» » Әкімдер есебі: Ел тілегі ескерусіз емес

Әкімдер есебі: Ел тілегі ескерусіз емес

ЖЫЛ САЙЫН ӨТЕТІН ӘКІМДЕРДІҢ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫ БАСТАЛҒАН БОЛАТЫН. ОНДА ӨТКЕН ЖЫЛДАҒЫ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЛЕГІ МЕН АЛҒА ҚОЙҒАН  МАҚСАТ-МІНДЕТТЕР ТАНЫСТЫРЫЛЫП, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ.
Сейсенбіде аудан әкімінің орынбасары Жандос Еркінбек ІІІ Интернационал, Жосалы, Қармақшы ауылдық округтері әкімдерінің есебіне қатысып, тұрғындармен кездесті. Ауыл әкімдері бір жылда атқарылған жұмыстар легіне тоқталып, алдағы жоспарын да баяндады. Сонымен қатар кездесуде тұрғындарды толғандырған мәселелер кеңінен талқыланып, елді мекендерді дамыту мақсатында атқарылатын жұмыстар сараланды.
Аудан әкімінің орынбасары Ж.Еркінбек тұрғындар тарапынан қо­й­­­ылған мәселелердің шешілу жолдары бойынша нақты жауабын берді. Кейбір мәселелерді зерттеу қажетін айтып, бөлім басшыларына тапсырма берді. Сондай-ақ, бірден барлық мәселені шешуге бюджеттің мүмкіндігі жетпейтінін ескертіп, тұрғындарды түсіністік танытуға шақырды.
Былтыр ІІІ Интернационал ауыл­дық округінде «Ауыл – ел бесігі» бағ­­­дарламасы аясында 3 көше жөн­деуден өткен. Ал Қармақшы ауылдық округінде аяқ су келтіру мақсатында Сырдария өзенінен 5,3 шақырым қашықтықта Қасқыр Наметша каналын қазу жұмыстары жүргізіліпті.
Айта кеткен жөн, ауылдық округтерде жергілікті әкімдіктің қол­дауымен тұрғындарға кәсіп­керлікті мемлекеттік қолдау бағдар­ламалары аясында несиелендіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары биыл Қармақшы ауылының 2 көшесі мен Жосалы ауылының Жеңіс көшесін орташа жөндеуге, Жосалы ауылындағы  «Балалар ойыны және спорттық тренажер алаңының» құрылысын салуға жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, қазіргі таңда аталған жобаларды іске асыруға қаржы қарастырылып жатқанын жеткізді.
Бейсенбідегі ауыл әкімдерінің есебі Ақай ауылы мен Төретам кен­тінде жалғасты. Алдымен Ақ­ай ауылының әкімі Эльмира Кази­ева­ның 2021 жылы атқарған жұ­м­ыстары мен алдағы міндеттері туралы халыққа есеп беру жиыны өтті. Есептік жиынға аудан әкімі Қайрат Нұртай мен аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Ауыл әкімінің айтуынша, ауылда 2021 жылы кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асқан. 
– «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 11 жоба несиелендірілді.              «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 жоба жеңімпаз атанып, құны 5 млн 834 мың теңгеге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар берілді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 15 жоба бойынша 50 340 мың теңге қаржыландырылды. Ақай ауылдық округі бойынша 8 өндірістік жоба жоспарланған. Қазіргі таңда 8 жоба іске асырылып, қызмет көрсетуде, – деді ауыл әкімі Э.Қазиева.
Ауыл әкімінің есебі тыңдалған соң тұрғындар талап-тілегі мен көкейде жүрген сауалдарын жолдады. Мәселен ақайлық кәсіпкер былтыр 22 бас сиыр алғанын айтты. Алайда оны жаятын жер жоқ деді ол.
– Мал жайылым жер болмаған соң арғы бетке айдап апарып едім, сасық су ішіп іш тастады. Содан алған пайдам қане? Бізге қалқымалы көпір керек. Өзге аудан, ауылдан біздің еш жеріміз кем емес. Аманөткел, Қосжар, Жаңақұрылыс, Қызылжар, барлығында қалқымалы көпір бар. Одан соң былтыр шөп сатылды. Әлеуметтік желіде оның арзан бағада сатылғаны жарияланды. Бірақ олай болған жоқ. Келген шөпті адам басына 20 престен алдық. Ол преспен мен барлық малымды қалай асыраймын? Әлгі сасық судан су ішкен малдың еті қандай болады? Оны халық жейді, сүтін халық ішеді, сонда не болады? – деді ауыл тұрғыны наразылығын білдіріп. 
Өз кезегінде аудан басшысы ауыл тұрғындарының аяқ су, жайылымдық жерлер, ауылішілік газ құбырларын жүргізу, электр желілерін жөндеу және тағы басқа өзекті мәселелер бойынша қойған сауалдарына жауап беріп, бұл мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шаралар қабылданып, кезең-кезеңімен іске асырылатынын жеткізді.
– Қалқымалы көпірді орнату жайындағы ұсыныстарыңыз дұрыс. Ендігі жүйелі ұйымдастырылып, нақты шаралар қабылдануы тиіс. Ал ауылдағы көгілдір отын мәселесіне келер болсақ, бұл мәселе шешілуге таяу. Республикалық бюджет нақ­тылануында тиісті жұмыстарды ат­­қаруға қажетті қаражат бөлініп, әрі қарай мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес жеңімпаз мердігер анықталғаннан кейін жұмыстар басталатын болады, – деді аудан әкімі Қайрат Нұртай. 
Одан соң Төретам кентінде ор­наласқан клуб үйіне жиналған көпшілік кент әкімі Ғалымжан Елеусіновтің тұрғындар алдындағы есебін тыңдады. Баяндамасын өткен жылы атқарған оңтайлы істермен бастаған кент әкімі әр салаға жеке-жеке тоқталды. Мәселен, 2021 жылы Төретам кентінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 20 көшеге орташа жөндеу жүргізілген. Кәсіпкерлік саласы бойынша бизнесті қолдау мемлекеттік бағдарламалары шең­берінде 76 жоба – 333,3 млн теңгеге қаржыландырылған. 5 жобаға 2 млн 917 мың теңге грант берілген. Сонымен қатар, кентте 8 шағын өндіріс цехы іске қосылған. Кент әкімінің айтуынша, мәдениет, білім, денсаулық, спорт салаларын дамытудағы жұмыстар да жүйелі түрде іске асуда.
Жиында кент әкімі атқарылған істерді тізбектеп болған соң сұрақ қойып, талап-тілектерін білдірген тұрғындардың қарасы қалың еді. Көпшілікті толғандырған негізгі сұрақтың бірі – Төретам кентінің санитарлық тазалық жұмыстарын бір ретке келтіру және кентке табиғи көгілдір отын қосу. Бұл ретте аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы Төретам кентіндегі бұл мәселелермен жіті таныс екенін және олардың шешу жолдарын қарастырып жатқанын айтты.
– Төретам кентінің тұрғыны Әділбек Утебаевтың айтқанына сәйкес, кентте арнайы тазалық мекемесін ашу 1 күнде немесе 1 айда шешілетін мәселе емес. Мұның шешу жолын тиісті сала мамандарымен қарастырудамыз. Жалпы 2021 жылы кентте тазалық жұмыстарын жүргізуе 2 млн 551 мың теңге қаржы бөлініп, ЖК «Л.Утебаева» (1221,0 мың теңге) және «Әділет Строй Қызылорда» ЖШС-мен (1330,56 мың теңге) келісім-шарт жасалып, тазалық жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, істелген жұмыстарға халықтың көңілі толмауы жауапты мердігерлердің халықпен келіссөз жүргізіп, өз жұмыстарын тиімді ұйымдастыра алмауында. Себебі осы жұмыстар көршілес Ақай ауылында және аудан орталығы Жосалы кентінде дәл осындай қаржымен өз деңгейінде жүзеге асырылып отыр. Ал Төретам кентіне көгілдір отынды кіргізу мәселесіне келетін болсақ, бұл мәселе жақын арада шешіледі. Нау­рыз айында республикалық бюджет нақтылануында  тиісті жұмыстарды атқаруға қажетті қаражат бөлініп, әрі қарай мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес жеңімпаз мердігер анықталғаннан кейін жұмыстар басталатын болады, – деді аудан әкімі Қайрат Нұртай.
Бұдан бөлек аудан басшысы тұрғындар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап қайтарды. Орындысына өзі араласатынын айтып, ел тілегі ескерусіз емес екенін жеткізді.

Айнұр ӘЛИ
Ерсін Әбләкиев (суреттер)

19 ақпан 2022 ж. 432 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031