ҚАСИЕТ ҚОНҒАН ҚАРМАҚШЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРЫ
Қармақшы ауданы бойынша бүгінде 66 тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 6 республикалық маңызы бар, 58 жергілікті маңызы бар, 2 алдын-ала тізіміне алынған. Бұл жәдігерлер халқымыздың рухани құндылығына айналған киелі орындар ретінде ерекше маңызға ие.
Қорқыт ата мазары. X–XI ғасырлардағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіш. Қорқыт әулиеге тұрғызылған тарихи құрылыс Сырдария өзенінің бойында орналасқан. 1925 жылы мазарды Сырдария өзені шайып кеткен. XIX ғасырдың соңында Әбубәкір Диваев, И.А. Кастанье, П.И. Лерх сынды зерттеушілердің еңбектеріне негіз болған. Ә. Диваев пен И.А. Кастаньенің жазбаларында мазардың сәулеттік құрылымы туралы құнды мәліметтер кездеседі. Зерттеушілердің сипаттауынша, құрылыс шикі кірпіштен қаланған, дөңгелек пішінді, 6–8 қырлы күмбезді болған. Ішкі кеңістігі биік, қабырғалары қазақтың дәстүрлі киіз үйіндегі кереге өрнегіне ұқсас нақыштармен безендірілген. Сәулеттік шешімі исламға дейінгі түркілік құрылыс үлгілерімен сабақтасқан.
Қорқыт ата – қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының рухани тарихында айрықша орын алатын ұлы ойшыл, қобызшы, жырау әрі аңыздық тұлға. Қорқыт есімі ғасырлар бойы даналықпен, күй өнерімен, өмір мен өлім туралы философиялық толғаныстармен тығыз байланысты. Халық аңыздарында ол мәңгілік өмірді іздеген, адамзатқа ізгілік пен өнердің құдіретін танытқан тұлға ретінде суреттеледі.
Қорқыт ата мазарының тарихи келбеті мен сәулеттік құрылымы туралы мәліметтер XIX ғасырдың аяғындағы зерттеулер мен фотоматериалдар арқылы бүгінгі күнге жетті.
А.Диваевтың 1898 жылы түсірген фотосуреті және өзге де зерттеушілердің жазбалары мазардың бұрынғы сәулеттік бейнесін тануға мүмкіндік береді.
Мазардың Сырдария өзені шайып кеткеніне қарамастан, ол туралы тарихи деректер мен ғылыми еңбектер Қорқыт ата мұрасының тарихи маңызын айқындай түседі.
Тарихи ескерткіштер – өткен дәуірдің үнсіз куәгері. Оларды зерттеу, зерделеу, насихаттау және келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Қорқыт ата мұрасы – уақытпен бірге жасайтын, түркі дүниесінің рухани тұтастығын танытатын мәңгілік құндылық!















