Цифрлық дәуірде қалай нәтижелі жұмыс істеуге болады?
Әрбір мекемеде еңбек ресурстарын оңтайландыру қажеттілігі туындайтын уақыт болады. Бұл өз кезегінде компанияның дамуы мен тұрақтылығын сақтау, нарықта табысты болу және жетістікке жету үшін аса маңызды. Бүгінгі материалымызда цифрлы дәуірде бизнесті оңтайландырудың үш әдісі жайлы айтып бермекпіз.
№1 кеңес – қағазбастылыққа жол бермеңіз. Бүгінде құжаттарды мемлекеттік органдарға қағаз күйінде апарып өткізудің қажеті жоқ. Оның орнына қажетті қағаздарды электронды күйде арнайы порталдарға жүктеуге немесе пошта арқылы жіберуге болады. Бұған қоса, электронды үкімет арқылы қажетті анықтамаларды электронды түрде алу қарастырылған.
Сонымен қатар, қазіргі таңда көптеген бағдарламалардың көмегімен кеңседегі іс қағаздар айналымын реттей аласыз. Егер құжаттың қағаз нұсқасы аса қажет болмаса, оны электронды күйде сақтаған тиімдірек.
№2 кеңес – онлайн мүмкіндіктерді пайдаланыңыз. Қазіргі таңда барлық қызметтердің онлайн түрде жүзеге асырылуы азаматтардың өмірін біршама жеңілдетті. Тіпті, қазірдің өзінде жеке кәсіпкерлікті де онлайн ашып, лицензияны үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, алу қарастырылған. Салық төлеу үшін де онлайн банкингті пайдалана аласыз.
Ұйым тарапынан онлайн технологиялармен жұмыс істеуге бет бұрыңыз. Бұл тұрғыда сізге CRM (Клиенттермен қарым-қатынасты басқару жүйесі) мен корпоративтік месенджерлер көмекке келеді.
Сондай-ақ, чат боттарды қолдануды ұмытпаңыз. Мұндай чаттар клиентпен жұмыс істеу сапасын арттырады. Дегенмен онлайн чатты қолданғанда оның жұмыс уақытында қолжетімді болуын және сұрақтарға тез жауап берілуін қамтамасыз етуді естен шығармаңыз.
№3 кеңес – заманауи мүмкіндіктерге ие банкпен жұмыс істеңіз. Бизнестің табысты болуы үшін кірістер мен шығындарды бақылау мен талдаудың ыңғайлы құралдары қажет. Сондықтан бизнес үшін онлайн банкингті таңдаудан шатаспаған дұрыс.
Интернет банкинг таңдағанда мына дүниелерге назар аударыңыз:
- ыңғайлы жеке кабинет;
- қызметтердің тұрақты жұмыс істеуі;
- тәулік бойы қолдау;
- есептік жазбамен негізгі әрекеттерді орындау мүмкіндігі бар мобильді қосымша;
- қызмет көрсету, аударымдар және басқа операциялар үшін қолайлы тарифтер.