Қызылордадағы Президент шыршасы
Президент шыршасына бүкіл облыстан оқу озаттары, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары мен «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысты. Шыршаға барлығы 200 бала шақырылған, деп жазады Kyzylorda-news.kz.

Шарада облыс әкімі Қ.Ысқақов Мемлекет басшысының бүлдіршіндерге арналған жаңажылдық құттықтауын жеткізді.
«Осы сәтте өздеріңіздей Сыр елінің дарынды да талантты, өнегелі де өнерлі бүлдіршіндеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңажылдық құттықтауын жеткізіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгін Сіздер ерекше бір әлемге еніп, ертегілердің түрлі кейіпкерлерімен кездесіп, ойын-сауық құрып, шат-шадыман күй кешесіздер. Осындай сән-салтанаты жарасқан Жаңа жылдық мерекемен Сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Сіздер «Қазақстан» деп мақтаныш сезіммен айта аталатын Тәуелсіз Елде дүниеге келген бақытты ұрпақсыздар! Қасиетті Сыр өңірін әлемге танытып, өсіп-өркендеуіне аянбай үлес қосатын, азамат болып өсетіндеріңізге сенемін»,-деді облыс әкімі.
Іс-шара соңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, балаларға Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» кітабы, Президенттің құттықтау хаты, «Bilimbook» шағын сенсорлы экранды планшеті, ойыншықтар мен тәттілер таратылды.