» » ӨТКЕНІН ТАНЫҒАН ЕЛ ҒАНА БОЛАШАҒЫН ҚҰРА АЛАДЫ

ӨТКЕНІН ТАНЫҒАН ЕЛ ҒАНА БОЛАШАҒЫН ҚҰРА АЛАДЫ

Қармақшы өңірінің тарихы құнды археологиялық мұраларға бай. Сырдарияның көне арналары бойында орналасқан Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Баланды және басқа да тарихи орындар – Ұлы даланың ежелгі өркениет ошақтарының бірі болғанын дәлелдейтін аса маңызды ескерткіштер. Солардың ішінде Бәбіш мола қалашығының орны айрықша.
Қалашық – Қармақшы жерінің ғана емес, Сыр бойының көне тарихын танытатын аса құнды археологиялық мұра. Ол Т.Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай шамамен 47 шақырым жерде, Сырдариядан бөлініп шыққан Жаңадарияның көне арнасының оң жағалауында орналасқан. Ескерткіш б.з.д. IV-II ғасырлармен мерзімделеді. Бәбіш мола ескерткіштер кешені мемлекеттік қорғаудағы археологиялық мұра нысандарының қатарына жатады. Бұл – бірнеше мыңжылдық тарихтың куәсі болған қасиетті мекен. Бүгінгі адам үшін шөлейт даладағы көне төбелер мен дуалдардың қалдығы алғаш қарағанда жай ғана үйінді болып көрінуі мүмкін. Бірақ археолог үшін оның әрбір топырақ қабаты – тарихтың бір парағы.
Бәбіш мола қалашығы да осындай сан қатпарлы шежірені бойына жинаған. Ғасырлар бұрын бұл жерде адамдар өмір сүріп, баспана тұрғызды, шаруашылық жүргізді, қолөнермен айналысты. Қыш ыдыстар жасады, металл өңдеді, қару-жарақ пен еңбек құралдарын әзірледі. Ат әбзелдері мен түрлі әшекей жасалып, тұрмыстық бұйымдар пайдаланылды. Қалашықтан табылған археологиялық материалдар оның тұрғындарының тек қарапайым тұрмыс кешкен адамдар болмағанын, белгілі бір деңгейде ұйымдасқан қоғамдық өмір мен өндіріс мәдениеті қалыптасқанын аңғартады.
Зерттеушілер Бәбіш моланы ШірікРабат мәдениетімен байланысты ежелгі қалалық орталықтардың бірі ретінде қарастырады. Қалашықтың құрылыс жүйесі, қорғаныс нысандары және өндірістік орындары оның сол дәуірдегі маңызды мекендердің бірі болғанын көрсетеді.
Бәбіш моланың археологиялық құрылымдарының ішінде «Үлкен үй» деп аталған ғимарат ерекше назар аударады. Оның жоспарлануы, бөлмелерінің орналасуы және құрылыс ерекшеліктері ежелгі сәулет өнерінің өзіндік сипатын көрсетеді. Ғимарат кіреберістен басталып, екі көлемді мұнарамен ерекшеленетін анфиладты құрылымнан тұрған. Ғимараттың шығыс бөлігінен аршылған бөлмелердің бірі ерекше жағдайларға арналған қабылдау немесе салтанатты орын болуы мүмкін деген ғылыми пікірлер бар. Ресми тарихи деректерде Бәбіш мола қаласында қолөнершілер мен ұсталардың керамикалық ыдыстар, қару-жарақ, сауыт-сайман, ат әбзелдері және бағалы металдардан әшекей бұйымдар жасағаны айтылады.
Бұл – Сыр бойындағы ежелгі қоғамның тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті туралы мол мағлұмат беретін маңызды дерек. Мұндай сәулеттік ерекшеліктер Бәбіш моланың жай ғана тұрғындар мекені емес, қоғамдық маңызы бар орталық болғанын көрсетеді. Археологиялық зерттеулер барысында кешеннің бірнеше құрылыс кезеңінен өткені де анықталған. Ғалымдардың зерттеу материалдарында «Үлкен үй» кешенінің өмір сүрген кезеңдерін стратиграфиялық деректер арқылы ажыратуға мүмкіндік болғаны көрсетіледі. Демек, қалашық тарихын зерттеу арқылы біз бір ғана кезеңді емес, көне қоғамның уақыт өте келе қалай өзгеріп, дамығанын да түсінуге мүмкіндік аламыз. Көне қаланың өркендеу деңгейін анықтайтын маңызды белгінің бірі – ондағы өндіріс пен қолөнердің дамуы. Бәбіш моладан табылған археологиялық заттар ежелгі тұрғындардың қыш жасау ісін, металл өңдеуді және зергерлік өнерді меңгергенін көрсетеді.
Қыш ыдыстардың сынықтары, түрлі тұрмыстық бұйымдар, металл заттар мен әшекейлер – сол дәуірдегі адамдардың күнделікті өмірінен сыр шертетін баға жетпес деректер. Қарапайым көрінетін қыш сынығының өзі археолог үшін аса маңызды. Оның пішіні, жасалу тәсілі, құрамындағы қоспалар, күйдірілу ерекшелігі арқылы сол дәуірдегі технологияны анықтауға болады.
Сыр бойындағы көне ескерткіштерді зерттеу ХХ ғасырдың ортасынан бастап жүйелі түрде жүргізіле бастады. 1957-1960 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы Шірік-Рабат, Бәбіш мола және Бұланды аумақтарында кешенді археологиялық жұмыстар жүргізген. Кейінгі кезеңдерде бұл бағыттағы зерттеулер жалғасын тапты. Бүгінгі таңдада Бәбіш молада археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Қызылорда облыстық бюджет есебінен қалашықта бірнеше жыл бойы археологиялық қазба ұйымдастырылған. Әртүрлі жылдардағы зерттеулерде тұрғын үйлер, маңызды құрылыс нысандары, қыш және құмыра күйдіретін пештер сияқты нысандар зерттелген. Зерттеу нәтижесінде табылған заттар тек ғылыми айналымға еніп қана қоймай, музей қорларын толықтыруға да мүмкіндік береді.
Қазба барысында табылған әрбір заттың өзіндік тарихы бар. Бір қыш құмыра – ежелгі адамның тұрмысын танытады. Бір темір бұйым – сол дәуірдегі металл өңдеу технологиясынан хабар береді. Бір әшекей – халықтың эстетикалық талғамы мен зергерлік өнерін көрсетеді. Ал құрылыс қалдықтары – сәулет мәдениеті мен қоғамдық өмірдің деңгейін аңғартады. Сондықтан археологиялық жәдігерлерді сақтау – өткен тарихты сақтау деген сөз. Қазба кезінде табылған дүниелердің музей қорына қабылдануы осы тұрғыдан алғанда ерекше маңызды. Өйткені даладағы археологиялық ескерткіштің орнында жатқан зат пен ғылыми тұрғыда зерттеліп, құжатталып, музейде сақталған жәдігердің кейінгі ұрпақ үшін танымдық маңызы зор. Бәбіш моланың тарихын халыққа танытуда аудандық тарихи-өлкетану музейінің атқаратын жұмысы ерекше.
Музей экспозициясында Қармақшы өңірінің сақ дәуіріне жататын Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Баланды қалашықтарына қатысты жәдігерлер мен деректер ұсынылған. Бұл музейдің тек жәдігер сақтайтын орын емес, өлке тарихын зерттейтін әрі оны кейінгі ұрпаққа жеткізетін ғылыми-мәдени орталық екенін көрсетеді. Музей мамандары археолог ғалымдармен бірлесе отырып, аудан аумағындағы тарихи-мәдени мұра нысандарында жүргізілетін зерттеу жұмыстарына қатысып келеді. Қазба кезінде табылған археологиялық заттар ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі ретінде музей қорына қабылданып, тұрақты экспозицияларда көпшілік назарына ұсынылады. Бұл жұмыстың астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Себебі музейге түскен әрбір жәдігер арнайы есепке алынып, сақталуы қамтамасыз етіледі. Шығу тегі, табылған жері, мерзімі мен ғылыми сипаттамасы зерттеліп, музей қорындағы тарихи құндылық ретінде келешек ұрпаққа аманат етіледі. Осылайша, археологтың далалық еңбегі мен музей қызметкерінің қор сақтау жұмысы бір-бірімен сабақтасады. Далада табылған көне дүние музейде тарихқа, ал музейдегі жәдігер келуші үшін өткен дәуірмен тілдесудің мүмкіндігіне айналады.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясына енген Бәбіш молаға қатысты жәдігерлер келушілерге көне дәуірдің материалдық мәдениетін көзбен көруге зор мүмкіндік. Әсіресе жас ұрпақ үшін мұндай жәдігерлердің тәрбиелік мәні мол. Тарихты кітаптан оқу – бір бөлек. Ал сол кітапта жазылған дәуірдің қолмен ұстап көруге болатын затын музейден көру – мүлде басқа әсер. Бірнеше мың жыл бұрын жасалған бұйымның бүгінге дейін сақталып, музей төрінен орын алуы ұрпақ сабақтастығының көрінісі. Сондықтан музей қызметкерлерінің археологиялық мұраны жинақтау, сақтау, зерттеу және насихаттау бағытындағы еңбегі – туған жер тарихын дәріптеуге қосылған үлкен үлес.
Қармақшы десе, елдің ойына ең алдымен Сыр бойының қасиетті мекендері, Қорқыт ата, жыраулық өнер, көне қалалар мен тарихи тұлғалар түседі. Осы тарихи кеңістіктің ішінде Бәбіш моланың орны бөлек. Ол – аудан тарихының терең тамыры бар екенін көрсететін құнды мұра. Бүгінде тарихи орындарды туристік бағытқа енгізу, ғылыми және мәдени әлеуетін арттыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Бәбіш мола секілді көне қалашықтар – зерттеушілер үшін ғылыми нысан ғана емес, тарихқа қызығатын көпшілік үшін де маңызды орын. Болашақта Бәбіш моланың археологиялық ерекшеліктері кеңінен насихатталып, ғылыми деректер негізінде тарихи-танымдық бағыттар қалыптасса, бұл Қармақшының мәдени-туристік әлеуетін арттыра түсері анық. Бәбіш мола – өткеннің белгісі ғана емес. Ол – археологтар үшін зерттеу нысаны, музей үшін құнды жәдігерлердің қайнар көзі, жас ұрпақ үшін тағылым мектебі.
Сондықтан Бәбіш моланы сақтау – бір ғана көне қаланың орнын қорғау емес, Сыр бойындағы ежелгі өркениеттің тарихын сақтау. Ал сол тарихты музей төрінде сөйлету, ғылыми зерттеулер арқылы жаңғырту, келешек ұрпаққа аман жеткізу – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Құм басқан көне қаланың орнында үнсіз жатқан әрбір жәдігер бізге бір ғана ақиқатты еске салады. Өткенін таныған ел ғана өзінің болашағын баянды құра алады.
Гүлмира ӨТЕГЕНОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
07 қазан 2026 ж. 93 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (10544)

06 қазан 2026 ж.

№75 (10543)

02 қазан 2026 ж.

№74 (10542)

29 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 995
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 225

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031