» » Отбасылық кәсіптері өркен жайған

Отбасылық кәсіптері өркен жайған

qarmaqshy-tany.kz Байқоңыр қаласында заман талабына сай кәсіп түрлері мен нысандары көбейіп келеді. Соның бірі – «Болашақ» сауда орталығы. Ол қала тұрғындары мен қонақтарына үздіксіз қызмет көрсетумен қатар, тұтынушы талғамынан шығып келе жатқан дүкен. Онда сапасы жоғары және табиғи азық-түлік өнімдері сөрелерде самсап тұр. Жұмсақ нан, шелпек, самса, тұшпара, басқа да ұннан жасалған өнім түрлеріне қашан да сұраныс жоғары.

Тағы бір айта кетерлігі, ондағы нан өнімдері сауда орталығының өз наубайханасында өндіріледі. Нанға сұраныстың көптігі сол, кейде сөреге қойылған бойда-ақ таусылып қалатыны бар.
– Тұтынушының сұранысына сай кей сәтте қайта нан пісіріп жатамыз. Кондитерлік өнімдер де орталыққа қарасты шағын цехымызда дайындалып, сатылымға шығарылады, – дейді отбасылық кәсіп иелері Ерлан Жаппасбаев пен оның жары Меруерт Тоқтарбекқызы бізбен әңгімесінде.
Өнегелі отбасында өсіп-өніп, қала тұрғындарының алғысына бөленген кәсіпкерлер елдің өркендеуінде кәсіпкерлік саласының маңызды рөл атқаратынын алға тартады.
– Қазақ халқы басқадан дастарқанының молдығымен, көңілінің ашықтығымен, жүрегінің жомарттығымен өзгешеленген халық. Ас-ауқат мол болған жерде береке де, бірлік те бар. Кәсібімізді азық-түлік, нан өнімдерімен байланыстыра ашқанымыздың да сыры осында жатыр. Қазіргі уақыт пен бұған дейінгінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін айтудың өзі де артық шығар. Соған орай талап та жоғары. Тәуекел ете білсең, Тәңірі несібесіз қалдырмайды. Барды жоқ ететін, нығметіңнің жолын кесетін бір ғана жаман нәрсе бар – ол жалқаулық. Содан аулақ болып, еңбек етуге, тер төгуге өзіңді әркез қамшылап отырсаң, озып шығасың. Одан Отаның да, отбасың да ұтады, жемісін көреді. Қолымыздан келгенше көпбалалы, тұрмысы әлжуаз отбасыларға көмек көрсетіп, Қызылордадағы балалар үйіне қайырымдылық жасап келеміз. Тапқаныңды мұқтаж жандармен бөлісу де – үлкен сауапты іс. Мереке күндері де қамқорлық жасаудан құр қалмаймыз, – дейді «Болашақ» сауда орталығының басшысы Меруерт Тоқтарбекқызы күлімдей сөйлеп.
Кәсіпкер 50-ден аса қала тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған. Ұжымда еңбек ететіннің көпшілігі жастар. Сол себепті де ол қарамағындағылардың тұрмыс-тіршілігіне назар аударып, жұмыс істеуіне барынша жағдай жасап қойған. Кәсіп істеу оңай тірліктен емес. Әйтпесе елдің бәрі кәсіп ашып кетер еді-ау. Оған қаншама төзім, шыдам, сабыр керек. Адаммен жұмыс істеген соң түрлі жағдай болады. Осындай кедергілердің бәрін еңсеріп, бағытынан айнымай келе жатқан Меруертті осы адамгершілік қасиеті үшін байқоңырлықтар сыйлап, құрметтейді. Біреуге болсыншы дейтін қағиданы ұстанатын кәсіпкердің жұмысы сан-салалы болғанымен, ұжымды ұйымдастырып, ұйыстырып ұстауда тәжірибесі көпке үлгі.
«Қазақ қашанда бір-біріне демеу болып, үйіне келген қонақ үшін қазан көтерген. Дастарқанын жайып, батасын алған. Жарым екеуміздің де бар арман-мақсатымыз халыққа адал қызмет етіп, батасын алу, ризашылығына бөлену. Адалынан жүріп-тұрсаңыз, кәсіп етсеңіз одан өрісіңізді кеңейтпесеңіз, жаман болмасыңыз анық. Атамыз Бердібек Жаппасбаев Байқоңырда алғашқылардың бірі болып кәсіп бастаған кісі. Ол 8 сауда желісі мен Ақай ауылында 4 шағын цех ашты. Алғашында атамыз қарамағына 300 адамды жұмыспен қамтып, тұтынушыны шұжық, ет, сүт, балық, макарон, тағы басқа тұрмысқа қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп отырды» дейді Меруерт Тоқтарбекқызы сөз арасында.
Бала кезінен әкесінің әрбір істеген ісіне қарап, өзіне өнеге алған Меруерттің жары Ерлан да кәсіпкер болуға жастайынан-ақ бейім болды. Ол да кәсіптің бірнеше түрін ашып, дамытуда. Жалпы бұл әулетте кәсіп ету әкеден-балаға мирас болып келе жатқан дүние десек артық емес. Өйткені ерлі-зайыптылардың отбасындағы тұңғыш баласы Ермек те кәсіптің қыры мен сырына кішкентайынан қанық болып өсіп, ата-анадан үлгі алған жайы бар.
Әрбір нәрсенің өз қайнар бұлағы болады. Әулеттегі отбасылық кәсіптің ұйымдастырушысы Ерлан Бердібекұлы 1998 жылы Байқоңырда сүзгіден өткен таза ауыз су шығаратын бірнеше аппарат сатып алып, онымен қала тұрғындарын қамтамасыз еткен. Сонымен қатар еліміздегі «Жасыл экономика» бағдарламасы аясында күннен қуат алатын электр стансалары құрылып жатқанын білеміз. Осы бастаманы жүзеге асыруға асыққан жаңалыққа құмар Ерлан бауырымыз өз шаруашылығында іске қосқан азамат. «Құс өсірсең, тауық өсір» демекші, шаруашылық ауласында жүрген бірнеше жылқы, сиыр, ешкімен қатар Қостанайдан 1200 голландиялық тауық әкелгенін және олардың саны бүгінде екі есеге артса, шаруашылық меншігіндегі басқа бірнеше жүздеген қазақы тауық тұқымы өсірілуде. Олардан алынған жұмыртқа дүкенге сатылымға қойылады. Шаруашылықтың асырап отырған бөденесі де сұранысқа ие өнім. Кәсіпкердің өсіріп отырған гидропоникалық цехы да бір жаңалық.
Ерлі-зайыптылар шаруа- шылық жылыжайында дастарқанға қойылатын ас мәзірі – түрлі салаттың сәнін келтіретін айсберг, изумруд деген атауы бар дәруменді жапырақтар мен қызанақ, қияр, тағы басқа көкөністерді өндіруде.
Қазіргі таңда 100-ге жуық өңір тұрғынын жұмыспен қамтып отырған Ерлан мен Меруерттің болашаққа жасаған жоспарлары көп-ақ. Іскер жандар кәсіпте жұртшылыққа шеберлігімен танылса, олар отбасында 5 бала тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
26 қазан 2022 ж. 994 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031