"Абай-Дәулет" серіктестігі финалға өтті
ЖОСАЛЫ, 17 қазан – qarmaqshy-tany.kz. Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық «Қазақстанның үздік тауары – 2019» көрме-байқауында облыс атынан қатысқан «Абай-Дәулет» ЖШС «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша финалдық кезеңге өтті.

Экспорт – ел экономикасын өсірудегі тиімді жол. Сол секілді сапа үлесі мен бәсекелестікті тудыратын оңтайлы шара. Бүгінде серіктестіктің өнімі барлық облыс пен ТМД елдеріне экспортталады. Шаруашылық күріш өндірумен бірге төрт түлік мал өсірумен де айналысады. Қылыш құйрықты қара қойды тәжікстандық тұқым түрімен будандастырып, ет бағытындағы қойға қол жеткізуде. Шаруашылықтағы қошқар салмағы 140 келіні құраса, аналығы 70-80 келіге дейін көтереді. Жылына 110-120-дан төл алынуда. Ал түйе төлі 60-қа жеткен. Одан күніне 150 литр шұбат дайындалып, облыс орталығына жөнелтіледі.

Жақында серіктестік сағатына 7 тоннадан астам өнім өндіретін жаңа зауытты іске қосты. Өнім Қазақстанның барлық облыстары мен ТМД елдеріне экспортталады.
Айтпақшы, серіктестік спорттық-мәдени шараларға демеушілік жасап, мектепке жаңадан спорттық құрал-жабдық алып көмектескен. ІІІ Интернационал ауылында «Абай-Дәулет» ЖШС мен «Достық Жер МК» ЖШС демеушілігімен ауыл ақсақалы мен ақ жаулықты аналарына арналып киіз үй тігілді. Әр бір отбасына арзан ба-ғада жоңышқа түсірілді. «Жастар аллеясы» бой түзеп, ауылдың ажарын айшықтай түсуде.
Нұр-Сұлтандағы көрмеге биыл 153 отандық кәсіпорын өз өнімін ұсынып, оның 27-сі финалдық кезеңге өткен.