Бірлігі бар елде береке болады
qarmaqshy-tany.kz Ұлттық Республика күні мерекесі және даңғайыр ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығы, сонымен қатар «Алтын дән – 2022» егінжай ерлерінің жемісті еңбектерін атап өтуге арналған дәстүрлі мерекелік іс-шара жоғары дәрежеде өтті.
БАЛАЛАРДЫ ШАТТЫҚҚА БӨЛЕГЕН КҮН Биыл елімізде Мемлекет басшысының жарлығымен Балалар жылы болып белгіленді. Осыған сай республикамыздың түкпір-түкпірінде, оның ішінде аймағымызда көптеген ілкімді істер атқарылуда. Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақта осы күнге дейін 80-ге жуық балалардың ойын және спорт алаңы пайдалануға берілді. Олардың қатарында біздің ауданда екі спорт алаңын пайдалануға берсе, жыл соңына дейін тағы да ойын алаңдары іске қосылады деп күтілуде.
Мерекеде Жосалы кентінің «Мөлтек» шағын ауданында орналасқан Ү.Томанов атындағы No183 орта мектепке қарама-қарсы орналасқан және Тайшық би көшесінде ел игілігіне пайдалануға берілген жаңа ойын және спорт алаңына жиналған жұртшылықты аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов Республика күнімен және жаңадан пайдалануға берілген ойын алаңымен құттықтап, ауданда атқарылып жатқан басқа да ауқымды жұмыстарды тізбектеді. Сонымен қатар алдағы аудан халқының әлеуетін көтеруге арналған игі істер жайын сөз етті.
Іс-шарада еңбек ардагерлері Аманкелді Ақжігітов, Орынбасар Сариев және басқалар осындай игі шараны ұйымдастырушыларға ағалық алғысын айтып, ақ батасын берді.
ЖЕМІСТІ ЖЫЛ ЖӘРМЕҢКЕСІ Мереке аясында жылдағы дәстүрмен аудан әкімдігінің қолдауымен, өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының ұйымдастыруымен Жосалы кентінің Е.Сексенбаев атындағы көше бойында аудан диқандарының ерте көктемнен бастап ала жаз бойы үкілеп өсірген ауыл шаруашылығы дақылдарының жәрмеңкесі өтті.
Онда Орынбасар Төлепов, Жомарт Жалғасбаев, Нұржан Пірмантаев, Нұрлан Іздібаев, Бекир Набиев және басқа да ауыл шаруашылығының білікті сала басшылары басқаратын шаруашылықтар өндірген өнімдерін тұрғындарға нарық бағасынан төмен бағаға ұсынды. Атап айтсақ, жәрмеңкеге келушілер «Жаңажол», «Ораз ахун ЛТД», «Тұрмағамбет», «Ақтөбе и К», «Достық Жер МК», «Майлыөзек и К», сонымен қатар «Ақжар» және басқа да жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері әкелген күріш пен жем-шөпті кезекке тұрып сатып алса, Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Қармақшы, Төребай би, Иіркөл ауылы кәсіпкер-диқандары әкелген балық, ет өнімі мен уақ малын сатып алушылар табылып жатты.
Ал, Төретам, Жосалы кенті, Ақай ауылы кәсіпкерлері өндірген, дәмі тіл үйіретін кондитер өнімдерін де жосалылықтар үлкен сұраныспен сатып алды. Жәрмеңкеде мал азығы – жем-шөпке де сұраныс көп екенін байқадық. Өйткені сала мамандарының айтуынша шаруашылықтардан әкелінген шөпке ерте азанмен кент тұрғындары кезекке жазылып, сатып алған. Кент тұрғыны Сейітбек Піржанов жәрмеңкеде өзіне керекті жем-шөп, бір қап күріш сатып алғанын айта келе егінжай ерлеріне алғаусыз алғысын білдірді. Келер жылы да егін науқанының жемісті болуына тілектестігін жеткізді.
– Ауданның бас басылымы – «Қармақшы таңы» газетінен хабардар болғанымыздай, биыл өңірдің диқан қауымы үлкен жетістікке қол жеткізуде. Оның ішінде Нұрлан Іздібаев ініміз басқаратын шаруашылық облыс бойынша «Озат егін шаруашылығы» аталымын иеленді. Алла олардың игі ісін алдағы уақытта да қолдап, жеңіске жете беруіне тілектеспін. Жәрмеңке өте жоғары дәрежеде өтуде. Азанмен келген сияқты едім күріш пен жем өтіп кетіпті. Бірақ жаңажолдықтардан бір қап күріш және асқабақ сатып алдым. Жуаның келісі 80 теңге, картоптың келісі де базар бағасынан едәуір арзан. Олардан да бір-бір қаптан сатып алдым, – дейді кент тұрғыны Алтынкүл Есетова.
Бұл тұрғыда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әсет Тұрмаханұлының өз айтары бар.
«Биыл ауданымыздың егінжай ерлері үшін табысты жыл болды. Өлкеміздің дала дарабоздары өздеріне бекітілген егістік алқапқа орналастырған күріштіктің әр гектарынан 60 центнерден жоғары өнім алып, аудан бойынша озаттар қатарынан орын алды. Атап айтар болсақ, білікті сала маманы, «Құрмет» орденінің иегері Нұрлан Іздібаев басшылық ететін «Ақтөбе и К» диқандары аймақ бойынша «Озат егін шаруашылығы» атанса, бірқатар озаттар автокөлік мінді, енді бірі басқа да құрметті марапаттарға ие болды. Көріп тұрғанымыздай, аудандағы барлық шаруашылық сонау ерте көктемнен бастап ыстық аптапта еткен еселі еңбегінің арқасында тапқан табысын аудан орталығы тұрғындарымен бөлісуге келді. Жосалы кентінің тұрғындары диқандарға дән риза. Олар отбасылық дастарқан мәзірін толтыруға қажетті дақылдарын қолжетімді бағамен сатып алып, ризашылықпен үйлеріне қайтып жатыр» дейді.
Жәрмеңкені аралаған аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов диқан қауыммен жүздесіп, олардың биылғы жемісті еңбектерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Жәрмеңке барысында өңірдегі шаруашылық құрылымдары тұрмысы төмен отбасыларға, жалғызбасты тұрғындарға түрлі ауыл шаруашылығы тауарларынан қолдау көрсетті.
«АРАЛАП ЖЕРДІҢ ЖҮЗІН ЖҮРЕР СӨЗІМ...» Осындай тақырыпта Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде Республика күні аясында аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аймақтық ақындар айтысы өтті. Айтыс алдында тау тұлға Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармашылығына арналған ақынның бесінші томының тұсаукесері өтті.
Аймағымызға белгілі меценат Рзақұл Сәденұлы, белгілі айтыскер ақын Серік Ідірісов және тұрмағамбеттанушы Ерхан Кәрібозов пен ғалым Ғабит Тұяқбаев сынды атпал азаматтар Тұрмағамбет ақын мен оның шығармашылығы жайлы пікірлерін ортаға салып, кітаптың тұсауын кесті.
Одан әрі қазақ айтысының ақтаңгері Мұхтар Ниязовтың жүргізуімен өткен айтыста көрермендер алдымен қармақшылық Тұрар Бекмырзаев пен Шиелі ауданынан келген ақын Шыңғыс Құдайбергеновтың құрдастық әзіл айтысын тамашалады. Одан соң тараздық Есет Досалы мен қызылордалық Нұрмат Мансұров сахнаға көтеріліп аға мен іні айтысын жасап, көрермен көңілінен шықты. Сондай-ақ Бексұлтан Орынбасаров пен Рай Дөнбай, шымкенттік Дәурен Ысқақов пен жерлесіміз Сырым Әділбеков және Арал қаласының айтыскер ақыны Ержеңіс Әбдиев пен шырайлы Шымкент шаһарынан келген ақын Нұрлыбек Мейірмановтар Тұрмағамбеттің өмір жолы мен шығармашылығын қағытпа қалжыңды араластыра отырып көрермендерге тартымды етіп жеткізді. Айтыстың екінші айналымында әділқазылар алқасының шешімімен үздік сөз саптаулары арқылы көрермендер көзайымы атанған Есет Досалы, Нұрмат Мансұров, Сырым Әділбеков пен Бексұлтан Орынбасаровтар жыр шайырының шығармалары бойынша сөз жарыстырды. Тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор болған айтыс соңында әділ-қазылар алқасы мүшелері мен оның төрағасы Серік Ідірісов шешімдерін жария етті.
Сонымен көрермендер асыға күткен айтыс өнерін құрметтеген қармақшылықтарға рухани байлық сыйлаған айтыскер ақындар аламанының бас жүлдесін аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев жерлесіміз Сырым Әділбековке тапсырса, қалған жүлделі орындарды иемденген Тараз қаласының ақыны Есет Досалы, қызылордалық Нұрмат Мансұров пен Бексұлтан Орынбасаровқа аудан әкімінің дипломы мен демеушілер тағайындаған қаржылай сый-құрмет табысталды.
«ЖАСЫМНАН НАЗЫМ СӨЗДІҢ ШЕБЕРІ ЕДІМ» Ұлттық мереке мен тау тұлға Тұрмағамбет ақынның туғанына 140 жыл толуына байланысты өткен мәдени шара одан әрі К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінде ұйымдастырылған «Жасымнан назым сөздің шебері едім» тақырыбындағы республикалық жыршы-жыраулар фестивалімен жалғасын тапты.
Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаевтың жырауларға арнаған ізгі тілегінен кейін қазақтың дарқан даласының көгінде жыр өнерін аспандатып жүрген Бидас Рүстембеков, Ұлжан Байбосынова, Руслан Ахметов, Серік Жақсығұлов, Күнсұлу Бимбетова, Ақерке Өтепбергенова, Майра Сәрсенбаева, Әділхан Қуаңбаев сынды жыршы-жыраулар Ешнияз сал, Балқы Базар, Сәрсенбай, Шораяқтың Омары, Дүр Оңғар және басқа да Сыр шайырларының шығармаларынан шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Фестиваль соңында аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов өнерімен көрерменді тәнті еткен жыршы-жырауларға ілтипат көрсетіп, сый-құрмет жасады.
Елдің құрметіне бөленген өнерпаздарға Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев та ризалығын жеткізді.
«Таңертеңнен бері өңір тұрғындары, оның ішінде ардагерлер Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шараның барлығына қатысып, көңілдерін көтеріп келеді. Аудан әкімдігінің қолдауымен бүгін Жосалы кентінде балаларға және спортсүйер қауымға арнап ойын және спорт алаңдарының ашылу салтанатын тамашаладық. Диқандар баптап өсірген ауыл шаруашылығы дақылдары өнімдерін жәрмеңкеге шығарса, даңғайыр ақын Тұрмағамбеттің мерейтойына арнап айтыс пен жыршы-жыраулар фестивалін өткізді. Мұндай мәдени іс-шараны өткізуге ұйытқы болған аудан әкімдігіне ардагерлер атынан алғысымды айтамын. Бұл іс-шараға ауданымызға қарасты барлық елді мекеннен және облыс орталығында тұратын аудан тумаларын шақырған. Біздегі жаңалықтарды көрсін, ел-жұртқа жеткізсін деп», – дейді ол өз сөзінде.
МӘУЕЛІ МАУСЫМ МЕРЕКЕСІ Сонымен күні бойы аудан орталығында Республика күні мерекесі мен ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығы және «Алтын дән – 2022» егіншілер мерекесіне арнап ұйымдастырылған салтанатты шара шымылдығын биылғы егін жинау науқанында ерек- ше еңбегімен өзгелерге үлгі көрсеткен сала майталмандарын марапаттау рәсімі жапты. Онда аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы ерен еңбегімен ел мерейін тасытқан ауыл еңбеккерлерін мерекесімен құттықтап, атқарылған жұмыстар бойынша тоқталып өтті. Диқандардың ел экономикасын нығайтуға, өңір жұртшылығының әлеуетін арттыруға қосқан үлесіне жоғары бағасын берді. Мерекелік іс-шарада аудан басшысы "Ерен еңбегі үшін" медаліне ие болған бірқатар жерлестеріміздің есімін құрметпен атаса, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбегін сіңірген бір топ азаматқа «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін тапсырды. Олардың қатарында Шәкизада Ашабаев, Ешмағамбет Дүйсебаев, Аманкелді Ақжігітов, Серік Айманов, Қанибай Айтымбетов, Алмасбек Қаржаубаев, Орынбасар Төлепов, басқа да ел құрметтісі бар. Мұнан соң өңір басшысы ауданда кәсіпкерлік, денсаулық, әлеуметтік саласын дамытуға атсалысып жүрген ардагерлер – Шынар Махмутова, Жұлдызай Молдабаева, Әсия Бекбергенова, Әсем Сержанова, Әділхан Мырзақұловтарға облыс әкімінің құрмет грамотасын тапсырды. Мерекелік шара егін шаруашылығының үздіктерін марапаттау рәсіміне ұласты. Аудан әкімі алдымен озат егінжай ерлеріне құрмет көрсетсе, одан кейін озат шаруашылық құрылымдарын кезек-кезегімен марапат төріне шақырып, ұлықтады.
Ауданның егін шаруашылығы құрылымдары арасында озаттар көшін білікті сала маманы Нұрлан Іздібаев басқаратын «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастаса, одан кейінгі орындарға Орынбасар Төлепов, Нұржан Пірмантаев, Жомарт Жалғасбаев, Бекир Набиев, Нұрлан Қомшабаевқа, мал шаруашылығы бойынша сала майталманы Болат Бөгетовке жеңімпаздар лентасы тағылды. Бұл күні спортшылардың да бәсекесі қыза түсті. Түйе палуандар арасында белдесулер мен қошқар, гір тасын көтеру және қол күресі бойынша жарыстар өтті. «Қазақстан Барысы» республикалық жарысының жеңімпазы Еламан Ерғалиев, жастар арасында қазақ күресінен Әлем жеңімпазы, дзюдодан ел құрамасының мүшесі Айбек Серікбаев, қазақ күресінен Әлем жеңімпазы Ғалымжан Әбдірахманов, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары Алмат Тайбағаров пен Ержан Абдуллаевтар қатысқан палуандар сайысында Еламан Ерғалиев финалда Ғалымжан Әбдірахмановтың жауырынын жер қаптырып, демеушілер тағайындаған 300 мың теңге қаржылай жүлдені қанжығасына байлады. Қалған жүлделі орындарды Ғалымжан Әбдірахманов пен Айбек Серікбаев өзара бөлісті. Қол күресінен Талғат Қанаев, гір тасын көтеруден Ерсұлтан Жалғасбаев және қошқар көтеруден Бекмұрат Нысанбаев жеңімпаз деп танылып, сый-сияпатқа ие болды.
Мерекелік іс-шара соңында аудандық мәдениет үйі өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.
«Ырыс алды – ынтымақ» дейді дана халқымыз. Бірлігі жарасқан ел ғана еңбектен береке табады. Осылайша ауданның ауыл шаруашылығы саласының майталмандары ауызбірлік пен жоспарлы жұмыстың арқасында қамбамызды алтын дәнге толтырып, ризық-несібемізді молайтты.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ