» » ҚОРҚЫТ АТА ҚАЙДА ЖЕРЛЕНГЕН?

ҚОРҚЫТ АТА ҚАЙДА ЖЕРЛЕНГЕН?

Соңғы жылдары Ташкенттегі Өзбекстан Республикасының Ұлттық архивінде жиі болып жүрміз. Мұнда Сыр өңірінің тарихына қатысты аса құнды құжаттар молынан сақталған. Тек алу қиын. Кешегі сапарымызда Түркістан генерал-губернаторы К.П. фон Кауфманның атақты «Түркістан альбомының» түпнұсқасымен танысуға мүмкіндік алдық. Сонда «Қорқыт атаның кесенесі» делінген сурет көзімізге оттай басылды. Бұл суретті бірінші рет көруіміз емес. Десек те, түпнұсқадан көрген бөлек пе, әлде үлкенді-кішілі жиындарда естіп жүрген пікірлер әсер етті ме, осы тақырыпқа тағы бір тоқталуды жөн көрдік.
Ең алдымен айтарымыз, Қорқыт ата, сөз жоқ, оғыз-қыпшақ қауымынан шыққан сұңғыла дана, ақылгөй, батагөй, сәуегей, асқан абыз, жырау, қобызшы, қазақ бақсыларының пірі, күй атасы. Оны тек қазақ халқы ғана емес, түріктен тараған біраз жұрт кие тұтып, құрметтейтіні де сондықтан. Әсіресе, түрік, әзірбайжан, түркімен халықтары Ұлы жырауды өздеріне телиді.
Бүгінде біз білетін және кеңінен тараған Қорқыт ата мазарының суреті ең алғаш рет осы «Түркістан альбомында» 1872 жылы жарияланған. Суретке «Развалины могилы киргизского святого «Хорь-хуть» близь форта №2» деген түсініктеме берілген. Қазір ұзанның моласын тап басып ешкім көрсетіп бере алмайды. Көнекөз қариялар Қорқыттың мәңгілік мекені 1925 жылы опырыла бастап, 1952 жылы дария суы шайып кеткенін айтады.
Сыр бойындағы Қорқыт ата бейітін екінші рет суретке таспалатқан – Әбубәкір Диваев. 1896 жылдың маусымында Ташкенттен Қазалыға қызмет бабымен барған ол Қорқыт станциясына кездейсоқ тоқтап, сондағы Қорқыт атаның моласымен жан-жақты танысады. Оның жазуынша, мазар «Қорқыт» пошта станциясынан бір жарым шақырымдай жерде екен. Этнографқа Перовск уезі, Патша болысының 24 жасар қазағы Осман Қасымов бала кезінде қабірге түнеп, аяғын мазалаған ревматизм ауруынан айыққаны туралы айта келіп, «Қорқыт – қазақ әулиесі» деген көрінеді. Ал Перовск уезінің қазағы, зауряд-жүзбасы Көтібар Итаяқов бейітті 15 жыл бұрын (демек 1881 жылдары – Н.М.) өз көзімен көргенін, сонда зират Сырдария жағалауынан жүз сажындай жерде тұрғанын, ал 1893 жылы дария суы құмды жағалауды үнемі жуып, аталған бейіттен 15-20 сажындай ғана жерде болғанын әңгімелеген. «Әулие Қорқыт атаның бейіті жөнінде бірер сөз» атты мақаласында Диваев Көтібар Итаяқовтың мына бір дерегін келтіреді: «Соңғы уақытта қазақтар Сырдария толқыны Қорқыт ата бейітін бүлдіріп жіберуінен қорқып, әулиенің сүйегін неғұрлым қауіпсіз жерге апарып жерлепті». Бірақ, этнографтың өзі «мұның қаншалықты шындық екенін тап басып анықтай алмадым» дейді. Егер Ә.Диваевпен кездескен Итаяқовтың айтқаны рас болса, оны жергілікті жұрттың білуі, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып жетуі керек емес пе? Екінші жағынан, мұндай тұлғаны бір-екі адам жасырын емес, ел болып жерлемегені, басына белгі орнатылмағаны қалай?!
Араға екі жыл салып, 1898 жылы Әбубәкір Диваев Қорқыт ата мазарына қайта келеді. Этнограф бұл туралы өз естелігінде: «Мен оны өте нашар және аянышты күйінде таптым, бір қабырғасы Сырдария жағына қарап, опырылып құлап тұр екен» деп жазады. Диваевтың осы сапарында ғалыммен бірге Қазалы уезі бастығының көмекшісі, полковник И.Л.Арзамасов та болады. Ол әуесқой фотограф екен. Әбубәкір Ахметжанұлы сенімді серігінен аңызға айналған бейітті суретке түсіріп беруін сұрайды. Арзамасов 1899 жылдың 26 желтоқсанында Диваевтың өтінішімен Қорқыт ата бейітінің екі суретін таспалайды. Біреуін жағадан, екіншісін фотоаппаратын мұзға қойып, Сырдариядан түсіреді.
«Сонымен, дария біртіндеп шайып жатқан Қорқыттың ежелгі бейіті өзінің соңғы күндерін бастап кешіп жатыр деп сеніммен айтуға болады. Ұсынылып отырған екі сурет бұрын ешкім түсірмеген бейіт құрылысының бірден-бір ескерткіші болып қалады» депті Ә.Диваев күнделігінде. Расында да, полковник Арзамасовтың таспалары ұлы ойшыл бейітінің соңғы суреті саналғанымен, бұл күндері этнограф түсірткен суреттер туралы көп айтыла бермейді.
Қармақшыдағы Қорқыт ата бейітін өз көзімен көрген үшінші адам – Орынбор мұрағатында хатшы әрі іс сақтаушысы болып еңбек еткен Иосиф Кастанье. Ол 1906-1907 жылдары іссапармен №2 фортта (қазіргі Жосалы кенті – Н.М.) болып, Қорқыт ата мазарына аялдайды. 1906 жылы жарық көрген «Ташкент темір жолы бойымен 1906-1907 жылдар аралығында Торғай және Сырдария облыстарында жүргізілген іссапар» атты еңбегінде: «Қорқыт стансасынан 5 немесе 6 шақырымдай жердегі Сырдария жағасында, ішінде «Қорқыт ата моласы» деп аталатын мазар бар, бірте-бірте шетінен дария суына шайылып бара жатқан мазарлар шоғыры көзге шалынады. Ол мазарлардың ең қызықтысы ішінде түгелдей керуен көшінің суреттерімен қоса түрлі-түсті көріністер салынған қырғыз (қазақ) басқарушыларының бірінің мазары болып табылады», дейді.
Қорқыт ата мазарын Ресей этнографтарынан бөлек, өзіміздің ғалымдар да жан-жақты зерттеуге тырысқан. Академик Сайым Балмұқанов 1960 жылдардың аяғында бір топ ғалыммен абыз бейітінің түгелдей құлап кеткен орнына келіп, бірнеше ірілі-ұсақты сүйектер мен топырақ алып Санкт-Петербургтегі Антропология институтына жібереді. Институт ғалымдары: «Бұлар 200 жыл бұрынғы сүйектер» деген қорытындыға келіпті.
1914 жылы туған Көлбай Қалыбайұлы мазарды 1939 жылы көргенін, дарияға қарай қисайып, құлағалы тұрғанын жазса, 1970-1980 жылдары Қармақшы ауданының архитекторы болған Амангелді Әлденов 1973 жылы Ә.Қоңыратбаев комиссиямен келіп, Қорқыт қорымының орнынан бас сүйек, ортан жілік және жамбас сүйек алғанын, оны 1976 жылға дейін өзінде сақтап, кейін Қорқыт атаға ескерткіш салынып жатқанда іргетасының астына көмгенін айтады. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Шәдібай Абдоллаев болса, 1964 жылы Сайым Балмұханов, Жаңалық Әбдірахманов, Тілеген Әбдікешовтармен бірге бейіттің құлаған орнында болып, Сайым Балуанұлы біраз сүйектер мен құм араласқан ақ топырақты қапқа салдырып, Мәскеудегі Жұмабай Шаяхметовтің баласына жібергенін тілге тиек етеді.
Осындай іргелі зерттеулер, дәлел-дәйектер бола тұрса да, Қорқыт атаның жерленген жері жайында түрік халықтары арасында талас-тартыс бар. Әзірбайжандар «Қорқыттың жай тапқан жері Дербенттің солтүстік жағында» дейді. Түріктер «Түркияның Байбурт ауданындағы Масатта жерленген» деп жүр. Анадолыдағылар жыл сайын «Деде Қорқыт мәдени-өнер жиынын» өткізеді. Сонда қалай, бір адамның үш жерде жерленуі мүмкін бе?!
Қорқыттың Дербентте жерленгені туралы деректі 1638 жылы неміс саяхатшысы Адам Олеарий келтіреді. Ол Дербентте болып, Қорқыт жайлы аңыздарға қаныққан. Көнекөздерден осында Қорқыттың жерленгенін естіп, жазып кеткен. Олеарийдің замандасы, түрік тарихшысы Эвлия Челеби де «Саяхатнама» кітабында Қорқыттың қабірі Дербентте екенін растаған. Мазардың маңдайында «Қорқыт ата зираты. Бұл – ұлы сұлтан. Бұл сұлтанға ширвандықтар табынады» деген арабша жазу барын жеткізген. Осы жазбаларды оқып, 1908 жылы Василий Бартольд Дербентке барып, Олеарий айтқан Қорқыт мазарын іздейді. Алайда таба алмаған. Кейін бұл сапары жайында «Тағы да Қорқыт туралы хабар» еңбегінде егжей-тегжейлі жазады.
Осыған қарағанда, Қорқыт атаның Қазақстанда жерленгені жайлы дерек ең дұрысы секілді. Біз мұны қармақшылық болғандықтан айтып отырған жоқпыз. Ұлы ойшылдың қазақ топырағында жерленгенін шегелеп тұрып дәлелдеген Әлкей Марғұланды алға тартсақ та жетіп жатыр.
Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов шетелдегі Қорқыт ата бейіттерінің бәрінде болып, арнайы танысып шығыпты. Ақын: «Жақында мен Түркиядағы Байбұрт елді мекенінде болып, деде Қорқыттың кесенесін көрдім. Бабамыз сонда жерленген деп саналады екен. Дағыстандағы Дербентте де болдым, онда да Қорқыттың моласы бар. 2004 жылы Брюссельдің ортасында деде Қорқытқа қойылған ескерткіштің ашылуына қатысқанмын. Ал бұдан жиырма жылдан астам бұрынырақта Ежелгі Мысыр әпсаналары туралы кітаптан әр кеш сайын Ніл дариясы ағатын жер астына түсіп тұрушы Батар Күн құдайы Хорхт туралы әңгімені оқығаным бар-ды. Хорхт сонда мекендейтін Апоп атты айдаһармен шайқасып, қаза болады екен. Осының негізгі желісі Қорқыт ата туралы аңыздың 19-шы ғасырда ресейлік шығыстанушы Диваев жазып алған нұсқасында ғана сақталған. Түріктер мен әзірбайжандардың деде Қорқыт туралы аңыздары мешіттің мейлінше редакциялауынан өткен. Ондағы мәжусилік атаулының бәрі алып тасталған. Аңыздан қалғаны тек оғыздардың барлық эпостары аяқталатындай, өлімнің шарасыздығы туралы сөздер ғана. Исламды өзге түркілерден кейін қабылдауы себепті ғана Сырдарияның қазақтары аңыздың өздеріне тиесілі нұсқасын мұсылмандық түзетуден аман алып қалған. Бес мың жылдық тарихы бар аңыздың желісін сақтап қалу себебі де осыдан. Этимология қазақтарға өздерінің ежелгі тарихының әлі талай беттерін ашуға көмектеседі», деп тұжырымдайды.
Негізінде қазақ пен Қорқытты байланыстыратын бірнеше дүние бар. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бір сұхбатында: «Қорқыт аңыздары қазақта мол сақталған. Сонымен қатар, Қорқыт мазарларының негізгісі – Сырдың бойында тұр. Олай дейтініміз, Түркияның Байбурт қаласында да, Кавказда да Қорқыттың мазары бар. Дегенмен де, Қорқыт күйлерінің тек қазақ арасында сақталуы, басқа түркі халықтарында кездеспейтін Қорқыт аңыздарының бүгінге дейін қазақ арқылы жетуі – Қорқыт мұрасының мұрагері қазақ екенін көрсетеді» деген болатын.
Профессор Бағдат Кәрібозұлы да Сыр бойында жерленген адамның Қорқыт екенін растайды. «Ә.Марғұланның дәлелдеуі бойынша бір емес, бірнеше Қорқыт болғанға ұқсайды. Мәселен, Орхан Шайх еңбектерінде Германия елшісі Адам Олеариустің 1638 жылы «Имам Қорқыт» деп танылған мазарды көргенін, оның Түрік еліндегі Дербент қаласына жақын маңайда орналасқанын жазғандарын келтіре отырып: «Дербенттегі Олеариус айтқан Қорқыттың моласына мән беруге болмайды, ұлы Қорқыт ол жерде болмаған. Бір ғана Сырдың бойында оғыздар ортасында өткен кісі. Дербенттің Қорқыты қыпшақтардан қалған басқа Қорқыт, ондай Қорқыттар бергі кезде көп болған» дей келе, «Дербенттегі Қорқыт – басқа Қорқыт» деген ой қорытады.
Жазушы Қойшығара Салғараұлы «Ортағасырлық түріктер» кітабында Қорқыт атамыздың Дербенттегі мазарына қатысты қызық мәлімет береді. Жазушының пікірінше, Дербентке барған оғыздар Қорқыт мазарын қайта салған болуы мүмкін. «Жаугершілік, шапқыншылықтың жиі болуының салдарынан атамекенінен жиі айырылып, басқа жерге қоныс аударған тайпалар құрбандық шалар кезінде бұрынғы қара жұртқа – киелі орынға жете алмайтын болған соң, сол жаңа барған жерінде баяғы ел таныған, өздері табынған әулиелерге арнап, жаңадан әуелгі кезде бастапқы түріне ұқсатып, кейін оның архитектурасын жетілдіре жаңартып мазар тұрғызып, соның басына құрбандық шалуды әдетке айналдырған. Міне, біз білетін Сырдария бойындағы, сондай-ақ, әлгі Олеарий жазатын Дербенттегі Қорқыт мазарлары осындай ретпен өмірге келген мазарлар болса керек», дейді ғалым.
Қорқыт атаның жерленген жерін зерттеп жүрген қазіргі ғалымдар: «Қорқыт атаның мазары мен сүйегі сол бұрынғы орнында (Ә.Диваев көрсеткен – Н.М.) болып, су тасқыны шайып, бейітпен бірге Сырдарияға құлап кеткен болуы керек» деген байламға тоқтайды. 1953-1962 жылдары Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Көмекбай Қаракөзовтің естелігіне сүйенсек, 1957 жылы Сақтаған Есімовпен бірге мазарды іздеп барғанда, баба бейітінің Сырдарияға құлап кеткенін өз көздерімен көріпті. Мазардың қыштары Сырдарияның тік жар түбіндегі ұлтанында үйіліп жатыпты. Кесектердің бір беті көк түсті бояумен сырланғанын көріпті. «Бояу жақында сырланғандай жалтырап тұрды. Көк бояуды қыштан ажыратып көрейік деп біраз шара қолдандық, бірақ ажырата алмадық. Көк бояу сынса, қыш та сынады. Осыларды көріп қыштың да, бояудың да қаншалықты сапалы жасалғанына таң қалдық» дейді. Содан бері дария жағасынан бұл қыштарды көрген адам жоқ. Дария суы бір орнында тұрмайтынын ескерсек, сүйектер де ағыспен ағып кетті ме деген ой келеді.
Соңғы кездері Сырдарияның «Қорқыт ата» мемориалды кешеніне жақын тұсындағы жағасында ұзанның «Алла, Алла демей іс түзелмес, Тәңірі бермейінше ер байымас» деген сөздері қашалған, астына «Ата жолы» атынан Шерәлі, Гүлханыс» деген жазуы бар белгітас пайда болды. Сынған қам кесектермен қоршалған жерді жұрт «Қорқыт атаның жерленген жері» деп арнайы барып, тәу етіп жүр. «Қорқыт ата» мемориалды музейінің қызметкері Медет Әмірбековтің мәліметінше, аталған құлпытасты 2009 жылы зияратшылар өз қаражаты есебінен орнатыпты. Қандай дерек, дәйелге сүйеніп қойылғаны жайлы мәлімет жоқ.
Жазушы Нұрғали Ораз бір мақаласында: «Түрік бауырларымыз Қорқыт бабамыздың мазары Байбуртта жатыр дейді екен. Түркі тектес басқа халықтар да Қорқыттың моласы біздің жерімізде дейді. Мұндай кезде әзірбайжан халқының атақты ақыны Вахабзаденің: «Ұлылар бір жерде туып, мың жерде өледі» деген сөзі оралады ойыңа. Ең бастысы, Қорқыт бабаның өлмес, өшпес бейнесі жүрегімізде екендігі. Сондықтан да, оның бейіті біздің жерімізде деп ойлауға бәріміздің де қақымыз бар» деп жазған болатын.
Иә, Нұрғали ағамыздыкі жөн-ақ. Десек те, Қорқыт атаның жерленген жері туралы әңгімелердің ақ-қарасы ажыратылса, келер ұрпақ алдындағы борышымыздың ақталғаны болар еді.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Ақпарат саласының үздігі
14 қыркүйек 2026 ж. 23 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№69 (10537)

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (10536)

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (10535)

05 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 839
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 110

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930