ақжар ауылдық округінің әкімі Нұржамал Бектайқызының есепті кезеңде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыстық деңгейін жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарына көңіл бөлді. Алдағы атқарылар жоспарларды саралап, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне зейін қойды. Атап айтсақ, ауылдағы ең маңызды мәселенің бірі – дәрігерлік амбулатория салу бойынша оның құрылысына жоба-сметалық құжаттамасына облыстық бюджеттен қаржы бөлінгенін және алдағы уақытта жоғары тұрған бюджеттерден қаржы сұратылып, ол бөлінген жағдайда жұмыстар атқарылатыны айтылды. Сонымен бірге Ж.Жабаев көшесіне жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жобаның «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылға жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты.
Сонымен қатар Ақжар ауылдық округінде салыстырмалы жағдайда кәсіпкерлік субъекті саны 86, оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны – 79.
Дауылкөл және Ақжар ауылдық округтерінде өткен кездесулерде аудан басшысы Әділбек Ерсұлтанов аталмыш елді мекендер бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жоба аясында өз ісін жаңадан бастаймын деген жұмыссыз бірнеше азамат мемлекеттік грант жеңіп алғанын және осы тұрғыда әлі де екі елді мекеннің жұмыссыз жүрген азаматтарын мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер алып, кәсіппен айналысуға болатындығын тілге тиек етті.
Келесі кезекте аудан әкімі Ақтөбе ауылдық округінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Аудан басшысы ауыл тұрғындарымен жүздесу барысында биылғы жыл Ақтөбе ауылы үшін жемісті болғанын, яғни егін шаруашылығы саласы бойынша білікті сала маманы Нұрлан Іздібаев басқаратын «Ақтөбе и К» ЖШС облыс бойынша «Озат егін шаруашылығы» болып табылып, І дәрежелі дипломмен, «Оңталап», «Дөйт» шаруа қожалықтары «Озат шаруа қожалықтары» ретінде І және ІІ дәрежелі дипломмен марапатталғанын айтып, аталмыш егін шаруашылығы құрылымдарына өзінің ыстық ықыласын жеткізді.
Сондай-ақ ауылдық округтің әкімі Данияр Ахметов халық алдында есеп берді. Ауыл бойынша ұзындығы 2 шақырым болатын Т.Салқынбайұлы көшесін орташа жөндеуге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылға республикалық бюджетке өтінім өткізілгені және ауылдық округтегі көшелерді жарықтандыру мақсатында аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, ол қаржы жыл бойы көше жарықтарын күтіп-ұстау шығынына жұмсалатынын айтты.
Есепті кездесуде аудан басшысы Әділбек Бөрібайұлы ауыл тұрғындары алдында өңірде атқарылған шаруаларды саралап, келешектегі мақсатты жұмыстар жайын әңгімеледі. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан көтерілген көкейкесті мәселелер бойынша заңдылық аясында тұшымды жауап берді. Кездесу соңында ауыл тұрғындары аудан басшылығына алғаусыз алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Аудан басшысы аталмыш ауылдық округтерде болған жұмыс сапарында тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүзеге асырыла беретінін жеткізді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ