"Кәсібімізге сұраныс бар"
Ақай шағын ауылда осы жылы да кәсіп ашып, өзгелерге үлгі болып отырған отбасылар бар. Жалпы кәсіп ашу – бұл үлкен тәуекелді қажет етеді. Себебі кәсіптің өз заңдылығы бар. Одан ауытқығанның салы суға кетіп, талайдың өндіремін дегені өнбей қалғаны да сондықтан. Кәсіпкер ой жинақтап айтқанда, бүгінгінің батыры.
Осындай қайратын жинап, кәсіп ашуға бел буғанның бірі – Гүлбану Әбдимұратқызы. Шағын жайда шағын кәсібін бастаған жас келіншекпен әңгімеміз әп дегеннен жараса кетті. Ашық, жарқын мінезді сіңіліміз адам жатырқамайды екен. Кәсіпті қалай бастады, ол қалай өрбіп жатыр деген сынды сауалдарымызға байыппен жауап беріп, жылы шырай танытты.
– Биылғы жылдың мамырында жұмсақ нан өнімдері кәсібіміздің тұсауын кестік. Бұған дейін ойланып-толғанып жүрген болатынмын. Мені әсіресе қандай кәсіп ашсам болады, неден бастасам екен деген сұрақтар жиі мазалады. Отбасымызбен ойласа келіп, осы жұмсақ нан өніміне тоқталдық. Ауылда жылдам дайындалатын тағам түрлеріне сұраныстың бар екенін білгеннен соң тәуекел етіп, бастап жібердік. Басында тәттілер пісірсек пе екен, әлде жылдам тағайындалатын тағамдар дайындасақ па екен? деп қайсысына шешім қабылдаймыз деп екі ойлы болғанбыз. Сөйтіп, зерттей, зерделей келе екіншісіне тоқталдық. Олай дейтінім – жолдасым Рустам Мұратбайұлымен және балаларымызбен ойласып, ақылдасып фасфуд өнімдеріне таңдау жасадық. Оған қуанбасақ, еш өкінбейміз, – дейді жұмыс істегеніне көп бола қоймаса да кәсіптеріне сұраныстың барын жасырмаған Гүлбану Мукумниязова.
Оған қоса кәсіпкерге жылдам дайындалатын тағам түрлері бұрыннан да ұнайтынға ұқсайды. Әрі оны өзіне ыңғайлы санайды.
«Шынымды айтсам, фасфуд өнімдерін ұнатқаныммен өз басым оны дайындап көрген адам емеспін. Дегенмен тамақ пісіру, асхана ісімен айналысу о бастан-ақ сүйікті ісім. Дәмді дүние дайындағанды жақсы көремін. Мақсатымыз сол, халыққа сапалы қызмет көрсетіп, нәпақамызды тапсақ дейміз. Елдің алғысын алу жұмысымызға серпін бермек» дейді кәсіпкер ана.
Гүлбану қазір асханасында 1 адамды жұмыспен қамтып, ауылдағы жұмыссыздар санының сәл де болса азаюына септігін тигізуде.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)