» » ҮШ ОРДЕН ОМЫРАУЫНДА ЖАРҚЫРАҒАН

ҮШ ОРДЕН ОМЫРАУЫНДА ЖАРҚЫРАҒАН

Тарихи оқиғалар адамзатты үнемі алға басуға, өркениетке алып бара бермейді. Ол – кейде кері кетушілікке, қол жеткенді жойып жіберуге апаруы мүмкін. Осы тұрғыда алғанда ХХ ғасыр адамға көп қайғы алып келді. Оның ең ойраны мен зұлматы екінші дүниежүзілік соғыс болды. Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына енді санаулы уақытта 75 жыл толады. Сол бір қасіретті кезеңнен неғұрлым алыстаған сайын оның ащы шындығы ашыла, сол арқылы бейбіт күннің бағасы арта түсуде. Отан үшін от кешкен жандардың әруағы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Осы сұрапыл соғысқа киелі Қармақшы өңірінен аттанған 5 мыңнан астам жерлестерімізден қазір арамызда ешкім қалмады. Бірі қан майданда қаза болса, бірі ұрыс даласында хабарсыз кетті. Ал енді бірі соғыстан кейін елге оралып, бейбіт өмірге араласып, ұрпақ сүйді. Олар Отаны, туған жері, елі үшін аянбай күресіп, жер бетінен фашизмді жоюға атсалысты.
Соғыстан аман-есен қайтқан талай жерлес еңбек майданының да алғы шебінде болды. Сондай асыл жандардың бірі, үш жүзге пір болған Марал бабаның үлкен ұлы Қалқайдың Мамырбайынан туған Асан ишан. Одан Қауыс ишан, Сәдуақас, Қаби (Қабибулла) туған. Әңгіме Қаби (Қабибулла) Асанов туралы болмақ.
Жалпы адамның ақыл-парасаты мен адамгершілігіне, жігіттің азаматтығына әсер ететін жайлар көп. Меніңше, соның ең бастысы – қанмен берілетін тектілік қасиет, туған жері мен өскен ортасы. «Ел мен жер ерді өсірді, ал ер елді өсірді» дегендей тарихта аты қалған өнегелі жандардың атын атауға болады. Алайда мен, әңгімені талай ұлағатты адамдарды өмірге әкелген қасиетті жерден бастағалы отырмын. Бұл – үш жүзге пір болған ислам дінінің рухани көсемі Марал баба жас кезінен топырағын басып, өсіп-өркендеген, ұрпақтарын дүниеге әкеліп, кейін өзі жатқан қасиетті жер. Марал баба, оның ұрпақтары елді отырықшылдыққа, егіншілікке баулып, тәлім-тәрбие беріп, жоғарғы адамгершілік қасиеттерді елдің бойына сіңірген. Бұл толырақта еңбекқор адамдар дүниеге келіп, Абыла ауылының атын көкке көтерді. Ел бұрыннан-ақ бұл өлкені «Марал баба ауылы» немесе «Ишан ауылы» деп атайтын. Біздің ауылдың топырағы да қасиетті дейтініміз осыдан. Ауылымызға белгілі діни қайраткерлер мен қатар кезінде Төребай, Тойымбет, Айманша, Жәнібек атты төрелер келіп қоныстанған. Олар отырған жердегі тоғайлар мен түбектердің аты сол кісілердің есімімен аталады. Кейінгі ұрпақтың жүйелі жұмыстарының нәтижесінде ол жерлер күтіп-бапталып, суланып, нұрланып, іші аң мен құсқа, жан-жануарларға толып, тоғайлары мен түбектері түрленіп, түледі. Шөлдегі шексіз жазық Нұра, Қарақұмның шұрайлы жайылымдары игеріліп, мыңғырған төрт түлік мал өсірілді. Кішкентай әсем «Ақшатау» тауы, «Иіркөл», «Анакөл», «Ызакөл», «Қаракөл», «Қоскөл», «Қарабдал», «Шағалалы», «Шалқар» сияқты шалқыған, толықсып толқыған сұлу көлдері, «Қожатай», «Бұйра», «Иманәлі», «Терісөзек» секілді ирелеңдеп аққан өзектері суға толып, айнала көріктене түсіп, елдің өсіп-өркендеуіне қолайлы жағдай туды.
Шаруашылығымыз 1956 жылы «Қармақшы» кеңшары болып қайта құрылып, орталығы «Абыла» разъезі болып белгіленді. Бабалар дәстүрі бойына сіңген тәрбиелі, текті ұрпақтың еңбекқорлығының арқасында 1975-1990 жылдардың арасында Қармақшы кеңшары 7 рет бүкілодақтық, 10 рет республикалық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, ауыспалы «Қызыл Тулар» мен «Құрмет грамота», дипломдар жеңіп алды. Одақтық, республикалық «Құрмет тақталарына» еніп, «Алтын кітапқа» жазылды. Ауыл аты тарихта қалды. Қазір бұл «Қызыл тулар» мен грамота, дипломдар Қызылордадағы орталық және Қармақшы ауылындағы музейде сақтаулы. Шаруашылығымыз жаңалықтардың жаршысы ретінде екі рет обкомның қаулысымен озат тәжірибелер мен ғылым жетістіктерін насихаттайтын және оны іске асыратын облыс бойынша шаруашылықтардың басшылары мен мамандарын оқытатын озат тәжірибе мектебіне айналды.
Осы ел, осы жер, осы ауыл өсірген текті ортада туып-өскен ғалым академиктер: Жәнібек төренің баласы ғұлама тарихшы Мұхтар Жанғалин, Камал Ормантаев, Мархабат Томанов, Серік Нұрмұратов, Марал бабаның ұрпағы Бауыржан Нұржанов, елді талай қиындықтан алып шыққан ауыл басшылары Алмағанбет Ысқақов, Әбен Ниетбаев, Әлия Арқабаева, алғашқы «Ленин» орденінің иегерлері мұғалім Әбдікәрім (Тұрар Әбдікәрімовтың әкесі), теміржолшы Әбдімәжит ақсақал, облыстық, республикалық деңгейде қызмет еткен басшылар Смағұл Ысқақов, Уәли Төрәлиев, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаттығына сайланған мұғалім Жұпаркүл Иманбаева, шопан Төлепберген Бөрібаев сынды талай жерлестеріміз Ұлы Отан соғысы кезінде көзсіз ерлік жасап, ел амандығы үшін жанын пида еткендер қатарында.
Міне, осындай тегі мықты, туған жері тарихи оқиғаларға толы адамның өзі де қатарынан озық болуы заңды. Тек пен өскен ортадан басқа адам тағдырына әсер ететін тағы бір жай бар, ол – қоғамдағы өзгеріс, ескіні қиратып, жаңаны өзгерткісі келетін революция. Кеңес үкіметінің халқымызға бергенін жоққа шығармаймын, бірақ зорлық-зомбылығы да аз болмады. Қазақтың бетке ұстар қаймақтарын, Алаш арыстарын атты, асты. Марал ишанның ұрпақтары түгелімен қуғын-сүргінге ұшырады. Миллиондаған адам жер ауып, қаңғып кетті. Міне, осы зұлматты Қаби сәби жүрегімен, балаң денесінің дірілімен сезінеді. 5 жасында ата-анасынан жетім қалады. Бұл кезде туған ағалары ишан болғандықтан қуғында жүрген. Қаби жақын ағайындарын паналап, жетімдіктің, жалғыздықтың тақсіретін тартады. Кісі есігін көреді. Киімінің тозығы жеткен, алба-жұлба, жыртық, ескі. Жамап-жасқап беретін шешесі де жоқ. Ішіп-жейтін тамақ та жеткіліксіз, аш қарын. 1933 жылы көзі ашық, әкесі мен ағаларын жақсы білетін кісілердің бірі Қабиды балалар үйіне өткізеді. Бұл кезде елде жаппай сауаттандыру жұмыстары жүріп жатқан болатын. Балалар үйінде Қаби әріп танып, оқуға кіріседі. Оқу, тәрбие, білім алып, өзінің қанында бар тектілік, азаматтық қабілеттерін нығайта бастайды. Мүмкін ол да аталары, ағалары сияқты үлкен оқымысты болар ма еді, бәлкім тумысынан және табиғатынан зерек, білімге құштар жанның тағдырын соғыс басқа арнаға бұрып кетпесе.
Ел басына күн туғанда ержүрек жандардың өздері сұранып майданға аттанып жатқанда көп сөйлемейтін, салқын қанды, салмақты Қаби да «Отанымды қорғаймын» деп шешеді. 1942 жылы 16 жасар бала жасын 17 деп өзгертіп, өзі сұранып майданға аттанады. Жап-жас екені көрініп тұрған оны батылдығы мен ептілігіне және өрелі екеніне қарап барлаушылар мектебіне жібереді. Сол жерде 6 ай оқып, әскердің алғашқы дайындығынан өткен соң майданға жібереді. Сталинград, Курск, Орел шайқастарына қатысып, жиі-жиі жауапты тапсырмаларды орындайды. Днепр, Витевск шайқастарында көзсіз ерлігімен танылып, қиын да қауіпті тапсырманы орындап, маңызды «тіл» әкелгені үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Барлаушы болғандықтан Қаби Асановты жау әскеріне жиі жұмсайды. Ол қашанда тапсырманы мүлтіксіз орындап келетін болған. Бір шайқаста тағы да немістің тылына өтіп, бақылап, тіл әкелуге бұйрық беріледі. Қаби жанына барлаушыларын ертіп алып, қарша боратып, оқ жаудырып тұрған жау пулеметінің астымен жер бауырлап еңбектеп өтіп, бір рота жау әскерін қырып салып, бес адамын айдап келген. Белгісіз құнды мәліметтердің сырын ашқан. Бір ғажабы «тіл» алуға барғанда ешбір жағдайға ұрынбай, жарақат алмай келеді екен. Мүмкін Марал бабаның әруағы қолдаған шығар. Ауылымыздағы соғыс ардагерлерінің көбісі «соғыста үнемі Марал бабаның әруағына сиынған соң ауылға аман-есен келдік» деген әңгімелерін талай естіген едік.
Дегенмен соғыстың аты – соғыс, жан алысып, жан берісіп, жерден де, көктен де оқ борап тұрғанда аман қалуыңның өзі екіталай. Қаби да 3 рет жарақат алады. Госпитальдан шыққан соң елге келуге мүмкіндігі бола тұра қайтадан сұранып майданға аттанады. Қоғамды да, заманды да түзейтін, алға апаратын, міне, осындай адамдар.
Қаби Асановтың Сталинградтан басталған жауынгерлік жолы бұрынғы Кеңестер Одағының ұлан-байтақ жерін ғана емес, Шығыс Европаны көктей өтіп, Берлин қаласында аяқталады. Бірақ екінші дүниежүзілік соғыс әлі біткен жоқ еді. КСРО-ның шығысында Германияның одақтасы Жапонияның Квантун армиясы тұрды. Әскери эшалонмен полкті Шығысқа жіберіп, енді самурайлармен шайқасқа түседі. Владивостоктағы заставада болған. Содан 10 жылдан кейін 1952 жылы ғана әскер қатарынан босап, елге оралып, бейбіт еңбекке араласады. Ұзақ жылдар бойы Қармақшы аудандық ПМК-2 мекемесінің жүргізушісі, соңғы жылдары аудандық сельстрой мекемесінде слесарь қызметін абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленеді. Майдангер жайлы сұрапыл соғыста бірнеше мәрте барлауда бірге болған орыс ұлтының өкілі, қарулас досы Мәскеу қаласынан шығатын басылымдардың бірінде «Где ты Каби» деген көлемді мақала жариялайды. Оның ерлігіне сүйсінген журналист Қаби арқылы қазақ халқына деген сүйіспеншілігін білдіреді.
Ал, Қабидың (Қабибулла) 1907 жылы туған ағасы Сәдуақас Асанов та 1941 жылы соғыстың алғашқы күндерінен бастап қан майданға қатысып, от кешіп талай ерліктер көрсеткен. Сталинград шайқасына қатысып, соғыста 1943 жылы қайтыс болған. Бұл кісілер туралы толық мәліметтерді інісі Қауыс ишанның баласы Смағұл Қауысов әскери бөлімшелер арқылы іздестіруде.
Қаби ағамыздың көзсіз ерлігі, батылдығы туралы аңызға бергісіз әңгіме көп. Кезінде ақын Әлиакбар Жұматаев майдангердің өзімен тілдесіп, «Үш орден омырауында» атты баллада жазған. Онда ақын Қаби Асановтың өз аузынан естігенін жазады:
– Неманда тағы да үлкен шайқас болды,
Өлікке екі жаға тағы толды.
Сым тартып, окоп қазып, дзот құрып,
Немістер өткізбеді бөгеп жолды.

Жағадан зеңбірекпен тынбай атып,
Самолет көктен бомбы бұрқыратып.
Қайыққа мінген адам аударылып,
Барады бірінен соң бірі батып.

Дүние дөңгеленіп астан-кестен,
Қорқу жоқ, кеткен өлім шығып естен.
Бетпе-бет өмір-өлім арпалысып,
Жер болды жан аямай кескілескен.

Барлауға тоғыз адам бірге кеттік,
Жасырын жау тылына барып жеттік.
Әскерін бір рота қырып салып,
Тірілей бір адамын алып өттік.
Бұл нақты шындық болуы керек. Өлең 1967 жылы Қаби Асанов қайтыс болар алдында жазылған.
Үш орден омырауынды жарқыраған,
Көрінді мынау маған артық адам.
Ынтық боп ықыласпен қарай бердім,
Белгілі болса екен деп даңқы маған, – деген жолдары да дәйекті.
Ұлы Отан соғысы кезінде Қаби ағаның жасаған ерліктері жоғары бағаланып екі рет «Қызыл жұлдыз» және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және бес жауынгерлік медальмен марапатталған. Одан басқа соғыс ардагеріне арналған бірнеше мерекелік медальдар берілген.
Ол бабалар жолын қуып, елінің, жерінің, туған ауылының даңқын арттырған азаматтардың бірі. Соғыста алған бірнеше жарақаттарының әсерінен ауыр науқасқа шалдығып, 1967 жылы 40 жасында қайтыс болды. Артында атасының асыл қасиеттері бойына сіңген ұрпақ өсіп келеді.

Исағали ЖҰМАҒҰЛОВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері
14 наурыз 2020 ж. 697 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031