«Әке жолы ізгі жол, Ана мейірімі»
Бүгін Қазалыда «Әке жолы ізгі жол, Ана мейірімі» атты «Ата-ана – мектеп – оқушы» үштік одағының облыстық форумы өтті.
Балалар жылы аясында өткен тағылымдық шараға ұстаздар, ата-аналар, оқушылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен форум «Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттық құндылық» прологпен басталып, LED экран арқылы «Ата-ана – ұстаз - оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» үштік одақ туралы бейнеролик көрсетілді.
Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев кіріспе сөз сөйлеп, форум жұмысын ашып берді.
– Отбасы – мемлекеттің іргетасы, адам баласының өсіп-өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Сондықтан да әрбір ата-ана отбасында мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді балаларының бойына сіңіре білу керек. Сонда ғана біздің болашағымыз жарқын әрі нұрлы болады.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы көзі тірісінде «Мен өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, немересіне ертегі айтпаған ата мен әжеден қорқамын» деген екен. Шындығын айту керек қазір жас аналарымыз бесік жырын, ата-әжелеріміз немерелеріне ертегі айтпайды. Әрине көпке топырақ шаша алмаймыз. Дегенмен де бұл ащы да болса шындық, ағайын!
Біздің балаларымызды ютуб, инстаграмм, тик ток тәрбиелеп жатыр. Себебі еңбектеген баладан, еңкейген қарияларымызға дейін қолдарынан ұялы телефон түспейді.
Егер біздің бүлдіршіндеріміз бала кезінде ертегі, дастандарға қанып өссе, өскенде елінің қамын жер ұл болып еді. Мысалы, дана Абайымыздың анасы Ұлжан мен әжесі Зере Абайға халық ауыз әдебиетін, ертегі, дастандармен қанаттандырып, сөз өнері өлеңге қанат сілтетті.«Ел болам десең бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай аналарымыз баласына бесік жырын жырласа, ата-әжелеріміз ертегі, дастандарын құраса нұр үстіне нұр болар еді. Көненің көзі, асылдың сынығы дегендей көне дастан жырлар жүрекке жетіп жан дүниемізді рухани байлыққа бөлейді.
Біздің болашағымыздың жарқын болуына ұлағатты ұстаздардың да қосар үлесі зор. Олар оқушыларға сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие де береді. Дегенмен балалардың тәрбиесін бір ғана мектеп пен мұғалімге жүктеп қойғанымыз дұрыс емес.
Қазақ «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп жайдан жай айтпаса керек. Әке – асқар тау. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер». Алғаш дүниеге келіп, ес білген сәттен бастап баланың нағыз қамқоршысы әке. Баланы тәрбиелеу әкенің басты міндеті. Әке болу бар да, әке бола білу бар. Бұл екеуі екі бөлек. Бала бойындағы жақсы қасиеттердің барлығы әке арқылы қалыптасады.
Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Мұнан соң облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім бөлімнің басшысы Бекжан Есенбаев құттықтау сөз сөйлеп, форумның күн тәртібіндегі мәселе өте маңызды екенін атап өтті.
Форумда Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектеп ата-аналар комитетінің төрағасы Жәнібек Жұбанғанов «Альфа ұрпақ дүниетанымындағы құндылық» атмосферасына қатысты айтып берсе, аудандық білім саласы ардагерлер ұйымының төрағасы Серік Қуанышбай «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі» туралы өз ойымен бөлісті.
Ал, ұстаздар әулетінен шыққан жас маман, Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің мұғалімі Гүлжанат Ахметова білім саласында жұмыс істеудің үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.
Мазмұнды білім сайыстарында дара шығып, жеңімпаз атанған оқушылар марапатталды.
Облыстық форум әкелер мен аналар және балалардың орындауындағы «Ата-анаға рахмет» атты әнмен қорытындыланды.
Форум аясында «Ұлттық құндылық – ұлт болмысы» тақырыбында қолөнер бұйымдарының көрмесі таныстырылып, №249 мектеп-лицейдің робот техника және 3D модельдеудің мүмкіндіктері көрсетілді.
Сондай-ақ, Қ.Пірімов ауылындағы N92 мектептегі театр жобасының жұмысы да көпшіліктің назарына ұсынылды.