Жолдау – игілікке бастар жол
Мемлекет басшысының осы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы еліміз үшін маңызды мәселелерді қамтып, алдағы кезеңде атқарылуы тиіс нақты бағыттарды айқындады.
Жолдауда еліміздегі реформалардың нақты бағдарлары жіктеліп, көрсетілді.
Олар жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп.
Жеке тоқталған аталған бағыттардың барлығы да кеңінен ашылып, атқарылуы тиіс шаралар нақты белгіленген.
Жоғарыда атап өткендей, Жолдаудағы маңызды бағдарлардың бірі – заң және тәртіп. Бұл ауқымды мәселенің аясында сот жүйесі және құқық қорғау органдарындағы реформалардың тиісті тұстары қамтылды.
Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайтыны аталып өтті. Бұдан бөлек, аса қатыгездікпен жасалатын қылмыстар, есірткінің заңсыз айналымы мен алаяқтық қылмыстар және отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі ерекше талқыланды. Аталған санаттағы құқық бұзушылықтардың соңғы уақытта кең етек алып, тұрғындар үшін алаңдатушылық туғызғаны аян. Бұл мәселе біздің өңіріміз үшін де маңызды. Себебі, атқарылған профилактикалық шаралардың нәтижесінде жалпы қылмыстылық өткен жылдармен салыстырғанда төмендегенімен, алаяқтық және есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар өсуде.
Мысалы, статистикалық мәліметтерге сәйкес ауданымызда жыл басынан бері тіркелген алаяқтық қылмыстары 17-ден 18-ге немесе 5,8%, есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар 4-тен 7-ге немесе 75% өскен.
Өсім алған қылмыстар бойынша аудандық прокуратураның үйлестіруімен полиция және жергілікті атқарушы органдар тарапынан белсенді профилактикалық шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда тұрғындар арасында түсіндіру жүргізу, брошюралар тарату, арнайы әзірленген бейнероликтерді әлеуметтік желілерде жариялап, орталық алаңдағы ледэкраннан көрсету, билбордтар ілу, БАҚ-та мақалалар жариялау, тағы басқалар.
Жолдаудағы заң және тәртіп бағдары елімізде заң үстемдігін берік орнатуға бағытталған. Әрбір бағдармен бекітілген шаралардың маңыздылығын ескерсек, ол еліміздің кез келген азаматы үшін міндет және парыз болып табылады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еліміздің үдеріссіз дамуы мен аталған шаралардың жүзеге асуы үшін отандастарды берекелі бірлікке, яғни бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырды.
Сондықтан, Құрметті жерлестер Жолдауда қамтылған мәселелер әрбіріміз үшін маңызды екенін естен шығармай, Әділетті Қазақстанды бірге құруға атсалысайық.
М.МАХАНБЕТЖАНОВ,
Қармақшы ауданының прокуроры