ҚОС СӘКЕҢ

Бәрі-бәрі де күні кешегідей көз алдымда. Аманкелді мен бұрынғы Совет көшелерінің қиылысар тұсындағы кең қолтық қуыста бөлмелері бір-бірімен жалғастырыла салынған тоқал там болатын. Бұл - «Қызыл ту» газетінің кеңсесі. Осы үйдің аядай бөлмелерінде иін тіресіп отырып, күндіз-түні көз майын тауысқанша мақала жазып, газет шығарған күндеріміз әлі күнге дейін есімде. Ол бір жақсы да жарасымды күндері мол қызық шақ еді. Редактордың орынбасары мен бөлім меңгерушілері, әдеби қызметкер мен корректор бір бөлмеде бірге отыратынбыз. Байқаймын, барлығынан да ең кішісі мен екенмін. Жұмыс қауырт. Мақала жазудан басқа тілші хаттарын қорыту деген бар. Жұмыстың ең ауыры да – осы хат қорыту. Әр автордың түпкі ойы мен жазу мәнерін сақтай отырып, жібі түзу мақаланы жазып шығуымыз керек.
Бәріміз бірге отырған соң емен-жарқын әңгімелесіп, ой-пікірлерімізді ортаға саламыз. Ортамыздағы әңгімешіліміз – қос Сәкең. «Қос Сәкең» деп отырғанымның бірі Смайл Ақжігітов те, екіншісі Сапабек Махмутов. Смайл әңгімені майын тамызып, тыңдар құлаққа жағымды етіп, әсерлі айтады. Сапекең әзіл сөзге құмар. Үлкен демей, кіші демей, кейде құрдастарша әзілдесіп, отырғандарды бір желпінтіп тастайды.
– Сен осы мақала жазуды әкеңнен үйрендің бе? Ол кісі редактор болған ғой, – деп қояды кейде Сапекең аға.
– Бәрін әкем үйретті деп айтсам, әсіре сөз болар. Бірақ қалам тартып машықтануыма ықпал жасағаны рас. Өлең, мақала жазу о басында-ақ менің балалық әуестігіме айналған өнер. Мектеп қабырғасында жүргенімде республикалық балалар газетінде мақалаларым шықты. Алғашқы мақаламның 1953 жылы «Қазақстан пионері» газетінде жарық көргені есімде. Ол кезде мен 7 сыныпта оқитынмын.
– Бірақ бұл білім бізге аздық етеді, – деп бір қойды Сапабек аға әңгімені әрі қарай өрбіткісі келгендей ой тарқата сөйлеп.
– Екеуміздің де бар болғаны бітіргеніміз орта мектеп. Ал, осында қызмет ететіндердің бірқатары КИЖ бен университетті бітіргендер. Солардың дәрежесінде білім алмасақ, бізге оңай болмайды.
Ағаның бұл әңгімесі маған жағып отыр. Осының алдында ғана редактор Ә.Сатыбалдиев: «Бізде бір-ақ жыл әдеби қызметкер боп жұмыс істеп, университетке оқуға түскен екі жас азамат болған. Сен де солардай жоғары білім алу жағын ойыңа ала жүр. Орта мектеп кәсіби білім алудың бастамасы ғана», – деп ағалық ақылын айтқаны бар-ды.
Мені газеттегі жұмыс қатты қызықтыратын. Сондықтан да жұмыс істей жүріп, сырттан оқып білім алсам деген ой көптен бері көкейімде жүрген. Не керек, сонымен ойға алғанымыз үміт баспалдағына айналып, Сапабек аға екеуміз Алматыдағы КазГУ-ге оқуға түсуге аттандық. Бұл 59-шы жылдың жазы. Сапекеңнің астанада жақын туысы болмағанмен, тегі бір дегендей, бір-бірін қадір тұтып, сыйласып жүрген Ибрагим Шамшатов деген замандасы бар екен. Екеуміз чемодандарымызды арқалап, сол үйге түстік. Мен Шәмшат ағайды сырттай білетінмін. Соғыстан кейінгі жылдары біздер оқыған №26 мектептің директоры болып қызмет атқарған. Зайыбы Меңкүл Сәрсенбаева аупарткомның үшінші хатшысы болған. Есімдері елге белгілі, сыйлы азаматтар. Осы кісілердің үйінде жатып, университетте сынақ сабақтарын тапсырдық. Үй иелері өте сыпайы, елгезек жандар. Төсегіміз жаюлы, ас-суымыз әзір. Сынаққа емін-еркін дайындалуымызға барлық мүмкіндікті жасап, қамқор бола білді ерлі-зайыпты екеу. Солардың ықыласы ма Құдай оңдап, екеуміз де сынақтан сүрінбей өтіп, елге қуанышпен оралдық.
...Сол бір жылдары ел басындағы биліктің өктем ықпалымен құрғақ сөз бен бос мадақ, әсіре ұран өмірде терең белең алған еді. Оның баспасөз қызметіне тигізген теріс әсері аз болған жоқ. Газеттердің беттерін даңғазалық бағыттағы мақалалар жаулап алып, өмірдің көлеңкелі көріністері көрінбей қалып жатты. Ал, елдегі ақиқат мүлдем басқаша болатын. Азық-түлік тапшы. Дүкен сөрелеріндегі нанның өзі кейде болып, кейде болмай қалатын жағдай жиі ұшырасатын. Елдің осындай хал-ахуалына қарамастан «Американы қуып жетіп, басып озамыз», «80-ші жылдары коммунизм есігін айқара ашып тастаймыз» деген ұрандар шықты. Бас хатшы Н.С.Хрущевтың бастамасымен жаппай жүгері егу науқаны басталды. Газет беттерінен «Жүгері – құт, жүгері – ет, жүгері – сүт» деген шақырулар түспейтін болды. Осындай ұраншылдық науқанның адамдардың ерік-жігері мен шығармашылық белсенділігіне тежеу салғандығы айқын сезіліп тұрса да, ешкімнің де қарсы пікір айтуға қауқары да, құқы да жоқ болатын.
Сол тұста Сапекеңнің бір айтқан сөзі есімде: «Жүгері егу де саясат па? Жоспар берілсе, елдің өзі де егеді ғой. Несіне дабыра қыламыз».
Онда екінші Сәкең-Смайл Ақжігітов былай дейді: «Жүгерінің де жүгерісі бар ғой. Бұл жүгерінің аты да, заты да бөлек. Партия оған «дала аруы» деп үкілеп ат қойып, атақ-даңқын асыра мадақтап жатқан жоқ па? Енді оны дәріптеп жазбасыңа амалың жоқ».
Бірде елде мынандай оқиға болыпты. Аудан басшысы жүгері егістігіне келсе, тақырда өскен селеудей, алқаптың әр тұсынан селдіреген жүгері сабақтарын көреді.
Ол жүгерішіге сынай қарап: «Мына жерден қаншадан өнім аласың?» дейді. Жүгеріші: «Елуден» дейді. «Оу, мұның артық уәде емес пе?». Сонда әлгі диқан: «Асыра міндеттеме алу партияның саясаты емес пе?» депті. Міне, осындай даңғаза өмір көшіне ілесіп, босқа даурыққан кездеріміздің де болғанын несіне жасырамыз? Сапабек аға майдангер еді. Бірақ ол соғыста мынандай ерлік жасап, пәлен мақтау, мадаққа ие болдым деп бірауыз да әңгіме айтып көрген емес.
«Соғыста есте қалмас күндер болмайды. Бір қызық оқиғаны айтпайсыз ба?» деп қолқалаймыз кейде оны. «Соғыстың несі қызық? Ол – азап пен қайғы-қасірет емес пе? Тіпті оны еске алып отырудың өзі де ауыр» деп күрсінетін кейде Сапабек аға.
Бірде ол шешіліп мынандай әңгіме айтты: Соғыстың соңғы жылдары Тегеранда АҚШ, Англия, КСРО басшыларының кездесуі өткені мәлім. Сонда бас қолбасшы И.В.Сталинмен бірге баратын әскери топта бірыңғай ұзын бойлы, сұңғақ сарбаздар болуы тиіс екен. Сол іріктеуге Сапабек аға да ілігеді. Бірақ кейін неге екені белгісіз, іріктеу құпиясы жария етілмей, сарбаздар өздерінің әскери қызмет орындарында қала береді. «Богем ефрейторының» фашистік армиясын талқандауда жас сарбаз Сапекеңнің үлесі бар. Соның куәсіндей оның омырауына «Варшаваны азат еткені үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары тағылған еді.
Сапабек ағаның сындарлы да салауатты ғұмырының дені баспасөз саласындағы қызметте өтті. Абырой, атағы да аз болған жоқ. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, кент, аудандық кеңестердің депутаты болды. Аудандық партия конференцияларына делегат болып қатысты.
Тағы бірде ол маған мынандай әңгімені құпия етіп айтты: Брежневтік дәуір кезінде жыл қорытындысымен көптеген еңбек озаттары үкіметтік наградалармен марапатталатын-ды. «Мені түн ортасында оятып алып, сенің еңбек жолың жайлы мәліметті шұғыл сұрады, – деп еске түсіре айтты сол кездегі бір жағдай туралы.
– Байқауымша, сені медальға ұсынбақшы. Бірақ тізім обкомға барғанда, екінші хатшы көз жүгіртіп отырып: «Ауыл шаруашылығында газетчиктердің қандай еңбегі бар?» дейді де, барлық аудандардан әкелінген тізімдердегі газет қызметкерлерін сызып тастап, орнына партия, кеңес, комсомол қызметкерлерін енгізіп жібереді. Сөйтіп біздерді түнгі дүрбелеңге түсірген қым-қуыт іс кеңседегі бей-жай қызмет үстінде су сепкендей басылып қала береді. Әне, аузыңның салымы жоқ, үкіметтік наградадан осылай қағылып қалдың» – деп аржағын әзілге айналдырып, мені жұбатпақ болғаны бар.
Сапабек ағаның өзі де ұзақ жыл баспасөзде адал әрі абыройлы қызмет еткенімен, ордень, медаль алмақ түгілі мақтау қағаздарымен де марапатталмапты. Мұндайда «Атақ атақ емес, абырой атақ» деп өзімізді-өзіміз жұбатып, бір-бірімізге сыйластық құрметімізді көрсетіп қоямыз да...
Сапекең өнегелі отбасының қамқоршысы бола білген адам. Ұл-қыз өсіріп, ұрпақ өрбітті. Қазір оның өзі жоқ болса да, орны бар. Дана халқымыз «Орнында бар оңалар» деген. Жұбайы Шынар апай екеуі тұтатқан ошақ отын маздата жағып, немере, шөберелерінің қызығына кенеліп отыр. Дүние тірлігі ұрпақ өмірімен жалғасып жатса, ата-ана үшін одан артық қандай бақыт болмақшы!
Ұзақ жыл қызметтес болып, ой бөліскен, әзіл-әңгімеміз жарасқан Сапабек аға әрдайым да ортамызда жүргендей әсер қалдырады.
Иә, рухың бізбен бірге, әріптес аға!

Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,
ҚР Журналистер одағының
мүшесі
25 маусым 2020 ж. 511 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 066

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031