Ауданда жаңа құрамның алғашқы сессиясы өтті
Аудан әкімінің қатысуымен Қармақшы аудандық мәслихатының VII шақырылымының алғашқы сессиясы өтті.
Сессияның күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілмес бұрын аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Құлдүйсенов Әбдірахман 10 қаңтарда өткен саяси науқан қорытындысымен депутат болған 13 халық қалаулысына куәліктер мен төсбелгілерін табыстады.
Жиында сөз алған аудан басшысы ауданымыздың әлеуметтік – экономикалық дамуында мәслихат жұмысының ерекше орын алатынын атап айтып өтті.
– Бүгін өздеріңізге мандаттық белгілеріңіз табысталып отыр. Осы ретте игілікті істердің бастауындағы қызметтеріңізге сәттілік тілеймін! Сіздер заңдарымыздың қоғамда қызмет етуіне бұқара халықпен тығыз байланыс жасап, халықтың үнін жергілікті атқарушы органдарға жеткізуде белсенді жұмыс атқарып, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда, ауданыды дамытуда маңызды бастамаларды көтеруде ерекше белсенділік көрсетеді деген сенімдемін, – деді аудан әкімі Мұса Қалдарбеков.
Алғашқы сессияда алдымен аудандық мәслихат хатшысын сайлауды халық қалаулылары ортаға салды.
Аудандық мәслихат хатшысы лауазымына осыған дейін Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған Қошалақов Әділ Үсенұлының кандидатурасы ұсынылып, халық қалаулылары тарапынан бір ауыздан қолдау тауып, күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілді.
Өз кезегінде мәслихат хатшысы Әділ Үсенұлы артылған сенімге сызат түсірмей қызмет атқаратынын жеткізіп, бір ауыздан қолдаған әріптестеріне алғысын білдірді.
Мұнан кейін аудандық мәслихат депутаты бірінші сессияның төрағасын сайлап, күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілді.
Ауданда сайлау қорытындылары бойынша екі партия өкілдері мәслихатта мандат иеленді. Атап айтқанда оның 11 мандатын «Nur Otan» партиясы, 2 мандатын «Ауыл» партиясы иеленді.
"Қт" ақпарат