Жаңа кешен бой көтеруде
Экономиканың негізгі бағытының бірі – құрылыс саласын жандандырып, өңірлердің әлеуметтік- экономикалық ахуалын арттыру мақсатында атқарылып жатқан істер аз емес. Одан бөлек түрлі бағдарлама шеңберінде аймақта нысандардың құрылысы қарқынды дамуда. Соның бірі – «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақай ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің салынуы.
Елді мекенде осыған дейін аудандағы No16 денешынықтыру-сауықтыру спорт мектебінің бөлімшесі жұмыс істесе, енді спорт кешенінің жабық ғимараты алғаш рет бой көтеруде. Елдегі бұл салаға қолдау көрсету – өңірдің ішкі мүмкіндіктерін көрсетіп, спорттағы жетістіктерді еселеуге жол ашады. Бұқаралық денешынықтыруды одан әрі дамытуға жағдай жасайды.
Кешен мемлекеттік бағдарлама аясында салынуда. Басты мердігер – «Өмірзақ» ЖШС. Нысанның жалпы аумағы 1 гектарды алып жатыр. Биылғы жылдың сәуір айында басталған ғимараттың бой көтеруіне республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Қазіргі таңда нысан аймақ басшысының тікелей бақылауында.
– Ғимараттың ең негізгі жұмысын бітірдік. Яғни металл конструкциясы құрылысын аяқтадық. Осыдан кейін сыртқы қаптау жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда табанын бетондап жатырмыз. Мұндағы жұмысшылар жергілікті жердің жігіттері. Қосымша жұмыс көбейіп жатса, тағы да адамдар тартамыз. Бұйырса кешен құрылысын мерзімінен бұрын аяқтаймыз деген жоспарымыз бар, – дейді құрылыс бастығы аға прораб Кенжетай Қалекеев.
Спорттық кешенде спортшылардың жаттығуы үшін барлық жағдай жасалмақ. Яғни, заманауи қондырғылар қойылып, келушілерге еркін жүруге мүмкіндік жасалады. Аудандық денешынықтыру-сауықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаев болашақта жаңа кешеннің өңір спортының өркендеуіне өзіндік үлесін тигізеріне сенім мол екенін айтады.
– Кешен үш блоктан тұрады. Бірінші ойын залы, екінші атлетика залы және үшінші тренажер залы болмақ. Алдағы уақытта жаңадан іргетасы қаланған нысанда республикалық және халықаралық деңгейде жарыстар өткізетін болады. Дәл осы еңселі ғимараттан еліміздің намысын қорғайтын, мықты жас спортшылар шығады деген үміттеміз, – дейді ол.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
Суреттер автордыкі