ҚАШҚЫНБАЙ БАТЫР
Жосалы кенті орталығынан алдын ала келісім бойынша таңғы 6-да жолға шықтық. Бағытымыз – батыс. Қарақұм жеріне қарай беттеп келеміз. Үш машинаға бөлініп мінген азаматтардың бойында өздері таңдап алған мақсатқа деген жігер мен ата-баба жолына деген перзенттік парыз айқын көрінеді.
Жергілікті жердің жігіттері Әсет пен Азамат жер апшысын қуырғандай машиналарын қатты айдап келеді. Қара жолда жақсы жүретіні, жолды жақсы меңгергені адамды тәнті етеді. Ал Алматыдан осы сапарға әдейі келген Шері болса машинамен асфальтта жүрген адам ғой, ере алмай қалыңқырап келеді. Жолға шыққан азаматтар Алматыдан және әр жерден келген батырдың ұрпақтары. Мен қазақтың осы қасиетіне тәнтімін. Қанша жыл өткеніне қарамастан өткенін іздейді, ұрпақтық парызын ұмытпайды.
Мен бірде Байқоңыр қаласында тұратын азаматпен сөйлестім. Сонда ол кейбір өзге ұлт өкілдері жөнінде мынадай пікір айтты. Олардың барлығы азамат болған соң, өз қолы өз аузына жеткенде өз таңдау жолымен кетеді. Қазіргі таңда ата-анасы о дүниелік болса, балаларына хабар берсек, сонда ақтық сапарға шығарып салуға да келмейді екен. Беті әрмен, әрине.
Қарақұмға бала кезімде бір барып едім. Содан кейінгі бұл жаққа келе жатқаным. Жанжағыма қызыға көз тастап келемін. Жусанды жер. Шөптер қурай бастаған. Қазақтың жер атауын тауып қоятын қасиеті де керемет қой. Күреңітіп алыстан жота көрінді. Бұл «Күрең жотасы» екен. Содан әрі қарай жалғаса береді. «Бәйбіше тау», «Қос емшек», «Қыз емшек», «Жер кіндік», «Қос шеген», «Жапақ» жері болып кете береді екен. Керемет табиғат суреттері. Табиғат туралы айтуды осымен доғара тұрамын. Ол өзінше бөлек әңгіме.
Енді, негізгі әңгімеге көшсек. Біздің жолға шыққан мақсатымыз ХVІІІ-ХІХ ғасырда өмір сүрген Қашқынбай батыр жатқан мәңгілік қонысын іздеп келеміз. Қашқынбай батыр кім болған, қандай шайқастарға қатысқан дейтін болсақ, ол кісі Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске қатынасқан, ханның бас сардары болған екен.
Көтерілістің негізгі мақсаты – Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатына қарсылық. Өйткені бұл кезде орыстар шұрайлы жерлерді тартып ала бастады, қазақ даласына бекіністер мен әскери шептер орналастырды. Соған байланысты малмен күн көріп отырған қазақтың жері тарылды. Осы көтерілісте Қашқынбай батыр Кенесарының сенімді серігі, бас сардары болған. Көтеріліс туралы әңгіме қозғалса менің ойыма Кенесары айтқан, жас кезде оқыған естелік оралады. Сонда қазақтың соңғы ханы Кенесарыға: – Сіз не үшін соғысып жүрсіз? Орыс әскерін жеңу қиын ғой, зеңбірек сүйретіп, мылтық асынған олардың күші басым емес пе? – дейді.
Сонда Кенесары былай деп жауап береді. – Иә, жаудың қаруы басым, оны мен де жақсы біліп отырмын. Жеңе де алмайтынымыз анық. Бірақ жеріңді алып, адамыңды басынып, малыңды айдап кетіп, бекіністер салып жатыр. Ата-бабамыз қан төгіп қорғаған жерден айырылып жатырмыз. Осындай орыстың өрескел әрекетіне қарап отыра береміз бе? Мал екеш мал да соярда тұяқ серіппейтін бе еді?.. Біз мал құрлы жоқпыз ба? Халықты мен бастамасам, кім бастайды. Осы соғыста өлетінімді де сеземін. Халқымның намысы үшін мен қарап отыра алмаймын. Одан өлгенім артық, – дейді ғой.
Кенесары ханның осы сөзі санамда тасқа қашап жазғандай қалып қойыпты. Тек Кенесары емес, көтеріліске қатысқан әрбір жауынгердің де ойы осы болғаны анық. Қашқынбай батыр осы соғыста асқан ерлік көрсеткен батыр. Кенесары қол астында көтеріліске қатынасқан 20 мың жауынгері болғандығы тарихи дерек. Кенесарының бас сардары болған Қашқынбай батыр қылышын жауға білеп, көзсіз ерлігімен ел есінде қалған ер. Елі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, бәрінен де ұрпағының болашағын ойлаған атпал азамат. Осындай елі үшін, жері үшін жаумен арпалысқан ел батырларын есте ұстау және олардың ерлігін дәріптеп, есімін ұлықтау әрбір қазақ азаматына парыз болып қала бермек. Парызды орындауда қарыз болып қалмасақ керек.
Кашқынбай батырдың адами қасиетін арттырып тұратын, тағы да ерекше айта кететін ісі, оның Кенесарының балалары Тайшық пен Ахметті Сыр бойына алып келіп, жау қолына түсуінен қорғап қалуы, елдің ортасына паналатуы болып табылады. Бұл да көнеден жеткен көз, санада қалған сөздің дерегі.
Одан бөлек, ХІХ ғасырда Қоқан бектері мен Хиуа хандары Қазақ жерінің оңтүстік халқын билігінде ұстап, оларды алым-салықпен және тонаумен қинап, күш көрсеткені мәлім. Қоқан ханы оңтүстікке көшіп келген Саржан Қасымұлын да өлтіргені белгілі. Осындай ел басына қиындық туғанда халқын зорлықтан құтқару үшін бар салмақты батырлардың көтеретіні ежелден жазылмаған заңдылық іспетті. Осы кезеңде Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған қазақ жауынгерлері Хиуа әскеріне күйрете соққы беріп, басып алған жерлерден қуып шықты. Әбден басынған жауды тәубесіне түсірді. Осы соғыста да Қашқынбай батыр ерлігі тарих бетіне алтын әріппен жазып қоюға лайықты есім.
Тағы бірде қырғыз елі қазақтардың малын барымталап, адамдарға тыныштық бермепті. Соған қарсы қазақ жауынгерлері жорыққа шығады. Қырғыз әскерлері де қарсы шығып, екі жақ кездеседі. Осы шайқаста екі елдің батырлары жекпе-жек сайысқа түседі. Қырғыздың атақты батыры мен Қашқынбай батыр жекпе-жекке шығады. Бұл сайыста Қашқынбай батырдың мерейі үстем болады. Қырғыз батырын өлтіріп, жеңіп шығады.
Кейіннен қырғыз елінен түйеге мінген үстінде камзолы, басына үлкен ақ жаулығын таққан қырғыз батырдың анасы Қашқынбайды іздеп келеді. Ананың құдіреті мен балаға деген махаббатының дәлеліндей сонша жерден арып-ашып, қанша жолды жалғыз жүріп өтіп жетеді ғой, ана байғұс. Сондағы ол кісінің айтқаны дейді: – Иә, соғыс болған соң, ел мен ел жауласқаннан кейін адам өлімі болатынын білемін. Ақ сүтімді беріп, аялап өсірген, қанамнан шыққан балам еді. Кішкентайынан елдің намысын жыртып, елін жаудан қорғаған батырым еді. Ол да талай адамды өлтірген батыр. Соғыс шығынсыз болушы ма еді? Екі ортада баласынан айрылып, зар жылап қалатын біз сияқты аналар ғой. Мен бәріне көнемін. Тағдырдың салғанына көнбейтін жан бар ма? Мен тек баламды өлтірген адамды көру үшін келдім. Менің балам қандай адамнан жеңілгенін білгім келді. Өзіне лайықты адам ба, жоқ па, кімге шамасы келмегенін көргім келеді. Менің басқа шаруам жоқ, – депті жарықтық.
Қашқынбай батыр өте ірі адам болған екен. Оның мінісіне аттың аты ғана шыдайтын көрінеді. Қандай ірі атқа мінсе де есекке мініп келе жатқандай болады екен. Атқа мінгенде тізесі құлағына тиеді екен. Сондай зор денелі адам болыпты.
Қашқынбайды көрген қырғыз әйелі үндемей отырып қалыпты. Содан соң ғана: – Көрдім. Балам өзіне лайықты адамнан жеңілген екен. Менің соңғы оғым қалып еді, сонымен сені аттым, – деп орнынан тұрып кетіпті. Ол да жай адам емес, әулиелік қасиеті бар жан болса керек. Сол жерде Қашқынбай батырдың бір көзі ағып түсіпті.
Біздің жолға шыққан мақсатымыз ел қорғаған, ерлігімен аты жайылған Қашқынбай батырдың қорымына бару, көктас белгі орнату болатын. Жол бастап барған адамымыз Асқарбек Шәптікұлы да көптен бері олай қарай жолға шықпаған екен. Кезінде қой баққан, сонда жүріп батырдың бейітін көрген. Табиғат сәл көрмесең реңін өзгертіп алатынын бұрыннан білуші едім. Бұл жолы да солай болды ма, қорымды табу оңай болған жоқ. Сол жерлерді бірталай шиырлауға тура келді. Ақыры түс ауа таптық-ау. Бейіттің басына барып құран бағыштадық. Ұзындығы 10 метр, ені 5 метр болатын үлкен қорым екен. Төбенің үстіне салынған. Неше жылдан бері дауыл мен жауынға төтеп беру оңай ма, кесектері желініп, еңсесі төмен түскен. Бірақ кезінде биік болып салынғаны сезіліп-ақ тұр.
Содан соң жігіттер бөлініп өз шаруаларына кірісіп кетті. Әсет Жетпісбаев, Сәкен Наурызбаев, Өмір Қабыланов баба басына көктас қоюды қолға алды. Қайырбек Қабыланов, Бағдат Жүсіпов, Шері Әбдірахманов ата рухына арнап шалған малды қазанға салуға дайындап жатыр. Әбдірей Маханбетжанов, Әнуарбек Қабыланов, Дәрушқан Сәруаров отыратын жерге киіз, көрпешелерін жайып, қазан-ошақтарын орналастырып жатыр. Алматыдан арнайы келген жасы 90-ды еңсерген Ешмағанбет Дүйсебаев атамыз ұзақ жол қажытқан болар, сәл тыныс алып, жайылған көрпеше үстінде қисайып жатыр. Ал осы сапарға баруға мұрындық болып, ұйымдастырушы Сағатбек Қосназаров ағамыз болып жатқан жұмысты таспаға түсіріп, тиісті жігіттерге тапсырмасын беріп жүр.
Адамда ықылас болса, бәрі де ойдағыдай болады ғой. Үш сағаттай уақыт шамасында барлық шаруа сәтті аяқталып, жігіттер дастарқан басына жиналды. Марқа қозының семіз етінен дайындалған қуырдақ пен күрең қою шайды қолға ала отырып әңгіме тиегі де ағытылды. Жасы 90-ды алқымдаған Ешмағамбет ақсақал сөз бастады: – Жалпы батырлар ауыл батырлары немесе қазақ батырлары болып екіге бөлінеді. Қашқынбай атамыз ауыл батыры емес, атағы кеңге жайылған қазақ батыры болған, – деді. Одан соң сөз алған Шері ініміз: – Кенесары ханға белгі қойылған, қырғызбен шекаралас жерде, Кенесары ханға арнап ас берілді. Өте көп адам жиналды. Қазақ даласының түкпір-түкпірінен азаматтар бас қосты. Таныстық барысында мен өзімді Қашқынбай батырдың ұрпағымын деп таныстырдым. Сонда ұйымдастырушы топ маған батырдың тұқымы, ханның сардары болған атамыздың баласы деп ерекше құрмет көрсетті. Мені төрге шығарып отырғызды. Жұрт алдында, шынымен де мерейім өсіп қалды, – деді. Бұдан соң батырдың тікелей ұрпағы, шөбересі, жасы 80-ді алқымдаған Қайырбек ақсақал сөз алды: – Біздің Қашқынбай атамыздан бастап ұрпақтарының бәрі батыр болған. Бәрі де ел шетіне жау келсе, бес қаруын асынып, жауға қарсы аттанған. Қашқынбайдың баласы Қабылан да кезінде батыр атанған адам. Ол кісіден үш бала туылады. Екеуі кешегі 1941-1945 жылғы соғысқа қатысып, қайта оралмайды. Тек менің әкем Әбдіғали ғана аман-сау елге оралған. Ол кісіден мен және інім Әнуарбек екеуміз туғанбыз. Құдайға шүкір, ел қатарлы ұрпақ өсіріп, тірлік жасап келеміз, – деп сөзін түйіндеді.
Сәкен Наурызбаев бауырымыз сөзінде былай деді: – Атамыздың жауға ұстаған қылышын менің әкем Жетпісбай Наурызбаев сақтаған. Ол қылыш әлі біздің үйдің төрінде ілулі тұр. Қанша адам сұрап келді, әкем атамнан қалған мұра деп ешкімге бермеді.
Қорымның жанында биік төбе бар екен. Айнала түгелдей жақсы көрінеді. «Қашқынбай төбесі» деп аталған бұл төбеде батыр талай келелі мәселелерді шешетін жиын өткізіп отырған. Одан әрірек жерде «Қашқынбай құдығы» деген құдық та бар екен. Осы жер атауларына қарап, осы мекенді құтты қоныс еткені белгілі болып тұр.
Ас ішіліп, дастарқан батасы берілді. Аруаққа арнап құран бағыштадық. Барған азаматтар аталарын орнынан бір аунатты. Ұрпақтары да ата алдындағы парыздарын орындап көңілдері шат, жүздері жарқын. Мен азаматтардың ісіне сүйсіндім. Шаршағанымыз да ұмытылып кетті. Ауылға қарай жолға шықтық. Аталар аруағы ұрпақтарын жебеп жүргей, лайым!
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ

















