» » Ақтөбе ауылының ажары айшықты

Ақтөбе ауылының ажары айшықты

АУЫЛ – РУХАНИЯТЫМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ, ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ, БЕРЕКЕ МЕН БАЙЛЫҒЫМЫЗДЫҢ БАСТАУЫ. ТӨРТ ТҮЛІГІН ТҮЛЕТІП, ЕГІСТІГІН ЖАЙҚАЛТЫП, ШАРУАСЫН ӨРГЕ СҮЙРЕП ОТЫРҒАН АУЫЛ – БҮТІН БІР ЕЛДІҢ АСЫРАУШЫСЫ, ҚАЙНАҒАН ЕҢБЕКТІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап жаңа формациялық қалыпқа өту үдерісі ауылға да түбегейлі өзгерістер әкелді. Ес жиып, жоғымызды түгендегеннен кейін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында төзім мен сабырды серік еттік. Сындарлы сәттерден сүрінбей өткен уақыт аралығында ауданымыздың ауыл-аймақтарындағы ахуал да көптің сенімін сәулелендіріп, үмітін үкіледі. Отыз жылдағы жетістіктеріміз арқасында түзеле түскенін көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз.
Өткенге сәл шегініс жасап көрейікші. Кеңшарлар тарап, ондағы жүздеген ұжым мүшелерінің ғана емес, бүткіл ауыл-аймақтың тірлігіне тірек болып отырған барлық жиған-терген дүние, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Айналадағы өндірісі тарап, өрісінің өзі қаңырап қалған кейіпті кім ұмыта қойсын. Автокөлік жолындағы шұрық-тесіктер мен апан шұңқырлардың жолаушы мен жүргізуші атаулының жүйкесін жұқартып, шаршатып біткені де естен кете қоймас. Жарығы да жиі сөніп тұратын ауылдардың түнгі уақыттағы меңіреу тыныштығы тым түнек болатын. Бірі құлыптанып, бірі қысқартылып күн көрген балабақшалар мен клуб атаулының сол көрінісі, күтімсіз қалған мектептердегі жылудың жыры да күні кешегідей есімізде тұр. Қазір ше? Бүгінде сол ауыл-аймақтардың өңі кіріп, ажары да айшықталып келеді. Түрлі нысан бой көтеріп, кәсіпкерлікпен қанат жаюда. Өрісі малға толып, жаңадан салынған, күрделі жөндеуден кейін қалыпты қызметін жалғастырған мәдениет үйлері мен мектептер, тіпті көше-көшенің әрін кіргізер бильбордтар да ауыл ажарын аша түскені рас. Жергілікті жердегі жетістіктеріміздің бәрі өзіміздің көз алдымызда жүзеге асып жатыр. Болашақта да баянын табар істер болмағы анық.
Қош. Түп сағасын Сырдария өзенінің терең ағысынан алатын қос арна – Балажарма мен Наурызбайдың аралығын жайлаған Ақтөбе деген ауыл бар. Сонау тоқсаныншы жылдағы тоқырау заманы – бұл ауылды да айналып өтпеді. Егін шаруашылығы тоқтады, қоймалар қаңырап бос қалды. Уақыт ағымымен бойын тіктеген мекеннің бүгінде қойнауы ырысқа толы. Дамуы мен ынтымағын қатар ұстап, Сыр мен Қуаңды жайлаған қалың елдің бір пұшпағынан ойып тұрып орын алды. Өзіндік тарихын сараласаң татулықтың иісі аңқиды. Иә, ол күнді ауыл тұрғындары күрсініп еске алады. Себебі сол жылдары ауылдың бірлігі жойылуға сәл қалды деседі. Алайда елім деген азаматтардың арқасында тұрғындардың басы бірігіп, татулықты ту етеді. Бүгінде сол бірліктің арқасында әр жылы қамбаға астық толып, оң нәтижеге қол жеткізуде. Ауылдағы ағайынның да нәпақа жиғаны осы саладан. Диқанның да бүгінде кетпені сайлаулы, көңілі жайғаулы. Алайда өрістің кеңеюі алға ілгерілеуді қажет етеді. Кәсіпкерлікті қолға алып, өз ісін дөңгелеткендер мен еңбекпен біте қайнасқан тұрғындары бар Ақтөбе ауылдық округі – аудандағы жыл санап әлеуеті артып келе жатқан ауылдардың бірі.
АУЫЛДЫ ДАМЫТУ – АУҚЫМДЫ МІНДЕТ
Ауылға көңiл бөлу, оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс. Кез келген экономикалық реформаның түпкi мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Қазақ мемлекетінің қалыптасуы және дамуы негізінен ауыл өмірімен тікелей байланысты. Ауыл болуы үшін оның тірлігін пайымдайтын әртүрлі жағдайлар қажет.
Бұрынғы замандарда көшпелі қазақ халқының тіршілігі көбінесе мал өсіру мен оны пайдалану мүмкіншілігіне байланысты болды. Қазіргі нарықтық экономика қоғамында ауыл болашағы әлемдік өзгерістерге сәйкес көптеген факторлардың, яғни табиғи-климат жағдайы, демографиялық, саяси-әлеуметтік, өндірістік-экономикалық, халықтың тұрмыс деңгейі және тағы басқалардың әсерімен анықталады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Үкімет ауылды дамытуға және ауылдық елді мекендерді көркейтуге көп көңіл бөлуде.
Мәліметтерге сүйенсек, ауылда «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 2 жоба жүзеге асырылмақ. Жалпы аудан экономикасын әртараптандыруда шикізаттық емес секторды дамыту маңызды. Сондықтан, ағымдағы экономикалық жағдайда ішкі нарықты отандық тауарлармен толтырумен қатар импорт алмастыру мәселесіне мән беруде.
Кәсіпкерлік саласын дамыту – жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыларды толықтырудың тұрақты көзі болып қана қоймай, экономиканың одан әрі өсуінің нақты факторына, сонымен қатар халықты жұмыспен қамтудың, әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, бизнеске жол ашу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Мемлекет басшысы экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Бұл ретте жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету белгіленді. Бюджетіміздің толығуына өзіндік үлесін қосып отырған ауылдағы кәсіпкерлердің бүгінгі аяқ алысы қандай? Ауылда қазірге дейін 78 кәсіпкерлік субъекті тіркелген екен. Қуантарлығы, оның барлығы да жұмыс істеп тұр.
Экономиканың дамуына себепші болатын бірінші кезекте ауылшаруашылық саласы. Бұл сала дамымай, бәсекеге қабілетті экономиканы құру мүмкін емес. Дамуға бағыт алған елімізде әсіресе өндірісті өркендету, оның ішінде ауылшаруашылығын жолға қою керегі жиі айтылып жүр. Жүзеге асырылып жатқан нақты іс-шаралар да бар. Жасыратыны жоқ, осы бағыттағы жұмыстар әлі де жоғары дәрежеге жете алмай тұрған жайда. Ал ақтөбеліктер қол қусырып отырған жоқ. Жылда ырысын жерден алып, қамбаға астық толтырып жүр. Тұрғындардың бақшадан алынған өнімдерін «Алқаптан сөреге дейін» тізбегін дамыту бағытында делдалсыз, сату үшін арнайы орындар әзірленген.
Бүгінде мал ұстау мен бағудың өзіндік құны арта түсті, бірақ ол тапқан табыстарын ақтай қоймайды. Мал шаруашылығының қиындықтары өте көп. Малшылар қысы-жазы тыным таппайды. Өйткені малды тек еңбекқор адам ғана бағып, баптап күте алады. Ал елді мекендегі ағайын төрт түлігін түлетіп отыр. Мәселен, жалпы округ бойынша 2050 бас МІҚ, 1748 бас жылқы, 5235 бас уақ мал, 96 түйе тіркелген.
Бірінші кезекте атқарылуы тиіс Ақтөбедегі электр желілерін жаңғырту және қосалқы стансасын кеңейту мақсатында демеушілер есебінен жоба әзірленуде. Сонымен қатар, ауылдық округтегі көшелерді жарықтандыру мақсатында аудандық бюджеттің есебінен 1,5 млн теңге қаржы бөлініп, ол жыл бойы көше жарығын күтіп-ұстау шығындарына жұмсалуда. Ал көркейту- көгалдандыру үшін ауылдық округтің 4-ші деңгейлі бюджетінен 2,0 млн теңге қаржы бөлініпті.
Балалар жылы аясында балалар ойын алаңы бой көтерді. Сондай-ақ, «Оңталап» шаруа қожалығының демеушілігімен тамыз-қыркүйек айларында балалар ойын алаңы салынатын болады.
ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨРІСТІ КЕҢЕЙТПЕК
Құс алып оны баптаған тиімді дүние. Мәселен, сырттан импортталған тауық етін алайық. Дүкен сөрелерінде толып тұр. Қайдан келгенін де білмейміз. Ал бағасы көңілге қонымсыз. Қалтаңды қағады. Біреуін алсаң күнделікті ас мәзіріне жетпейді. Себебі ұзақ сақтау үшін мұз қылып қатырып қояды. Мұз болған соң салмағы да ауыр болады. Пісіргенде әлгіндегі майлы еті «піш» болып қалады. Салмағынан ақы жеу үшін етке ауа мен су айдаған соң «ақымыз желініп» жүр. Егер сол құсты өзіміз өсіріп, баптасақ ше?
Бір тауықтың өзі кем дегенде күніне 1 рет жұмыртқалайды. Бұл қалтаңызда аз да болса ақша қалды деген сөз. «Ақша тиыннан құралады» демекші, ақырындап құс санын арттырса. Кәсіптің көзін шағыннан бастап, оны дөңгелетіп әкетсе. Дейміз-ау, кәсіптің көзін тапқан ғана біледі. Оны мақсат етіп, қарекет қылғандар арамызда бар.
Жалпы құс шаруашылығы – ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан саласы. Өнімнің қысқа мерзімде өндірілуі нарық сұранысына бағыт-бағдар ұстауға мүмкіндік береді. Қоңсы қонған Ақтөбе ауылында құс фабрикасын іске қосу биылға жоспарланды. Жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы облыстағы ауқымды жоба болып отыр. Кәсіпорынның іске қосылуы ауданда азық-түлік өндірісін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сонымен қатар жем қорын дайындауға, қажетті дақылдар егіп, көлемін арттыруға, сол арқылы егіс саласын әртараптандыруға ықпалын тигізеді. Мәселен, кешенді нысанның жұмысы үшін құс азығына күніне бірнеше тонна дақыл керек. Фабрика пайдалануға берілгеннен кейін солай жеммен қамтамасыз ету мәселесі өздігінен туындайды. Сондықтан серіктестік құрамы мұның алдын алып та жатыр.
Фабриканың негізгі бағыты – бройлер балапандарын өсіру және құс етін өндіру. Ал бройлерден неғұрлым сапалы ет алынады. Жобаның жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайды екен. Бұйырса Нұрлан Іздібаев басқаратын «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы биыл жыл аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. Тек керекті құрал жабдықтардың келуі қалды. Жоба жүзеге асқанда 200 адам жұмыспен қамтылмақ.
Мамандардың айтуынша, құс еті мен жұмыртқасының адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Бір ғана жұмыртқаның өзінде 13 түрлі витамин болса, олардың барлығының да адамның өсіп қалыптасуына, ми қызметінің дамып, көздің көру қабілетіне тигізер әсері зор. Бүгінде ішкі нарықта сырттан тасымалданатын құс еті мен жұмыртқасы дүкен сөресін толтыруда. Құс фабрикасының ашылуы халықты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын түзеуге сеп болмақ. Ауылда ашылатын құс фабрикасы аудан көлемінде ғана емес облыс, республика деңгейінде халық сұранысын қанағаттандырады деген сенім бар.
Айта кеткен жөн, «AMANAT» партиясының бастамасымен ел бойынша сайлауалды уәделердің орындалу барысын жүйелі бақылап отыру мақсатында 400-ден аса партиялық бекет ашу жоспарлануда. Басты мақсат – құрылыс сапасына, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ жалақының уақытылы берілуін бақылауға болады. Осы орайда, құс фабрикасының құрылысына партиялық бақылау бекеті ашылды.
КӘСІБІ – СҰРАНЫСТЫҢ СӘНІ
Әйелсіз әлем сұлу емес. Әйел бар жерде әдемілік бар. Ендеше, ауыл бола ма, қала бола ма, әйелдер тіршілік етіп жатқан жерде сұлулық салондарының жұмыс істеп тұруы заңдылық. Көрікті елді мекенде кәсіпкерлік өрісі кеңейіп келеді. Жыл өткен сайын мұнда қолдан келетін іспен айналысушылар саны артып, түрлі кәсіп дамуда. Өркениетке ұмтылған ауылда мұндай жұмыстардың өркендеуі қуантарлық жайт. Өйткені, республикадағы үлгілі ауыл кәсіпкерлік саласы бойынша да алдыңғы қатарда болуы тиіс.
Қазақ елінің әлем деңгейіне көтерілу жолындағы мұраты айқын. Қол жеткізген жетістігі мен жеңісі де жетерлік. Мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деушіге ауқымды жобалар іске асуда. Соның бірі заман талабына сай Ақтөбе ауылында жалғыз сән салоны тұрғындарға үздіксіз қызмет етіп тұр. Бүгінде кәсібінен береке тауып отырған жан – «Адина» сұлулық салонының иесі Айдана Жүнісова.
Әрине, ауылда тойхана жоқ. Десе де аудан орталығындағы тойлардың біріне баруы үшін осы сән салонына бас сұғады. Мұнда қызметтің барлық түрі бар. Мәселен, шаш сәндеу, бояу, қию, бет әрлеудің барлық түрі, сондай-ақ тырнақ сәндеу де бар. Ал биыл ол Қызылорда қаласына барып кірпік жалғауды оқып келген. Қазір қызмет көрсетуіне сол жасанды кірпік жалғау қосылған. Салонға тек ақтөбелік қыз-келіншектер ғана емес, көрші ауылдан келетін тұрақты тұтынушылары көбейген. Алдағы уақытта бетке күтім жасауды, массаж, пиллинг, бет тазалауды үйреніп, арнайы курстан өтпек. Қосымша бет әрлеу мен шаш сәндеу, қиюдан шеберлігін арттыруда. Оқудан жақын күндері өтеді. Ал салондағы бар қызметті кәсіпкердің өзі-ақ атқарады. «Басты көмекшім – екінші анам» дейді ол бізбен әңгімесінде.
– Ауылда бос отырғанша кәсіп ашайын деген ой келді. Әрине, ең алдымен қолдау білдірген жақындарыма алғысым шексіз. «А студио» сән салонынан, Айзада, Айгерім Асқарбектерден тәжірибемді шыңдадым. Баста тұтынушыларды үйден қабылдап жүрдім. Уақыт өте жоба әзірлеп, 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несиеге қол жеткіздім. Барлық құрал-жабдығымды алып, міне жұмысымды бастап та кеттім, – дейді Айдана Жүнісова.
Сән салонындағы қызмет бағасы қолжетімді. Мұнда атбасын бұрушылар қатары көбейіп, тұрақтылық орнаған. Ауыл тірлігімен біте қайнасқан ол барлығына да үлгеріп отыр. Қалай деймісіз?
– Айдананың бұл жұмысқа икемі барын байқадық. Өзі құрбыларының шашын сәндейтін. Осыны шыңдағысы келді. Оқуын оқыды. Қазір шүкір, барлығына үлгеріп жүр, – дейді кәсіпкердің анасы.
Үй жанындағы шағын сарайдан кәсібін бастаған ауыл келінінің алға қойған мақсаты да көп.
– Кәсіппен айналысу кез келгеннің қолынан келеді. Бастысы ниеті болса болғаны. Жастарға кәсіп ашуға, сол арқылы өзін-өзі қамтуға кеңес беремін. Нарықтық қоғам «алма піс, аузыма түс» деп жатуды көтермейді. Бұл мен армандаған ойдың бірінші сатысы. Ендігі мақсат – осы кәсіпті одан әрі дамыту, үлкейту. Ауыл жастарын жұмыспен қамту, – дейді ол.
Ауылдағы жаңа, жалғыз сән салоны тұрғындарға барынша қызмет көрсетпек. Өйткені, сән мен салтанат құрған жерде кәсіп те дөңгелейді. Айдананың айтуынша, ауылда әсемдік салонының болғаны тұрғындар үшін өте тиімді. Өйткені, мұндағы баға қолжетімді және қалаға барудың қажеті жоқ. Қыз-келіншектерге сұлулық сыйлаған сұлулық салоны осылайша көпке әсемдік сыйлап тұр.
Иә, ниет болса, икем болса кез келген жанның бизнеспен айналысуына болады. Жастардың кәсіп ашуы үшін мемлекет тарапынан ауқымды жобалар қолға алынуда. Еңбектенген адам табысқа жетері сөзсіз. Сұлулық салонын ашып, келешегінен мол үміт күттіретін кәсіпкердің ісіне береке мен толағай табыс тіледік.
– Кәсібімізге тұрғындар қолдау білдіріп, өте жақсы деген бағасын беруде. «Адина» сұлулық салоны заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ауыл халқы бұрынғыдай қалалар мен ауданға барып сабылмайды. Өзіміздің салонға келіп сапалы қызмет алады. Болашаққа құрған арманым өте көп. Армандарды шындыққа айналдыру өз қолымызда екеніне көзім жетті. Алдағы уақытта көптеген жетістіктерге жеткім келеді, – дейді талапты жан.
ЕЛ ИГІЛІГІН ЕСЕЛЕУДЕ
Соңғы уақытта қанатын кеңге жайып келе жатқан жаһандану дәуірі күн санап бізге ауылды сақтау – ұлттық болмыс, ұлттық құндылықтарды, ұлттық рухты сақтаудың бірден-бір жолы екенін нақты ұғындыра бастағандай. Сондықтан ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлігін дамыту бүгінде тек экономикалық емес, негізгі ұлттық мәселеге айналды. Ауылды әлеуетін көтеру ісіне әрбір азамат атсалысып, алтын бесіктегі тірлікті қайта түлетіп жүр.
Ауыл кәсіпкерлігін дамыту бағытында мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар қабылданды. Соның нәтижесінде өткен ғасырдағы 90-жылдардың басында мүлдем тұралап қалған ауылдың тамырына ептеп қан жүгіре бастады. Көптеген іргелі шаруашылықтың негізі қаланды. Қазіргі заманның талабына сай кәсіпкерлік орындар бой тіктеді.
Ақтөбе ауылында монша есік ашып, тұрғындарын шынайы қуанышқа бөлеген еді. Бұл сөзіміз асыра айтқандық емес. Себебі, мұндағы қауымның апта аяғында атбасын тірейтін бірден-бір тазалық орны – осы монша. Ал қыстың көзі қырауда монша жағып, оны қыздырудың аз бейнет емес екені үлкен-кішіге жақсы мәлім. Демек, моншасы болғанымен, оны апта сайын жағып отыруға жағдайы келмейтін тұрғындардың да жағалайтыны осы монша.
Нұрлан Шынарбаев «Жұмыс жоқ» деп қарап отырмастан, несие алып, нартәуекелдікпен ауылдан монша ашып, ауылдастарына нәтижелі істің үлгісін көрсетуде. Ол ауласының бір бұрышынан шағын етіп қоғамдық монша ашып, халыққа қызмет істеп отыр. Қазіргі күні ауыл тұрғындары үшін қажетті әлеуметтік нысанға айналған.
Аптаның аяғы келді дегенше Нұрлан ағаның ұялы телефонына қоңырау шалушылардың қатары былайғы күндегіден асып жығылады екен. Себебі мұндағылар ертемен моншаға түсуге жазылып қояды. Ауыл орталығындағы моншаның қызметі әлдеқашан тоқтап қалса да кәсіпкер бүгінгі таңда жұмысын қайта жалғастыруда.
– Бұрын ауылымызда монша халыққа жұмыс жасайтын. Кейін оның қызметі тоқтап қалды. Бертін келе соның ізін қайта жандандырсам деген ой келді. Сөйтіп екі-үш жыл бұрын жоспар құрып, өз қаражатыммен іргетасын тұрғыздым. Қалған жабдықтарға ақшам жетпеген соң мемлекет қолдауымен 6 процент жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. 3 миллионға жуық қаржының жобасында ақша құйылып, былтыр күзде моншаны іске қостық. Қазір шүкір, ауыл тұрғындары үйренді, алдын ала тапсырыс берушілердің қатары көбейіп келеді. Сенбі, жексенбі күндерінен бөлек 5-6 адам хабарласып жатса монша жаға беремін. Ақысы қолжетімді, – дейді кәсіпкер.
Бөлмелері кең, жарық әрі түсем деушілерге жағдай жасалған. Жуынатын бөлмеден бөлек отырып демалатын дәлізі тағы бар. Ішінде санитарлық тазалыққа аса мән берілген. Қысқасы қаладағы қоғамдық моншадан кем түспейді.
– Өз қолыңмен тірлік істесең тамағың тоқ болары сөзсіз. Қашанда еңбек еткен адамның еңсесі биік, ісі мығым болады. Еңбектену – береке, ырзықты шақырады. Кәсібімнің көкжиегі кеңеюі Алланың, одан соң халықтың арқасы, адал еңбегіміз, маңдай теріміздің жемісі. Несібе – еңбек еткенде. Бар күшімізді жиып, кәсібімізді одан әрі дамытқымыз келеді. Бизнесті сәтті жүргізу үшін күнделікті тынбай еңбектену қажет, сонымен қатар үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылмаса барлығы бекер болады. «Адамды көркейтетін – еңбек» дегенді алға тартамын. Сондықтан аянбай еңбек етіп келеміз, – дейді моншаның иесі.
Иә, әрқашан адал нәпақасын табуға талпынған жан жетістікке жетпей қоймайды. Ел батасымен көгеріп, адалынан еңбек еткенде ғана мақсатың айқын болары хақ. Қолда бар қаражатты кәсібіне құйып, кейін еселеп қайтару үшін алдымен істің көзіне машықтану керек. Осының барлығын бір арнаға ұштастырған жеке кәсіпкер Нұрлан Шынарбаевтың келер күннен күтер үміті көп.
ТҮЙІН Ауыл – қазақтың алтын ұясы. Өңір экономикасын дамытуда ауылдың әлеуетін көтерудің де маңызы жоғары. Бүгінде түрлі бағдарлама біршама жылдан бері жүзеге асырылып, ауыл-аймақтың даму үдерісі назарға алынып келеді. Өңірдің көптеген аймақтарында ауыз су, жол, газдандыру, мектеп, балабақша секілді түйткілді мәселелер шешіліп, ауыл халқының тыныс-тіршілігінде жаңа бір леп пайда болғандай. Біз баяндаған Ақтөбе ауылының қазіргі келбеті ажарлана түскен. Онысын жүзеге асып жатқан жарқын жобаларынан, көкжиекке құлаш сермеген кәсіпкерлігінен байқадық. Тұрғындардың әлеуметтік әлеуеті жақсарған. Иә, ауыл – қазақ елінің жүрегі. Қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі. Өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны бөлек екені әмбеге аян. Ал ауылды өркендету – ұлттық экономикамыз бен мәдениетімізді жаңғыртудың тірегіне айналмақ. Ауылға көңiл бөлу, оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс. Кез келген экономикалық реформаның түпкi мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл жолда атқарылған, алдағы уақытта атқарылар жұмыс легі тоқтамақ емес. Демек, ауылдың шын мәнінде ел бесігіне айналып, отандық ауылшаруашылығы өнімімен ірі қалалардан артығымен қамтамасыз ете алатын деңгейге көтеріле алатынына да сеніммен қарауға болады.
Айнұр ӘЛИ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (суреттер)

24 тамыз 2022 ж. 381 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930