Еуропалық Одақтың жүлдесін иеленді
Қазақстанның баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері, жерлесіміз Нұрсұлтан Мықтыбай Еуропалық Одақтың «WECOOP» жобасы аясында Орталық Азия журналистері арасында өткізілген «Биоалуантүрлілікті қалпына келтіру – біздің жалпыға ортақ міндетіміз» атты халықаралық байқауда ІІІ орынды жеңіп алды. Жоғары дәрежелі марапат жерлесімізге 5-13 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен Еуропалық Одақтың арнайы бағдарламалар кешені аясында табысталды.
Аталған халықаралық байқау Еуропалық Одақ қаржыландыратын «Еуропалық Одақ – Орталық Азия: су ресурстары, қоршаған орта және климаттың өзгеруі саласындағы ынтымақтастық» («WECOOP») жобасы аясында өткізіліп отырған тұңғыш конкурс. Негізгі мақсаты – қарапайым халықтың биоалуантүрліліктің жоғалуы, экожүйелердің тозуы, ресурстардың сарқылуы, климаттың өзгеруі дағдарысы туралы хабардар болу деңгейін арттыру, сондай-ақ өндіріс пен тұтынудың тұрақты модельдеріне және тұйық циклді экономикаға, яғни, «жасыл экономикаға» көшудің шұғыл қажеттілігін насихаттау.
Байқауға Орталық Азияның Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттерінен барлығы 100-ден аса журналист қатысқан. Конкурстың ережесі мен техникалық талаптарына толық жауап беретін 37 журналистің 67 жұмысы келесі кезеңге жолдама алды. Ал, ақтық сында 13 БАҚ өкілінің түрлі жанрдағы 22 жұмысы сарапқа салынды. Нәтижесінде, І орынды өзбекстандық журналист Анастасия Павленко «Зарафшан ұлттық паркі: күрделі жағдай шұғыл назар аударуды қажет етеді», ІІ орынды қырғызстандық Владислав Ушаков «Қырғызстанды кім және не жояды немесе ұлттық экоцидтің ерекшеліктері» атты сараптамалық мақаласымен жеңіп алды.
Жерлесіміз Нұрсұлтан Мықтыбай болса «Қазақстандық киік қорғаушылар: адамзатты алаңдатқан ақбөкен мен инспекторлар тағдыры» атты репортажымен ІІІ орын иегері атанды.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткен Еуропалық Одақтың Орталық Азия мемлекеттерінің экологиялық мәселелері мен оның шешу жолдарын талқылаған кеңесінде ұйымдастырылды. Жүлделерді Еуропалық Одақ Жоғары басшылығының Орталық Азиядағы өкілі – «WECOOP» жобасын іске асыру тобының жетекшісі, Латвия мемлекетінен арнайы келген Валтс Вилнитис мырза тапсырды.
– Саламатты, тұрақты және ластанбаған таза табиғат пен экожүйелер – біздің денсаулығымыз бен әл-ауқатымыздың кепілі. Алайда, біз қоршаған ортаның ресурстарын тұрақсыз түрде пайдалануды жалғастырып келеміз. Бұқаралық ақпарат құралдары халыққа осы мәселені жеткізуде, табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға шақыруда, кертартпа көзқарасты өзгертуге маңызды рөл атқарады. Біз жоюшы емес, қалпына келтіруші ұрпақ болуға тиістіміз. Бүгінгі жеңімпаздардың әрбір мақаласы осындай мәселені төтесінен қоя білуімен, оны оқырманға ұғынықты тілмен жеткізуімен құнды, – деп атап өтті Валтс Вилнитис.
Жеңімпаздар 7 күн бойы Қырғыз Республикасының 3 облысы мен 4 қаласында, ауылдарында болып, қоршаған ортаны қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
– Қырғыз ағайындар дәл осы экология мәселесіне келгенде бізден озып тұр. Айыр қалпақты бауырлар қоршаған ортаны қорғауда шетінен патриот. Атқарып жатқан жұмыстарына қарап сүйсінесің. Әр ауылдың қарапайым тұрғыны өздері тұратын табиғатты сақтап қалуға өзіндік үлесін қосуды парызым деп санайды. Мәселен, кішкентай ғана Новопокровка ауылының тұрғыны Салтанат Сеитова өзінің үйінен «Жабайы аңдарды оңалту орталығын» ашып қойған. Оны жергілікті тұрғындар «Үлкен жүрек иесі» деп атайды. Браконьерлерден зардап шеккен немесе жараланған аң-құстарды емдеп, қайтадан қатарға қосумен айналысады. Ал өз еркімен күн көре алмайтындарын орталықта паналатып, бағып-қағады. Осы орталықта Қазақстанның қар барысы бар. Кәдімгі барыс. Браконьерлер атып, оң жамбасын жаралаған. Екі көзі мүлдем көрмейді. Аңшылардан қашқанда тасқа соғып, жанарынан айрылған. Салтанатқа бұл барысты Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасындағы Қырғыз Алатауының төменгі жотасынан шекарашы сарбаздар тауып алып, әкеліп беріпті. Барыстың оң жамбасын емдеп жазғанмен, қос жанарын қалпына келтіру мүмкін болмапты. Бүгінде біздің еліміздің символы саналатын барыс әлгі орталықта қазақстандық қаскөйлердің зұлымдығының тірі белгісіндей болып өмір сүріп жатыр. Жалпы, Қырғызстанда болған 1 апта бізді өзіміз өмір сүріп отырған қоршаған ортаға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашқан естен кетпес ерекше күндер болды, – дейді Нұрсұлтан.
Айта кетейік, 2020 жылдың қыркүйегінде БҰҰ-ның «Биоалуантүрлілік саммитінде» Еуропалық Одақ пен барлық аймақтардан қатысқан 84 мемлекеттің көшбасшылары «Қоршаған ортаны қорғау міндеттемесін» қабылдады. Бұл міндеттемені қабылдаған мемлекеттердің алдына күш біріктіріп, орнықты даму және 2030 жылға дейін биологиялық алуантүрлілікті қалпына келтіру мақсаты қойылды. Оның ішінде Қазақстан да бар.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ