Балқытушыдан бас директорлыққа дейін
qarmaqshy-tany.kz Қазағымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ұлтымызды сақтау, оны одан әрі жалғастыру үшін маңызды болса, заманауи технология, ғылыми прогресс мемлекет дамуы үшін аса қажетті дүние саналады. Сол айтпақшы, елдің экономикалық тұрғыда алға жылжуы мен өркендеуінде ғалымдар мен білікті мамандардың айтарлықтай орны бар десек, мұндай игі іске біздің жерлестеріміз де үлес қосып жүр. Олардың қатарында ауданымыздың тумасы, Қазақстан Республикасы «Атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» Марат Ниетбаевтың есімі де құрметпен аталады.
Қазақта «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген өнегелі сөз бар. Марат ағамыз да текті ұрпақтың өкілі. Оның әкесі Әбен Ниетбайұлы ұстаздықтан бастап, ел басқару ісіне дейін араласқан белді азамат болған. Ауданда комсомол комитетінің ІІ хатшысы кезінде жастардың қоғам өміріне араласуына, белсенділік танытуына атсалысқан. Өкінішке орай, шолақ белсенділердің жаласынан 1937 жылы «Халық жауы» атанып, 10 жылға абақтыға қамалады. Халық жауларына арналған түрмеде ол ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов, Әбзәли Егізбаевтармен бірге отырады. «Аққа құдай жақ» демекші, одан ақталып шыққан соң ел қорғау мақсатында Ұлы Отан соғысына аттанып кете барады. Майданда барлаушы болған ол фашистермен жан алысып, жан беріседі. Неміс басқыншыларын тұтқындағаны және қанды ұрыстағы қайталанбас ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталады. Соғыстан кейінгі жылдары да халық шаруашылығын қайта қалпына келтіруге үлес қосып, бірнеше ауылға төраға болады. Одан бөлек, аудандық тұтынушылар одағына қарасты кооператив басшысы қызметтерін де елдің ықыласына бөлене жүріп атқарады.
Міне осындай арда азаматтың ұрпағы Марат Әбенұлы 1956 жылы қазіргі Ақтөбе ауылында сол уақытта ұжшар төрағасы болған Әбен әкеміз бен жас ұрпақты біліммен сусындатқан алғашқы ұстаздардың бірі, ұлағатты жан Рабиға Тебенованың жанұясында дүниеге келеді. Кейінірек отбасы жұмыс бабымен Жосалы кентіне қоныс аударса, бала Марат та осында ер жетіп, 1973 жылы No27 орта мектепті бітіріп шығады. Онжылдықты ойдағыдай аяқтаған ол алғашқы еңбек жолын «Казсель-хозтехника» аудандық бірлестігінде газ-электр дәнекерлеушісі болып бастайды. Адамға қай кезде де қанат бітіретін арманы ғой. Жұмыс істеп жүрсе де, оның көкейінде тек қана «оқысам, білім алсам» деген арман болған еді. Сол арманы оны алға жетеледі. Еңбектің адал дәмін татқан жас жігітті арман-мақсаты Қазақ политехникалық институтының «Металлургия» факультетінің студенті атандырды.
«Инженер-металлург» мамандығын меңгерген жас жоғары оқу орны тарапынан жолдамамен Шымкент қорғасын зауытына жіберіліп, онда ол No1 балқыту цехына 5-разрядты балқытушы етіп жұмысқа қабылданды. Мұнан соң оның қызметі біртіндеп өсіп, оған үлкен жауапкершілік жүктеледі. Атап айтқанда, балқыту цехының ауысымды басқаратын шебері, цехтың аға шебері, цех бастығының орынбасары, бастығы қызметтерін абыроймен істейді. Алған білімі мен жиған тәжірибесінің арқасында осы зауыттың бас металлургы, өндіріс бөлімінің бастығы, зауыт директоры секілді сындарлы жолдан өтеді. 1992 жылы зауыт акционерлік қоғам болып қайта құрылғанда бас директорлық қызметке тағайындалады. Бес жылдан соң Степногорск қаласындағы «Целинный Тау-кен химиялық комбинатының» басқарушысы, 1998 жылы «Қазатомөнеркәсіп» жүйесіндегі Тау-кен департаментінің директоры, 2004 жылы жаңадан құрылған Тау-кен компаниясының бас инженері, 2006 жылы «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық Атом компаниясының Тау-кен еншілес кәсіпорнының бас директоры лауазымдарында болады. Ал 2011-де «Uranium One Lnc» атты канадалық компанияның өндіріс жөніндегі вице-президенті, 2018-де «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК акционерлік қоғамының өндіріс жөніндегі бас директорлығына шақыртулар алады. 2019 жылы ағамыз жасына байланысты зейнет демалысына шығады.
Әрбір адамның болашағына өскен ортасы, ата-анасы және білім берген ұстаздары әсер ететіні анық. Біздің кейіпкеріміздің де жастайынан алған тәлім- тәрбиесінің келешегіне жарқын жол салғаны анық.
– Ата-анамыз зиялы адамдар болды. Әкеміз ел басқарса, анамыз білім саласында ұстаздық етті. Осындай кісілердің берген тәрбиесімен өмірден өз орнымызды тауып, бір-бір мамандық иесі атандық. Олар отбасы мен Отанға, білім мен еңбекке құрметпен қарауды, кішіге көмектесіп, үлкенді сыйлауды үйретті. Қандай биікті бағындырсақ та қарапайым, әдепті, сабырлы болуды санамызға сіңіріп өсірді. Ата-анамыздың ауыл халқы мен туған-туыс алдындағы абырой-беделі біз үшін маңызды болатын. Сол себепті де оларды ұятқа қалдырмауға тырысып, атымызды жақсы жағынан шығаруға барымызды салып бақтық. Балалық шағым Жосалыда өтті. Сол кезден-ақ доспен адал болуға, көршіге көмектесуге бейім болдық. Тіпті кейбірімен қазірге дейін етене араласамын. Жастық шақтағы бойға сіңген жақсы қасиеттен болар, бүгінде өз перзенттерім де азамат болып ер жетіп, сенімімізден шығып келеді. Өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Студенттік кезде де жолым болды. Мәскеу, Ленинград қалалары мен бұрынғы Кеңес Одағындағы басқа да озық ғылыми- өндірістік ортадан шыққан мықты деген академик-профессорлардан сабақ алдым. Бұл менің білім биігіне ұмтылуыма, жылдам шешім қабылдап үйренуіме өмір мектебі болды. Маған көбіне-көп журналистер тарапынан жауапкершілігі аса қиын да күрделі атом саласын не себепті таңдадыңыз деп сұрап жатады. Жауап берейін. 1980-1997 жылдар аралығында Шымкент қорғасын зауытында цехтың 5-разрядты балқытушы лауазымынан бастап осы ірі кәсіпорынның бас директоры лауазымына дейін өсіп шықтым. Онда алған мол тәжірибем мен металлургия саласындағы білімімнің арқасында мені 1997 жылы Қазақстанның атом саласының негізін қалаушы және «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының тұңғыш президенті Бағдат Мұхаметұлы Шаяхметов атом саласына жұмыс істеуге шақырды. Өзіңіз білетіндей, атом өнеркәсібі уран сияқты металдар тобының элементіне негізделген. Уран атомдарын ыдыратып, энергия алуға болады. Энергия өндірісі – еліміздің атом өнеркәсібінің түпкі мақсатын білдіреді. Ол кезде еліміз уран өндіруші мемлекеттердің алғашқы ондығына да кірмеген-ді. Алайда, атом өнеркәсібі қызметкерлерінің, оның ішінде өз мамандарының күш-жігерімен біз, 2008 жылы уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орынға шықтық. Бұл факт – бәріміз мақтан тұтатын ең маңызды әрі сүйекті жетістігіміз, – дейді Марат Әбенұлы.
Әркімнің өмірде өз жолы бар. Оның дара ету де әркімнің өз қолындағы іс. Осы ретте ғалым ағамыз адамның жетістікке жетуі оның ұстанатын сенім қағидасы көп байланысты дегенді айтады.
– Айналамдағы адамдардың маған деген сенімі, сондай-ақ менің оларға деген сенімім маңызды болды. Сенім дегеніміз – бұл адамда ерте жастан қалыптасатын қасиет. Бала шақта ата-анамыз бен туыстарымыздың отбасы аясындағы сенімін ақтауға қалыптассақ, мектеп пен университетте ұстаздарымыз бен қатар-құрбымыздың арасында жылы қарым-қатынас орнатуға дағдыланамыз. Ал жұмыс барысында басшылық пен әріптестер ортасындағы сенім де маңызды саналады. Бір сөзбен айтқанда, қай тұрғыда да қарым-қатынас өмірімізге әсерін тигізіп жатады. Қарамағыңызда жұмыс істейтін қызметкерлеріңіздің де, жоғарыдағы басшылықтың да сізге деген сенімі, сіздің оларға деген сеніміңіз – бұл ұйымның басшысы ретінде табысты еңбек етіп, жемісті жұмыс істеудің кепілі. Сондықтан да сенім қағидасы – менің өмірдегі басты ұстанымым болып қала береді. Тағы қоса кетерім, кез келген жағдайда (ол қуаныш бола ма, әлде басқалай жағдай ма) адам баласы басқаларды қолдауға дайын болуы керек. Мен қазір лайықты демалыста болғаныма қарамастан, жылдар бойы жиналған кәсіби және өмірлік тәжірибемді отбасыммен, туыстармен, достармен бөліскім келіп тұрады. Себебі, жақсы іс қашан да игілікті қайтарымын береді, – дейді жерлесіміз марқая сөйлеп.
Қай лауазымды да абыроймен алып жүрген Марат Әбенұлы бүгінде «ЮрАзия Энерджи Холдинг Лтд» компаниясының қазақстандық филиал басшысының кеңесшісі қызметін атқарып отыр. Атом саласының білікті маманы ғылыми қызметінде бірқатар патенттелген әдістеме мен өнертабыстар шығарып, жаңалық енгізген. Осындай еңбектің арқасында ол техника ғылымдарының кандидаты дәрежесіне жеткен.
Сала саңлағының металлургия, атом, сондай- ақ ғылым жолындағы ұзақ жылғы ізденісті еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз емес. Ол «Парасат», «Құрмет» ордендерінің, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» медальдарының иегері. Өлшеусіз еңбегіне қарай Қазақстан Республикасы «Атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін иеленсе, Түркістан облысына қарасты «Созақ ауданының құрметті азаматы» атағы берілген.
Марат Әбенұлы қызметінде жанашыр дос, сенімді әріптес әрі серіктес бола білсе, отбасында адал жар, асқар тау әке, 9 немеренің қамқор атасы. Зайыбы Зәмзәгүл Құрайышқызымен бірге ұл-қыз өсіріп, олардан ұрпақ сүйіп отырған салиқалы жандар.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА