Халықпен келелі кездесу басталды
qarmaqshy-tany.kz Биыл Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» жарлығы шыққан-ды. Бейсенбіде аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун ауылдық округтерінде болып, тұрғындар уәжіне құлақ түріп, жергілікті жердегі мәселелерге тереңінен үңілуге кірісті.
Алғашқы сапар Т.Көмекбаев ауылдық округінен басталды. Аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы алдымен ауылда қайта салынып жатқан ауыз су қабылдайтын құрылғының құрылысы жұмысымен танысты. Мұнда бұрынғы су жинайтын мұнараның тозығы жетіп, ескірген. Құрылыс жұмыстарын көру барысында аудан әкімі оның сапалы орындалуын талап етті.
Одан кейін аудан басшысы ауылдық клуб үйінде тұрғындармен кездесті. Жиында алдымен ауыл әкімі Н.Ахметов округ бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Ауылда бүгінгі күнге тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны 50 бірлік болса, оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны – 45. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Іскер» бағдарламасының қайта қаржыландыруы бойынша мал шаруашылығы саласын дамыту бағытында 1 жоба несиелендірілген. Сонымен қатар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жобасы аясында Көмекбаев ауылында өз ісін жаңадан бастаймын деген жұмыссыз 5 азамат құны 6,1 млн теңгенің грантын жеңіп алған. Кездесуде аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов сөз алып биылғы жылдың 9 айында ауданның макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда оң динамика қалыптасып келе жатқанын айтып, соның ішінде Т.Көмекбаев ауылында кезең-кезеңімен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Биыл ауылда ілкімді ірі екі жоба іске асырылатын болады. Оның бірі «Қарақ және Қоңыраулы-Көлдей» су тоспасының құрылысы мен ауыз су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жобасына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ауылға жаңадан клуб үйін салу туралы тұрғындардың сұранысы бойынша аудандық бюджеттен қазіргі таңда қаржы бөлініп, 100 орындық клуб үйі құрылысының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қарауына ұсынылуда, – деді аудан аудан әкімі.
Т.Көмекбаев ауылы бойынша мал шаруашылығында өсім бар. Яғни 1474 бас МІҚ, 1768 бас жылқы, 846 бас түйе, 7570 бас уақ мал тіркелген. Аудандағы төрт түлік санының өсуіне байланысты жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында елді мекендерден шалғай орындардағы көне су ұңғымаларын тазарту арқылы, қайта іске қосу үшін 26 су ұңғымасы құжаттандырылып ұсынылған. Оның ішіндегі 7 су ұңғымасы Көмекбаев ауылдық округінің аумағында.
Кездесуде тұрғындар тарапынан сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды. Ауыл тұрғыны Ұзынжас Жайлыбаев жол мәселесі мен ауылға электр маманы тапшы екенін жеткізді. Сондай-ақ малы бар кәсіпкерлерге жайылымдық жерлер кеңейтіліп берілсе деген ұсыныстар айтылды. Аудан басшысы халық көтерген мәселе ауыл әкімімен бірлесіп шешілетінін мәлім етті.
Кездесу одан кейін Қуаңдария ауылдық округінде жалғасты. Аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы ауыл тұрғындарымен жүздесіп, өзекті деген бірнеше жұмыстардың легіне тоқталды.
– Осыған дейін мамыр, тамыз айларында өздеріңізбен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы міндеттер туралы айтып өткен болатынмын. Биыл ауылдағы ең ірі жоба – 100 орындық клуб үйінің құрылысы. Мемлекеттік сатып алу қорытындысымен бас мердігер «Ахат+ГС» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бұйырса жыл аяғына дейін құрылыс жұмыстары аяқталып, ауыл тұрғындарына пайдалануға берілмек. Одан бөлек Қуаңдария ауылдық округіне қарасты бұлақ су ұңғымаларын мемлекеттік тіркеу және құжаттарын рәсімдеуге аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Бақанды» каналының мелиорациялық жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленуде, – деді аудан басшысы.
Сонымен бірге Қуаңдария ауылының әкімі А.Аймырзаев ауылдық округ бойынша атқарылған жұмыстарға есеп жұмыстарға есеп берді. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде жайылымдық жерлер, кәсіпкерлік субъексубъектілер, жол, жарық мәселесі, ауылды көркейту-көгалдандыру және тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне тоқталды.
Биыл ауыл тұрғындары 25 гектарға егін ексе, оның ішінде картоп 5 гектар, көкөніс 3 гектар, бақша өнімдері 12 гектарды құрап отыр. Тұрғындардың бақшадан алған өнімдері «Алқаптан сөреге дейін» тізбегін-дамыту бағытында жергілікті өнімдерді делдалсыз, сату үшін арнайы орындар әзірленген. Соған сай ауыл тұрғындары Асылбек Мырзахметов пен Баян Исаханова биылғы егілген бақшадан қауыншек тілуді бастаған.
Жиын соңында тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды. Аудан әкімі ауыл тұрғындарының жеке мәселесі бойынша қабылдау өткізді. Кездесуден кейін аудан басшысы ауылдағы 100 орындық клуб үйінің құрылыс-жұмысымен танысып, мердігерге сапалы жұмыс жүргізуді және мерзімінен кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Кезекті сапар Алдашбай ахун ауылдық округінде жалғасып, алдымен ауыл әкімі Н.Тоғызбаевтың округте атқарған жұмысы жөніндегі есебі тыңдалды. Мұнан соң аудан әкімі аудан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Ауылдағы су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жобасына қаржы бөлініп, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы құрылыс жұмыстары басталуда. Одан бөлек ауылдық округке жаңадан балабақша және клуб үйін салуды қажет етеді. Осы мәселені шешу үшін 100 орындық-клуб үйінің құрылыс жоба-сметалық құжатына қаржы бөлініп, құжаты әзірленуде.
Алдашбай ахун ауылындағы Ә.Егізбаев, Омар Шораяқұлы және Түпбөгет көшесіне-ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ әзірленіп, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім өткізілген. Алдыңғы кездесулерде көте- рілген мәселелер ескеріліп, Тәуелсіздік көшесіне ағымдағы жөндеу (қиыршық тас төсеу) жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 9,7 млн теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, жөндеу жұмыстары басталған.
Кездесуде ауыл тұрғындары аяқ су мәселесі шешілсе деген талап-тілектерін жеткізді. Сонымен қатар балалар ойнайтын спорт алаңын қайта жөндеуден өткізуді ұсынды. Аудан басшысы көтерілген мәселелер қаражатқа қарай кезең-кезеңімен орындалатынын тілге тиек етті. Мұнан соң аудан басшысы ауылда су қабылдайтын құрылғының құрылыс жұмысымен танысты. Мердігерге жұмыстың сапалы орындалуын тапсырды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ