Балаларды баулыған бар өнерге
Байқоңыр іргесіндегі мекенде жағымды жаңалықтар легі күннен-күнге көбеюде. Байқасаңыздар Төретам кенттік клуб үйінде соңғы уақыттарда жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Түрлі бағыттағы іс-шаралардың ұйытқысы болып жүрген мәдениет саласының мамандары клуб ішінен үйірмелер ашуда.
Атап айтар болсақ, «Ай-назым» би үйірмесі, «Қоңыр саз» домбыра үйірмесі, «Самғау» вокал үйірмесі, «Мөлдір өнер» актерлік шеберлік үйірмесі және «Көркемсөз оқу» үйірмесі ашылып, қазіргі таңда жұмыс жасауда. Балалардың аталған үйірмелерге қатысуға қызығушылығы жоғары.– Ұлттық өнер, өнер – ол идеология. Сондықтан тілдің тазалығы, ойлау, әдемілікті көру, сезіне білу, ортада өзін еркін ұстау, өз ойын еркін жеткізу деген асыл қасиеттерге баулитын – өнер. Балалардың бос уақытын пайдалы іспен айналысуға икемдеу мақсатында ашылған үйірмелерге ынталы балалардың барлығы қатысуға болады. Өлкенің тамаша талантты жастарын, бүлдіршіндерін аталған үйірмелерден дәріс алуға шақырамыз. Айта кетерлік басты жетістігіміз мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ұлттық би үйірмесі ашылып, нәтижесінде балаларды оған алдағы уақытта тегін қатыстыру жоспарлануда. Әзірге бір маманмен қамтылды. Балаларға арналған үйірмелер ашу, олардың бос уақытын тиімді өткізу – Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді, – дейді Төретам кенттік клуб үйінің меңгерушісі Ақмарал Кішкентаева.
Қазақстанның баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері, жерлесіміз Нұрсұлтан Мықтыбай Еуропалық Одақтың «WECOOP» жобасы аясында Орталық Азия журналистері арасында өткізілген «Биоалуантүрлілікті қалпына келтіру – біздің жалпыға ортақ міндетіміз» атты халықаралық байқауда ІІІ орынды жеңіп алды. Жоғары дәрежелі марапат жерлесімізге 5-13 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен Еуропалық Одақтың арнайы бағдарламалар кешені аясында табысталды.
Г.ДҮЗЕНОВА