Асыл ойдың бұлағы
ЖУЫРДА К.РҮСТЕМБЕКОВ АТЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ ЖЫРАУЛАР ҮЙІНДЕ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН «ТІЛ – АСЫЛ ОЙДЫҢ БҰЛАҒЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖЫР МҮШӘЙРАСЫ ӨТТІ. ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ТІЛДЕРІНІҢ КҮНІ ЖӘНЕ ТҮРКІТАНУШЫ, ПУБЛИЦИСТ, ПЕДАГОГ, АУДАРМАШЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 150 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ЖЫР ДОДАСЫНА ҮМІТКЕР РЕТІНДЕ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ БАСТАУЫШ ҰЙЫМДАРЫНАН 16 ЖАСТАН ЖОҒАРЫ АЗАМАТТАР ҚАТЫСТЫ.
Сайысқа Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының алқа мүшесі Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниева, танымал ақын, аудандық жыраулар үйі директорының орынбасары Сырым Әділбековтер қазылық етті.
Мемлекетіміздің қасиетті ана тілін жыр жолдары арқылы жеткізген байқауға қатысушы 18 талапкердің арасынан үздік шыққандар анықталды.
Байқаудың бас жүлдесін иеленген Төретам кентіндегі No22 «Гаухартас» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Мөлдір Тәңірбергенова «Ахметтің монологы» атты өлеңінде:
«... Көкірегімде қасірет, шер, нала, мұң,
Жайын ойлап мынау қамсыз даланың.
Қазағымды маса болып шақсам да,
Ұйқысынан оята алмай барамын.
Ұлы ерлікті мәңгі аңсайды ел неге?
Тап бермеде тайқығанды ер деме.
Өз Отанын шексіз сүйген жүрегім,
Енді тыныш жата алмайды-ау, көрде де...» деп ойлы жыр жолдарымен тыңдарманын баурап алса, келесі қатысушы аудандық аурухананың психологі Әмина Кетебаева «Тұлға және тіл» өлеңінде:
«Қазағымның әрқашан түбі бекем,
Дамыған елдерменен тұғыры тең!
Төрден орын алатын мәртебелі,
Тілі көркем, қазақтың жыры көркем... дей келе
О, қазағым!
Сендер үшін жер қазған кенші болдым,
Сауаттылық аңсаған елші болдым.
Сендер енді тілімнің жанашыры,
Серттесейік, әй, балам, берші қолды!» деп әдемі ұйқаспен ой тұжырымдайды. Әмина Тахирқызы мен No183 орта мектептің оқушысы Диас Төлегенов бірінші орын алса, Ақай ауылындағы No279 мектеп-лицейдің мұғалімі Жұлдыз Жақсылық, No26 орта мектептің мұғалімі Индира Әбдіқалықова, No105 мектеп-лицейдің оқушысы Арман Абдуллаев екінші орын үдесінен шықты. Сондай-ақ талапкерлердің бір тобы – No3 «Ертөстік» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Айткүл Әбжалиева, No1 санаториялық бөбекжай-бақшасының техникалық қызметкері Күлдарай Нұрханова, аудандық оқушылар үйінің үйірме жетекшісі Перизат Жаудатова, Алдашбай ахун ауылындағы No111 орта мектептің мұғалімі Дамир Ешниязов жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті.
Мүшәйраның қорытындысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Раева жүлдегерлерге дипломдар мен алғыс хаттар, сыйлықтар тапсырып, құттықтау сөз сөйледі.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК