» » Коронавирус: Елордалық дәрігерлер қалай жұмыс істеп жатыр?

Коронавирус: Елордалық дәрігерлер қалай жұмыс істеп жатыр?

Әлемді әлекке салған коронавирус инфекциясы Қазақстанды да айналып өтпеді. Әсіресе, түрлі мемлекеттен әуе рейстерін қабылдаған бас қалаға ауыр жүк міндеттелді. Нұр-Сұлтандық дәрігерлер тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүр болды.


Осы орайда, №2 көпбейінді аурухананың бас дәрігері Иван Ли коронавирус инфекциясымен күрестің қалай жүргізілгенін айтып берді.

«Елімізге коронавирус қаупі төнген соң, Денсаулық сақтау министрлігі мен елорда әкімдігі нақты бағдарлама әзірледі. Осы бағдарламаға сәйкес, аз ғана уақытта елімізде қажетті төсек-орны бар үш деңгейлі госпитальдер әзірленді. Бірінші деңгейлі ауруханаға коронавирус инфекциясын жұқтырғандар жатқызылды. Онда ең ауыр халдегі науқастарды емдеу қажет болды. Туберкулезге қарсы диспансер базасында тұтас бөлім жұмыс істеді. Негізгі жүктеме соларға артылды.

Екінші деңгейде - ауру жұқтыру қаупі бар адамдар орналасып, оларды іріктеу қажет болды. Яғни, өкпе қабынуы немесе коронавирус инфекциясына қатысты сырқат екенін анықтау керек. Үшінші деңгейде - елімізге індеттің тарауына жол бермеуді мақсат еткен карантиндік госпитальдер болды. Мұнда шет елдерден келген азаматтарды, тұтас әуе рейстерін күтіп алып, толық тексерген соң ғана өңірлерге жібердік. Осылайша, елорда фильтр іспетті жұмыс істеп, негізгі соққыға қарсы тұрды», - деді Иван Ли.

Карантиндік госпитальдерді ұйымдастыру жұмысы №2 қалалық көпбейінді ауруханаға жүктелген. Аурухана қызметкерлері 5 дәрігерлік-мейіргерлік бригадаға бөлініп, уақытша жасақталған 5 госпитальге жіберілген.

«Қала әкімдігінің тікелей қолдауымен «Hilton», «Комфорт», «Турист», «Алау», «Ibis» сынды ірі қонақүйлер пайдалануға берілді. Қысқа уақытта осы қонақүйлерде мыңға жуық төсек-орын әзірледік және 21 наурыздан бастап, тәулік бойы шет елдерден әуе рейстерін күтіп алдық. 21 наурыздан бүгінге дейін 22 рейс қабылдап, 2000 астам адамға қызмет көрсеттік. Біз оларды тексердік, госпитальге орналастырдық. Теріс нәтиже шыққан адамдарды автобуспен үйлеріне дейін жеткіздік. Әрине, АҚШ, Италия, Испания, Чехиядан келгендер бар, транзит арқылы бізге түскен Мәскеу, Минск жолаушыларында COVID-19 расталды. Біз олардың өзге өңірлерге кетуіне жол бермедік. Осылайша, карантиндік госпитальге қойылған міндетті орындадық», - дейді дәрігер.

Оның айтуынша, шетелдік рейстердің басым бөлігі түнгі уақытта келетін. Тіпті бір түнде 2-3 рейс қабылданған. Оның әрқайсысында 100, 150, 170 жолаушыдан болған.

«Дәрігерлер бір түнде 300 жолаушыны тексеруден өткізетін. Яғни, 10-15 медициналық маман зарарсыздандыру, қорғаныс киімін ауыстыру, жолаушыларды тіркеу, сынама алу, госпитальге жатқызу, барлық жағдаймен қамтамасыз етумен айналысты. Бұл - өте ауыр жүктеме. Таң алдында мамандарымыз шаршап құлайтын кездер болды. Оларды алмастыру үшін өзім де директор екенмін деп қарап отырмай, жолаушыларды күтіп алып, шабадан тасыдым. Өйткені, адамдарға көмектесу қажет болды»,- дейді дәрігер.

Аурухана жауапкершілігіне берілген 5 госпитальде 100-ден астам қызметкер жұмыс істеген. Олардың арасында тыныс алу жүйесімен жұмыс істейтін терапевт, пульмонолог, лор-дәрігерлер болды.

«Біздің қызметкерлер бес бригадаға жасақталды. Одан бөлек, жүргізушілер, IT-инженерлер де жұмыс істеді. Деректер базасын ашып, науқастарды бірден тіркеп отырдық. Дезинфекторлар төсек-жабдықты тазарту, жоюмен айналысты. Яғни, тұтас механизм тәулік бойы жұмыс істеп тұрды.

Карантиндік стационар ретінде біздің қызметкерлер 212 500 теңге үстемеақы алды. Бұл үстемеақы дәрігерлер мен медбикелерге ғана қарастырылған еді. Бірақ, қала әкімдігінің қолдауымен бұл тізімге кірмеген қызметкерлеріміз де осындай үстемеақы алды. Бұл әділ. Өйткені барлығы, ауру ошағында жұмыс істеп, денсаулығын қатерге тікті. Кішкентай балалары мен қарт ата-анасын ойлап, жұмыстан бас тартуына да болар еді. Бірақ, біздің қызметкерлердің ешқайсысы жұмыстан қашпады. 10-12 тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеді, қонақүйде тұрды», - деді И.Ли.

Жағдайдың қиын екенін ескере отырып, әкімдік дәрігерлер мен қызметкерлерді «Думан» қонақүйіне жайғастырған.

«Қазір де дәрігерлер сонда тұрып жатыр. Қонақүйлер де барынша көмек көрсетіп, үш мезгіл тамаққа дейін қамтамасыз етуде. Қазір бірде-бір қызметкеріміздің ауру жұқтырмағанын мақтанышпен айта аламыз. Өйткені, эпидемиологиялық бақылау хаттамасы мұқият түсіндірілді. Карантиндік нысандарға жіберілген мамандармен өте маңызды тренинг өткіздік. Машақаты көп қорғаныс киімін біздің мамандар бір жарым - екі минутта киетін болды. Бригадаға ең тәжірибелі, ең озық дәрігерлер мен мейіргерлерді қостым. Жұмыс тәжірибесі жеткілікті маман өзін де, пациенттерді де қорғай алады. Инфекцияның, медициналық ошақтың не екенін түсінбеген адам ағаттық жіберуі мүмкін. Сондықтан, ауру жұқтыру қаупі мамандардың өзіне тікелей байланысты», - деп атап өтті аурухана басшысы.

Сондай-ақ, аурухана ұжымы карантин кезінде күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

«Әзірге карантиндік госпитальдерді жаппай, сақтап отырмыз. Жағдайдың қалай өрбитінін көруіміз керек. Ал ауруханамыздың жұмысы тоқтаған жоқ. Әдеттегідей инсульт алған науқастарды қабылдау, ота жасау жұмыстары жүруде. Қазір күшейтілген режимде жұмыс істейміз. Себебі, Ана мен бала орталығы мен №2 перинаталды орталық карантинге жабылды. Сәйкесінше, айы-күйі жеткен әйелдер біздің акушерлік бөлімде босанып жатыр. Оларға карантиннің біткенін күт деп айта алмаймыз ғой. Бұған дейін күніне 30 әйел босандырып келсек, енді 70-ке жуық әйел қабылдайтын болдық. Қиындыққа мойымай жұмысымызды жалғастырудамыз, себебі бұл - бізге артылған үлкен жауапкершілік», - деді Иван Ли.


09 сәуір 2020 ж. 473 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 094

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031