Сарқылмас құрметтің иесі
Қазақ ғылымы мен ұлттық ой-пікірінің алдыңғы қатарлы тұлғаларының бірі Ахмет Байтұрсынұлы – XX ғасырдың басындағы қазақтар арасында ең маңызды зиялылардың бірі. Ол қазақтың тәуелсіз болуын, мәдениеті мен өркениеті арқылы заманауи елдердің қатарынан орын алуын армандаған зиялылардың көш басында болды.
Мақсатына жетудің бірінші шарты білім екенін түсініп, саналы ғұмырының елеулі бөлігін білім саласына арнады. Ұзақ жыл ұстаздық етті, мектепке қажетті кітаптарды өзі жазды. Сонымен бірге қазақ фольклорын жинақтап, басып шығару арқылы қазақ мәдениетін сақтап, ұрпаққа жеткізуге күш салды. Ол қазақ тілі мен әдебиет ғылымының көшбасшысы болды. Оның осы саладағы маңызды еңбектерінің бірі – араб әліпбиі негізінде жасаған қазақ әліпбиі. Сөйтіп, ол қазақ диалектісінің өз алдына жазба тілге айналуына жол салды. Оның тағы бір маңызды жұмысы – шет тілдерінен енген терминдердің қазақша баламасын табуы. Қазақтың қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік ізін қалдырған «Қазақ газетінің» ұзақ жылдар редакторы болды. Ол – қазақтың тұңғыш тәуелсіз партиясы «Алаш» партиясы мен Алаш Орда үкіметінің маңызды тұлғаларының бірі. Оның қазақ әдеби ортасының қалыптасуына, ұлттық-әдеби ойдың өркендеуіне, қазақ ғылыми-қоғамдық ой-өрісі тарихында еңбегі зор.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазіргі қазақ тілі мен әдебиетінің негізін қалаған адам. Еңбектері өте көп зерттеуді қажет етеді. Қазақтың қоғамдық өмірін дамытуға бағытталған зерттеулер, әліпби терминдерін, тіл үйрету әдістемесін, фольклортануды, қазақ грамматикасы мен әдебиетін қамтиды. Ғалымның көп ізденістері мен қызметі білім беру саласында болды. Бірақ сол кезде бүкіл түркі әлемінде басталған әліпби ауыстыру, әліпби реформасы мәселесінің маңыздылығы сонша, Байтұрсынұлы да бұл талқылауға өте жақын араласып, өз ұсыныстарын айтты. Алаш арысы араб жазуын 1910 жылдары қазақ тіліне бейімдеп, әліпби жасады. Осы мақсатта ол мектептерге арнап жазған тұңғыш кітабы «Оқу ережесін» шығарды. Байтұрсынұлы әліпбиі – қазақ тілін түркі тілінен тікелей бөлек жазған алғашқы әліпби. Патшалық дәуірдегі XIX ғасырдың ортасында қазақ түрік тілін жазба тілге айналдыруға көп күш жұмсалғанын айта кеткен жөн. Бұл кезеңде орыс түркологтары қырғыз немесе қазақ-қырғыз деп атаған қазақ мәтіндерін алғаш рет орыс әліпбиінде (кириллица) жариялаған ғылыми еңбектерінде жазды. А.Байтұрсынұлы дайындаған әліпби қазақ ауызекі тілінің дыбыстары мен дыбыстық құрылымына негізделген. Ғалым 24 әріптен тұратын түркі жазуынан 16 таңба алып, араб жазуы негізінде 8 таңба ойлап тауып, 24 әріптен тұратын әліпби жасайды. Бұл әліпбидегі дыбыстардың 5-еуі – дауысты, 17-сі дауыссыз, 2-еуі жартылай дауысты дыбыс. Байтұрсынұлының бұл әліпбиі алғаш рет 1912 жылы Орынборда басылған.
Сондай-ақ зерттеулері қазақ тіл ғылымы тарихының негізін қалады. Талай рет басылып шыққан оқулықтары, «Тіл Құрал», «Тіл танытқыш», «Оқу құралы», «Әліпби», «Әдебиет танытқыш» және қазақ дауысты дыбыстары, оқу жүйесі, оқу түрлері туралы көптеген ғылыми-әдістемелік мақалалары, түркологияға қатысты зерттеулері бар. Қайраткердің мектеп оқушыларына көбіне жаңа әліпбиді үйрету мақсатында жазған «Оқу ережесі» атты еңбегі және оның алғашқы кітабы 1912 жылы Орынборда басылған. Бұл жұмыс мәтіндердің үлгілерімен және тақырыптардың орналасуымен таңғалдырады. Бұл жұмыста ол оңайдан қиынға қарай ауысып отыратын жүйені қолданды. Оқулықтың ең бір қызық тұсы – мақал-мәтелдермен мысал келтіре отырып, түрлі дүниелер мен оқытудың өзіндік жүйесін түзеді. Осылайша оқу мен жазуды үйретумен қатар білім беруді де мақсат еткен.
Сондай-ақ, ол әр ісімен ұлт мерейін көтерген тұлға. Бір адамның бірнеше салада тер төгуі таңғаларлық нәрсе емес, ондай жандар бар, ал барлық салада бірдей жетістікке жету миллиондардан бір адамның басына қонатын бақ болса керек. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әліпбиін реформалауға сіңірген еңбегі, қазақ тіл білімі ғылымының негізін салуы, қазақ әдебиеттану ғылымын жасауы және поэзия мен публицистикада істеген істерінің мән-маңызы ерекше, себебі ол қай-қайсысында да үлкен жетістікке жете білді. Ал ұлттың өзін сақтау жолындағы ең игілікті ісінің бірі – ұлыларын ұлықтау. Өйтпеген күнде ұлттың өзіне деген құрметі, мақтанышы болмайды. Ал мақтан тұтар ардақтысы, төбеге көтерер тұлғасы жоқ немесе аз елдің өзгелердің қасында қашанда еңсесі түсіңкі, рухы пәс. Құдайға шүкір, музыкада Құрманғазыдай, әдебиетте Абайдай, спортта Қажымұқандай алыптары бар қазақтың тіл-әдебиет ғылымында Ахмет Байтұрсынұлы секілді орны бөлек тұлғасы бар.
Бүгінде оның атын, оның елі үшін еткен еңбегінің маңызын білмейтін қазақ баласы жоқ. Кітаптары қайта-қайта басылып, ол туралы шығармалар жазылуда. Оның аты көшелер мен мектептердің, оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институтының, музейлердің маңдайында жазулы тұр, білім алып жатқан жас ұрпақтың әр оқулығында шығармалары сөйлеп тұр. Ол туралы кинолар түсіріліп, көрсетіліп жатыр. А.Байтұрсынұлының Отаны – тәуелсіз Қазақстанда оның жыл сайын аты ардақталып, оған арналған ғылыми конференциялар, әдеби кештер өткізіледі. Баспасөзде оған арналған мақалалар, әдеби шығармалар жарияланып жатады. Ал биылғы 150 жылдық мерейтойын мемлекетіміз ерекше, кең көлемде тойлап жатыр. Мұның бәрі – ұлт ұстазына деген сарқылмас құрметтің көрінісі.
Баспасөзін, әліпбиін, тіл, әдебиет ғылымын өзгелер жасап берген елдер қаншама? Ал біз Ахмет Байтұрсынұлы секілді алыбымыз тұрғанда өз руханиятымызды өзіміз жасадық деп мақтанышпен айта аламыз. Ол мақтаныш ұлтымызға мәңгілік рух беретін мақтаныш. Жазушы, аудармашы, баспагер, тіл жанашыры ретінде А.Байтұрсынұлы қазақ халқының әлеуметтік және мәдени оянуына қызмет еткен, өмірі мен шығармашылығы арқылы түрік зиялыларына бағыт-бағдар берген көрнекті қазақ ғалымы ретінде әлі күнге дейін ұрпақ есінде, бұдан кейін де ардақты ағартушының есімі өшпек емес.
Гүлмая ЕРТОКАЕВА,
№107 мектептің мұғалімі