» » ҰЛАН-БАЙТАҚ РЕСПУБЛИКАМ БҰЛ МЕНІҢ!

ҰЛАН-БАЙТАҚ РЕСПУБЛИКАМ БҰЛ МЕНІҢ!

qarmaqshy-tany.kz Қайбір халық болмасын егеменді ел болмай жан-жақты өсіп өркендемейтіні белгілі. Өткен кезеңімізге ой жүгіртсек қазақ халқы «мың өліп, мың тірілді». Арғы жағын айтпай-ақ кешегі патша кезеңінде өлім мен әділетсіздіктің, түрлі ауыртпалық пен ашаршылықтың, қайғы мен қасіреттің, бақытсыздық пен ар-ожданның тапталуын көрді. Сол үрдіс Кеңес үкіметі кезінде одан әрі жалғасын тапты. Одақ кезеңінде коммунистік партияның шексіз билігі одақтас республикаларға, әсіресе Қазақстан халқына ерекше үстемдігін көрсетті.

Партия айтты бітті, сөзсіз орындалуға міндетті болды. Халықтың ұсыныс-пікірі еске алынбады, үні шықпады. «Оңға қара десе, оңға қарайтын, солға қара десе, солға қарайтын, тыныш отыр десе, бұғып қана отыратын» заман болды. Бұл барлық жүйеде орнықты. Даму, өсу, халықтың білім алуына, денсаулығына, мәдени өсуіне мүмкіндіктер болды. Бірақ жеріміздің тұтастығы мен еркіндігімізге қарсы жүргізіліп, барлық ұлттарды орыстың қол астындағы, қолтығындағы өз ойы мен пікірі жоқ, тәуелді ұлтқа айналдыру саясаты жүргізілді. Билік жүйесі тек компартияның белгілеп берген жолымен жүрді. Атап айтатын болсақ, жоғары биліктің иесі Қазақ Кеңестік социалистік республикасының Жоғарғы Кеңесіне депутаттар партия белгілеген кестеге сай баламасыз, қарсылықсыз дауыс берумен сайланды. Онда ұлт ерекшелігі, жынысы, жас ерекшелігі, атқаратын қызметі мен кәсібі, барлығы алдын ала кестеге түсіріліп, соған сәйкес сайланып қойылды. Негізінен шопан, бақташы, механизатор, құрылысшы, шахтер сайлануы керек деп пәрмен беріліп, орындалатын.
Бірақ 1990 жылдың наурыз айына белгіленген Жоғарғы Кеңестің сайлауы бұрынғы сайлаудан өзгеше болды. Тұңғыш рет баламалы сайлау болып, сайлаудың жариялылық түрде өтуі және Қазақстан Ғылым академиясы, театрлар қоғамы, жазушылар, архитекторлар, композиторлар одағы сияқты шығармашылық ұжымдарға тиісті квота беріліп, олар өздерінің съездерінде Жоғарғы Кеңеске депутаттар сайлауы депутаттар корпусының сапалы болуына негіз қалады. Депутаттар қатарына қазақ халқының қамын ойлап, тіл мәселесі, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, қазақ ұлтының құқығын, елдің еркіндігін, жан-жақты дамуын ойлайтын көптеген біртуар азаматтар сайланды.
Бұрынғы Одақтың шаңырағы шайқалып, тоқырау шегіне жете бастаған уақытта, яғни 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» қабылданды. Ақпарат құралдарынан оқып, тыңдап көргеніміздей сол Жоғарғы Кеңестің тарихи сессиясында Кеңес төрағасы Ерік Асанбаев депутаттар алдында көлемді баяндама жасаса, декларация жобасын әзірлеу үшін арнайы құрылған комиссия төрағасы, республикадағы мемлекеттік құқық саласының білгір маманы, академик Салық Зиманов қазақ тілінде де, орыс тілінде де сауатты баяндама жасап, депутаттардың қойған сұрағына толық жауап беріп, жетелеріне жететіндей етіп түсіндірген.
Сондай-ақ, ұлт зиялылары Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Өмірбек Байгелдиев, Өзбекәлі Жәнібеков және басқа да депутаттар белсенділік танытып, түрлі қитұрқы сұрақтар беріп, қарсы шығып, сөйлегендерге бұлтартпас дәлелді жауап беріп, декларацияның қабылдануына сүбелі үлес қосқан. Сөйтіп Қазақ Кеңестік социалистік республикасының егемендігі туралы декларация – Қазақстанның тәуелсіз, шынайы егемен ел ретінде қалыптасуының негізі болған маңызды құжат қабылданды.
Декларацияда республиканың барлық ұлттық байлығы – жер және оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстары, халықтың мәдени және рухани қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал Қазақ КСР-інің ерекше меншігінде болатындығы және олар мемлекеттің егемендігінің негізін құрайтыны бекітілген.
1990 жылы Кеңестің құрсауында тұрғанмен егемендіктің самалы есіп, 25 қазанда Егемендік декларациясын қабылдауға қол жеткізген қазақ халқына тәуелсіздіктің негізін қалаған үлкен жеңіс күні болатын.
Жалпы елімізде арнайы атап өтілетін, тойланатын бірнеше мереке бар. Күн мен түннің теңесетін, тіршіліктің бастауы, жер көктеп, егін егіліп, төрт түлік төлдеп кең даланы шаттыққа бөлейтін Наурыз мерекесі бүкіл түркі жұртының мерекесі болса, Республика күні мерекесі қазақ халқы үшін егемендіктің негізін қалаған ең ұлық мереке деп санаймын. Республика күнінің бүкіл жаз бойы тер төккен ырыс-несібені жиып қоймамыз бен қамбамыз дәнге толып, өрісіміз өскен малға толып, тоқшылық пен молшылықтың жемісін көріп, даламызды алтын арайға бөлеген, еңбектегі жұрттың арқаны кеңге салған жайма-шуақ кезеңге тура келіп тұр. Мұны мен бекер емес деп ойлаймын. Еліміздің өсіп өркендеуінің нышаны деп санаймын.
Республика күнінің «Жаңа Қазақстанды» құруда осы жылдан бастап қайта түлеп, жаңғырып, ұлтымызды ұлықтайтын мерекеге айналғаны көңіл қуантады. Қазір біздің аудан жұртшылығы да өздерінің алға қойған міндет, мақсаттарын абыроймен орындауға қол жеткізіп, биік межені бағындырып отыр. Құрметті жерлестерімді аудандық қоғамдық кеңес атынан осы ұлық мерекемен құттықтай отырып, дендеріне саулық, шаңырақтарына шаттық, бейбіт өмір тілеймін. Азаматтарымыз салауатты да зиялы, ұрпақтарымыз саналы да білікті болып, Қазақ елінің даңқы бүкіл әлемде арта берсін демекпін.
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
аудандық қоғамдық кеңес төрағасы
25 қазан 2022 ж. 586 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031