Тіршілікті тіктеген кәсіп
Экономиканың күретамыры, халықты таза табиғи азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын жалғыз арна – ауыл шаруашылығы. Бұл саланы қолға алып, әлі де дамыту керегін Елбасы да, Президент те үнемі айтып келеді. Ауыл шаруашылығы немесе кәсіптің өзге де түрімен айналысқысы келетіндер аз емес, алайда көп жағдайда не істерін білмей дал болады.
Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деушілерге қолдау көрсетіліп, түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Еңбек» бағдарламасы жан-жақты қызмет атқаруда. Оның игілігін Ақай ауылының тұрғыны Мейрамкүл Шәриева көріп отыр. Ол осы жылы аталған бағдарлама аясында жоба әзірлеп, 583 мың теңге көлеміндегі грантты жеңіп алды.
– Қармақшы ауданының тумасымын. Ақай ауылына көшіп келгеніме 15 жылдай уақыт болды. Көктемде қайтарымсыз несие алу үшін мүйізді ірі қараға деп жоба дайындадым. Солай бұзаулы сиыр мен өгіз алып, жұмысқа кірістім. Жаман емес, жем-шөбін алып қарап отырмын. Сүтін, қатығын сатып күнелтудеміз. Әрі қарай да мал басын көбейтемін деген жоспарым бар, – дейді ол.
Анаубір жылдары Елбасының «2 сиыр ал да кәсіп ет» дегені көпшіліктің қызу талқысына түскен болатын. Бірі одан пайда болмайтынын алға тартса, ендігісі осы пікірге орай жобасын әзірледі. Ал оны одан әрі жетілдіріп, көкжиегін кеңейткендер арамызда бар. Оған дәлел бүгінгі біздің кейіпкеріміз. Оның айтуынша, талап бар жерде барлығы да болады. Ал сабырлық пен төзімділік ұштасса алынбайтын қамал жоқ. Иә, 7 баланың анасы, алтын алқалы Мейрамкүлдің ұстанымы осы. Мал шаруашылығымен біте қайнасқан ол нендей кедергі болмасын, тек кеудедегі үмітін өшірген емес.
– 8 жылдай уақыт болды, жолдасым 1 топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Балаларымызды өсіріп, тәрбиелеп, қазір немерелеріміздің қызығын көріп отырмыз. Егер шынайы ниет болса, несібең бос кетпейді. Осы шаруаны қолға алып, еңбекпен күнімізді көріп жүрміз. Ешқандай кедергіге тосылмай, тек алға ұмтылу керек. Әрі тәуекел ете білсең жемісін өзің көресің, – дейді Мейрамкүл Шәриева.
Оның сиырларын суретке түсіру үшін қораға кірдік. Есіктен енген иесін көрген сиыр да, алыстан мөңіреген бұзау да осы жанның жолын
тосқандай қиыла қарап тұр. «Қызылбай, Қаракөз» деген кейіпкеріміздің дауысы тіпті жұмсақ шықты. Ол кім болды екен деп қызықтасақ, түпкі қорада қамаулы тұрған үш бұзау екен. Иесінің жанына жақындап, мейірім сыйлаған бір кадр фотоаппаратымызға сыя кетті. Ал шыға берісте кепеде жайғасқан тауықтарды көрдік. Мейрамкүл апай да бүгінгі туған жұмыртқасын жинап жатты. Оның қасындағысында бір топ көгершін көркем келбетімен иланып-ақ қояды. «Мына тауықтар аз болса да өнімін беріп отыр. Бос отырғаннан азын-аулақ дүниені жаратып отырғанға не жетсін? Ал бұл көгершіндер жолдасымдыкі. Осының кереметін қызықтап, аспанға қалықтатып билеткенді жақсы көреміз» дейді көпбалалы ана сөз арасында.

Иә, бүгінде ел игілігіне арналған бағдарламалар көп. Тек оның тиімділігін пайдалана білуге ізденіс қажет. Кәсіп еткісі келгенге, еңбекпен көктеймін дегенге игі бағдарламаларға арқа сүйеген әлдеқайда тиімдірек десек артық айтқандық емес. Көкжиегің кеңейеді, тіршілігің тіктеледі. Тек талабың мен тәуекелің аласармаса болғаны.
Айнұр ӘЛИ
суреттер автордыкі