«Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдығына арналған шаралар басталды
А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдығына арналған шаралар басталды. «Заманауи медиа кеңістіктегі аймақтық баспасөздің маңызы мен рөлі» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысуда, деп жазады syrboyi.kz
Аймақ басшысы алдымен Сыр елінің тарихымен біте қайнасқан қос басылым – «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдық мерекесімен құттықтады.
– Мемлекеттік-ақпараттық саясаттың салмақты жүгін арқалап, бір өзеннің қос саласындай қатар өрілген байырғы басылымдарды дәуір дерегінің жаршысы деуге болады. Сондықтан қаламгерлер қауымына, қос бірдей басылымның шығармашылық ұжымына бүгінгі мерейтойларыңыз құтты болсын! «Тәуелсіз Қазақстан – біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз. Сол құндылықты қорғау һәм қадірлеу секілді мәртебелі миссияны жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны ерекше» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Демек, мемлекет мүддесінің қорғаушысы саналатын сала өкілдерінің басы қосылған бүгінгі мерекенің маңызы зор, - деді облыс әкімі.
Айта кету керек, мерекелік шаралар легі фототілшілер Болат Омарәлиев, Игорь Титенок және Нұрболат Нұржаубайдың еңбектерінен дайындалған «Суреттер сыр шертеді» атты көрмеден бастау алды. Сондай-ақ, бүгін «Атыңнан айналайын, Атамекен!» атты қос газеттің 90 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталатын болады.