» » Білімдар ұстаз – Ораз ахун

Білімдар ұстаз – Ораз ахун


Қазақ елінің рухани мәдени тарихына үңілсек, қажырлы еңбек көрсеткен көптеген діни қайраткерлерге таң қаласың. Кешегі кеңес кезеңінде есімдерін халық жадынан ұмыттыру үшін қаншама әрекеттер жасалса да, елдің есінен ешқашан шықпаған, ұлттың рухани мәдениетіне зор үлес қосқан, мұндай тұлғаларды халық әспеттеп, хазірет, ишан, ахун, қалпе, мүфти, имам, молда, тағы басқа атаулармен атап келді.
Орта Азия, яғни күллі Шығыс мәдениетінде алар орны бөлек, сырдың  оқымысты діни ғұламалары, саясат, өнер, білім, ғылым салалары бойынша жоғары деңгейде көрінген. Олар қазақтың өз алдына дербес ел ретінде құрылуына, мәдениетін дамытуға үлкен еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағартушы күрескерлер. Олар ел өміріндегі ықпалды әлеуметтік топ ретінде халықты мұсылман дінінің басты ұстанымы имандылыққа тәрбиелеген, Шығыстың классикалық әдеби мұраларын насихаттап халықтың рухани сауаттылығын ашуға ықпал жасаған. Халқымыздың ұлттық келбетін, тілін, дінін, жерінен айыруға бағытталған Ресей отаршыларының стратегиялық жүйелі саясатына ұзақ жылдар бойы қарсылық көрсеткен де, осы оқымысты ғұламаларымыз.
Кеңестік саясаттың күрзісі олар жаққан шырақтың біршамасын өшіріп тастады. Тек ауыздан-ауызға тараған аңыз әңгімелер арқылы көпшілікке танылуда.
 Санаулы ғұмырында дүйім жұртты аузына қаратқан Ораз Бекетайұлы 1836-1893 жылдары қазіргі Қармақшы ауданы Ақжар ауылының аумағындағы Сарықұм деген жерде дүниеге келіп өмір сүрген. Қазірде өлке тарихының сахнасында аты Ораз ахун деп танылып жүрген тарихи тұлға, өмір сүрген 56 жылында ахун атағын алып, елдің, халықтың санасында беделді тұлға болып қалыптасуы жолында қаншама еңбек еткен. Ахун дәрежесінің салмағын айтар болсақ, «қырық молданың қасиеті бір мақсұмның, ал қырық мақсұмның ілімі бір ахунның бойынан табылды» деген сөз, діни атақтарына сай қаншалықты білімдерінің тереңдегін көруге болады.
Ораз ахунның бала кезінде қой бағып жүргенде ұйықтап жатқанын сыртынан көрген, Балқы руының беделді биі Сартай (кей деректерде ағайында Сартай мен Тампыш деп те көрсетіледі) Ораздың бойындағы ерекше қасиетін аңғарып, бала Ораздың тәрбиесін әкесі Бекетайдан сұрап алып, жергілікті молдалардан сауатын ашуға ықпал жасайды.
Тылсым мен дінді үштастырып ұғына білген Сартай би, ұйықтап жатқан бала Ораздың үстінде «періштелердің ойнап жүргенін көрдім» деп қасындағы серіктеріне айтқан екен. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, Сартай би де Ораздың бойындағы қасиетін бағалап, діни сауат ашуына үлкен септігін тигізген. Сол уақытта Сартай би болашағын анық көрмесе де, үлкен үміт артып, қолдау көрсеткенде, Ораздың да талай бұлақтардың көзін ашып көптеген шәкірт тәрбиелеп, «Білімдар ұстаз – Ораз ахун» атанатынын білген жоқ шығар.
Бала Ораз зеректігі мен алғырлығының арқасында ауыл молдаларынан алған діни сауатын, одан әрі ашу үшін, Бұхара қаласындағы «Көкілташ» медресесіне оқуға түседі. Сол уақытта «Көкілташ» медресесі Орталық Азиядағы беделді де белді оқу орнының бірі еді. Шығыс елінен шыққан көптеген оқымысты ғұламалар осы «Көкілташ» медресесінен білім алғаны тарих сахнасынан белгілі.
Ораз шығыстың атақты ғұламаларының ілім-білімін ойына тоқып, еңбектерін оқып, өзі секілді шәкірттерден ерек болып білімін терең ұштады. Жан-жақтан, алыс елдерден, жерлерден «Көкілташ» медресесінде білім алуға алуға келген шәкірттердің, бірінің әлеуметтік жағдайы болса, бірінің жағдайы болмаған. Қарапайым шаруаның баласы Ораздың әлеуметтік жағдайы мәз болмаса да, асқазанның аштығын амалдап, білімге деген аштыққа шыдамай құмарлана оқыған екен. Білімге деген құмарлығының арқасында бірнеше бағытта жан-жақты ізденіп, Ораз, ұстазы Бақа қожаның жетекшілігімен «Тәрекей» атты парсы әрпімен арап тілінде, шағын екі томды ғылыми еңбек жазған. Ауызша немесе жазба деректер бойынша Ораз «Көкілташ медресесін бітіруге  жақындағанда бұл кітапты жазған көрінеді. Кітапта негізінде қайтыс болған адамды қалай о дүниеге аттандыру турасында, тірілердің қайтқан адамға қалай қызмет жасауы және жақын туыстарының қызметі қандай екені жайында жазылса керек. Сондай-ақ қайтыс болған адамның дүние-мүлкін тіршілікте қалай жарату, кімге, кімнің игілігіне тиесілі турасында жан-жақты айтылған деседі.
Кітапты көрген басқа да кісілер, оның мазмұны жоғарыдағы айтылған деректерден басқаша болуы мүмкін деген пікірлерде айтқан екен. Біріктіріп түптелген кітаптың жазу үлгісі өте көркем таңбаланып, құрандағыдай аса шеберлікпен жазылған деседі кітапты көрген кісілер. Осындай ғылыми кітаптың мазмұнын ашып, халық игілігіне жарату руханиятқа деген жанашырлық іс болар еді. Қазір бұл ғылыми қолжазбалар Ораз-Мұхаммед ахун ұрпақтарының қолында сақтаулы деседі.
Осындай білімге құштар шәкіртінің ерекше қасиетіне қанық болып жүрген ұстазы Бақа қожа, бірде Оразбен тетелесіп, келемеждеп жүрген шәкірттерін жинап алып, сынайды. Сондағы сынағы екі жақта тұрған ыдыстардың біреуіндегі суды екінші ыдысқа тесік ыдыс арқылы тасып құю еді. Ұстаздың айтқанын істеуге тура келгесін, шәкірттер тесік ыдыспен тасыған сулары ағып кетіп тапсырманы орындай алмайды, тек Ораздың ыдысы суға толып, ұстазының тапсырмасын орындап шығады. Ораздан мұндай ғажапты күтпеген қатарластары, кейін бұл жағдайдың анығын сұрағанда, ұстаздарының сынақ тапсырмасын орындар алдында, жайғана зікір (сүрелерді оқып, дұға тілек жасаған) жасағанын айтады.
Ислам ілімін игеруде бірнеше дәрежелерге кезең-кезеңімен жол ашылатыны діни жазбалардан белгілі. Ислам ілімінің ең жоғарғы биігі «ихсан» дәрежесі деп табылса, бұл дәрежеге жеткен адам құранның қыр-сырына қанық болғаны. Яғни жоғарыдағыдай Ораздың ғажап көрсетуі оның жан-жақты ізденіп, кітаптан бас алмай оқуының нәтижесінде, Құран Кәрімнің жай адамға белгісіз қыр-сырын игеріп, ихсан дәрежесіне жеткенінің дәлелі.
Бақа қожа шәкірттеріне Ораздың білімділігі мен ерекше қасиеті арқасында өзге шәкірттерден дәрежесі жоғары екенін ұғындырып, Оразға – Мұхаммед деген атты теліп, оған қоса «ахун» атағын беріп, бұдан әрі Оразды құрметтеп жүрулерін тапсырыпты. Ораз бұл кезде 22 жаста екен. Осындай жаста, осынша атақ дәрежеге жетуі бала Ораздың тегін адам еместігінің тағы бір дәлелі болса керек. Ораз-Мұхаммед ахунның медресе оқып жүргендегі абыройы мен ерекше қасиет иесі болғанын оның шәкірті Қожабай ахун «Көкілташ» медресесінде оқып жүргенде, медресенің мүфтиі, Ораз-Мұхаммед ахунның ұстазы Бақа қожадан естіп, елге Ораз-Мұхаммед ахунның әулие адам екенінің тағы бір дәлелі ретінде айтып келеді.
Ахун «Көкілташ» медресесін тәмамдап, яғни шамамен 1860 жылы туған еліне оралып, оқыған, білген ілімін ел-халқының игілігіне жұмсайды. Елде ағартушылық қызмет жасап, өзінен кейін де ел руханиятының сәулесін сөндірмейтін шәкірттер тәрбиелеп шығарады.
Шөмекейдің беделді биі әрі батыры болған Қалдан Талқанбайұлы басшылық жасап, ел-жұрт болып ахунның туған жері «Сарықұм» деген жерден мешіт салып беріп, имам қылып, елге ағартушылық қызмет жасауына ықпал жасаған.
Бұл мешіттің салынған аумағында (қазіргі Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының оңтүстік беткейлері) бұрын-соңды мешіттің болмағандығынан, жергілікті халықтың игілігіне жарар үлкен шаруалардың бірі болған. Сыр мен Қырдың сол уақыттағы әкімшілік бөлінісі болып табылатын Перовск уезінің батыс, солтүстік батыс бөлігін және Қазалы уезінің оңтүстік, оңтүстік шығыс бөлігін мекендеген Кете-Шөмекей руының көптеген білімге құштар балаларының сауатын ашып, жоғары біліммен, ғылымға бет бұрыс жасауына септігін тигізген киелі мешіт болды.
Осы айтулы аймақтан Ораз-Мұхаммед ахунның ізін қуып, атақ, беделдері шартарапқа жария болып, аттары тарих сахнасынан ойып тұрып орын алған тұлғалар қалыптасты. Есімдері қазірдің өзінде көпшіліктің санасында жаңғырып тұрған, айта берсең қатары көп нар тұлғалар.
Ораз-Мұхаммед ахунның шәкірттері мен ұрпақтары да араб, парсы, түркі тілдерін жақсы білген аса білімді, елге қадірлі ғұлама кісілер болған. Ахунның немересі Әбдікәрімнің білімділігі туралы, үлкендердің айтқан, ел-аузындағы әңгіменің бірі «Әбдікәрімнің білімі түпсіз терең теңіз, оның несін айтасың» дегені ахунның ұрпақтарының да білімді болғанының бір дәлелі еді.
Осындай тұлғаларға ұстаздық еткен Ораз-Мұхаммед ахун ілім-білімімен қоса бойындағы ерекше әулиелік қасиетімен де жұртшылықты таңқалдырып, көпшіліктің жүрегінен орын алған. Қыңырланып, айдағанға көнбеген малдың өзіне ызаланып, ашу шақырмаған Ораз-Мұхаммед ахун «әй» дегеннен артыққа бармайды екен. Бұл Ораз-Мұхаммед ахунның сондай сабырлы, ұстамды нағыз көркем мінез иесі болғанының бір көрінісі еді.
Ораз-Мұхаммед ахунның қоғаммен етене араласып, қоғамның құрметті тұлғасы болып, өмір сүрген уақытпен қазіргі уақыт аралығында жүз елу жылдай шамамен үш ұрпақ өмір сүрген екен. Бұл жерде демографиялық санақ жүргізіп отырған себебім, ахунның әулиелік қасиеті мен ғажап дүниелері туралы, ел аузындағы әңгіменің аңыз-әфсана немесе ғылыми тұжырым емес, кешегі аға ұрпақтың көзбен көрген таңғажайып дүниесі еді.
1903 жылы оның қабірін ашып, сүйегін басқа орынға ауыстырған адамдардың қазір де немерелері өмір сүруде. Сол кісілердің айтуы бойынша, қазақ даласында сирек, тіпті бұрын-соңды болмаған жағдайдың орын алуы көпшіліктің санасын дүр сілкіндірді.
1893 жылы ол дүниеден өткеннен кейін, өзінің құтты мекені Сарықұмдағы мешітінің қасына жерленген болатын. Арада 10 жыл өткенде Ораз-Мұхаммед ахун ұрпақтары мен шәкірттерінің түсіне еніп, өзінің суға кетіп жатқанын айтып, аян берген. Сол уақытта Сырдарияның арнасынан асып аққан мол су, Сарықұм даласына да асып өтіп, ахунның жатқан жерін су алған. Ахунның ұрпақтары мен шәкірттері бұл аянның бәріне де берілуі және ахунның әулие кісі болғандығын ескеріп, жағдайды қолға алып, ел ағаларымен ақылдасып, ел болып ахунның қабірін ашуға шешім қабылдайды.
Осы шаруаның басы-қасында жүрген ел ағаларына келсек, Қалдан батыр, Төребай би, ахунның тікелей ұрпақтары мен ізбасар шәкірттері Қалжан ахун, Әлібай ахун, Дәулетназар ахун, Садық ахун, Қожабай ахун, тағы басқа да сол уақыттардағы осы аумаққа белгілі кісілер бар еді.
Ғұламалардың жазбаларында кездесетін тәсбір сөздің бірі «Ішіне құран кірген адамның сүйегі шірімейді» деген сөздің турасын, ахунның қабірін ашып, мүрдесін көрген көпшілік түсінгендей болған екен. Жан-жағын су алып жатса да ахунның жатқан жерінде (лақатында) аса көп судың болмауы және кебінін ашқанда ахунның мүрдесінің бұзылмай сақталып жатқаны, көпшілікті қатты таңқалдырды.
Содан әулиеден шарапат болсын деген мақсатта тәбәрікке ахунның қабіріне қолданылған дүниелерді жиналған жұртшылық бөлісіп алған екен. Жиналған жұрттың көптігінің дәлелі, қабірдің бетін жапқан ағаш, қамыс жаңқаларының тәбәрікке алғанда бір түйірден келуі, сондай-ақ лақатқа жиналған ыза судың бір тамшыдан үлестірілуі еді. Ахунның қабірінен тәбәрік үлестіргендердің ішінде ауру-сырқауы барлардың ауруларынан айығуымен, басқа да жақсылықтың нышандарын байқағандар әулиенің шарапаты тигенін айтып, дүйім жұртты таңқалдырса, бұл әңгіменің желісі ел аузында бүгінгі күні де айтылып жүр. Сондай тағы бір ел аузындағы әңгіме, ахунның інісінің баласы Смайылдың атақты тәуіп болуына, ахунның мүрдесін ашқанда төсінің шұқыршағына жиналған бір ұрттам суды ішуінен деседі.
Иә, діни білімімен туған елінің болашағы үшін аянбай еңбек етіп, жағымды істерімен ел есінде қалған Ораз-Мұхаммед ахун жайлы айтылып жүрген аңыздар көп.
Ахунның «ақ шапанды серіктері» турасында ел аузында айтылып жүрген тағы бір әңгіме Т.Деменұлының «Келте тонды Келмембет» кітабында айтылған екен. Атақты Қалжан ахун Ораздың үлкен қызы Зейнепті алған күйеубаласы екен. Сол кезде Ораз ахун науқастанып, өзінің мешіттегі орнын күйеубаласы Қалжанға беріпті. Ал Қалжан түнімен мешітте болып, түрлі кітап оқитын болған. Сондықтан өзінің қасында үнемі елесіндей ертіп жүретін ақ шапанды мұсылман перлеріне Қалжанды қоршатып барып, оны мешітке кіргізетін көрінеді. Міне, содан кейін Ораз ахунның «ақ шапанды серіктері» туралы аңыз ел арасына кең тарайды. Ал ол өзінің бұл сырын құпия ұстаған деседі.
Осындай ел аузындағы әңгімелердің негізінде, бүгінгі ұрпақ біздер Ораз-Мұхаммед ахунды тарихи есімі ерек тұлға деп білеміз. Оның мүрдесін суға салып шашын, мұртын, тырнағын алып қайтадан кебіндеп, қазіргі Ақжар ауылы мен Тұрмағамбет ауылының ортасындағы ашық алаңқай «Көкиін» деген жерге алып келіп жерлейді. Бұл жер бұрынғы жерленген жерінен солтүстік батысқа қарай 30-40 шақырым қашықтықта орналасқан. Ахунның сүйегін жаңа жерге орналастырарда ел-жұрттың құрметі соншалық, көлікке салмай қолдан-қолға ұстап көтеріп келген екен.
Осындай құрмет иесі Ораз-Мұхаммед ахунның шарапатын сұрап жергілікті халық тәуіп етіп, білімділігі мен ерекше қасиетін үлгі етіп, бүгінгі күнге дейін айтып келеді. Сәпен Аңсатовтың «Болмыс» атты кітабында, өткен ғасырда аты ауданға белгілі, Ақжар ауылында тұрған Ешмағамбет молда жас кезінде білім қуып Бұхараға баруға әкесінен рұқсат ала алмағасын, ел-жұрт сөзінен асып кете алмайтын, Аманбай деген абыздан бата сұрап барыпты. Аманбай абыз Ешмағамбетке «Діни дәріс беріп, халықтың көкірек көзін ашқан, Ораз-Мұхаммед ахун әкеңдей білімді бол, Алла талабыңды оңғарсын» деп бата берген екен. Сондағы Ораз-Мұхаммед ахунды тілге тиек етіп бата беруінің өзі, кейінгі ұрпақтың Ораз-Мұхаммед ахунға құрметін көрсетеді. Бұл ахун қайтыс болғаннан шамамен 30 жылдан кейін айтылған әңгіме екен.
Оның шәкірттерінің өзі жекелеп айтқанда, әрқайсысының атақ абыройы мен елге сіңген еңбегін айтар болсақ бір-бір ғылым іспетті. Әлібай ахунның қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің тоталитарлық саясатынан қаймықпай мешіт ашып халықты сауаттандыру жолында аянбай еңбек етуі, Ақмырзаның Кенес әскеріне қарсы көтеріліс, қақтығыстар жасауы, Садық ахунның дәрігерлік ерекше білімі, осылардың барлығы алғашқы ұстаздары Ораз-Мұхаммед ахунның мектебінен білім-тәрбие алуларынан болар.
Мешітінен дәріс алып шыққан Мырзабай, Әлібай, Алдашбай, Қожабай, Тоқсанбай деген шәкірттері кейіннен Бұхарадағы «Көкілташ» медресесін бітіріп, олар да «ахун» атағын алады. Елдеріне келіп, өз алдарына бір-бір мектеп, мешіт ашып елді имандылыққа тәрбиелеп, сауаттандырған, халыққа қадірлі, білімдар кісілер болған.
Олар Ораз-Мұхаммед ахунды өздерінің алғашқы ұстазы ретінде танып, құрмет тұтқан. Өйткені, өзге өңірлерден барғандарға қарағанда Ораз-Мұхаммед ахун мешітінен дәріс алған шәкірттер терең білімді деп танылып, «Көкілташ» медресесіне кедергісіз жеңілдікпен қабылданатын болған.
Атақты Сыр сүлейлері Ешнияз сал, Балқы Базар мен Дүр Оңғар, Тұрымбет, Тасберген мен Шораяқтың Омары, даңғайыр ақын Тұрмағамбет және басқа да талайды таңдай қақтырған жыраулар Ораз-Мұхаммед ахун мен оның шәкірттерінен дәріс алған.
«Ұстаздан шәкірт озады» деген халық аузындағы нақыл сөздің негізіне ұйысқаны ма, Ораз-Мұхаммед ахунның өткен өмірі жайында бүгінде газет, кітап беттерінде аз-кем айтылып жүр. Ал шәкірттері туралы жазба деректермен баспасөз беттерінде әлдеқайда көптеп кездеседі. Бірде республика көлемінде жұмыс жасап жүрген өлкетанушы (аты-жөнін есімде сақтай алмай қалыппын) әр өңірлердің тарихи брендтерін атап өткен болатын. Сонда Сыр өңірінде ишандармен ахундардың көптеп кездесетінін және олардың халықтық ағарту жолындағы еңбектерінің ұшан-теңіз екенін атап айтқан болатын.
Сол кісінің әңгімесінің төңірегінде ойланып қарасам, жоғарыда айтып өткен аумақта алғаш мешіт ашып, ұстаздық етіп, атақтары өзінен де асып түсетін шәкірттер тәрбиелеген Ораз ахунның орыны жаңағы айтқан Сыр өңіріндегі ишандар мен ахундардың бастапқы қатарында айтуға болады деп ойлаймын. Оның қабірін ашқан кездегі жағдайдың өзі бұрын-соңды бола бермейтін құбылыстың бірі еді.
Азды-көпті Ораз-Мұхаммед ахун туралы Т.Деменұлының 1996 жылы «Шартарап» баспасынан шыққан «Келте тонды Келмембет» кітабынан, ахунның өз ұрпағы Смайыл баласы Атамұраның «Ораз ахун» атты қысқаша очерк кітабынан, аудандық «Қармақшы таңы» газетіне 2022 жылы қаңтар айында шыққан №5 нөміріндегі «Ораз ахунның тылсым киесі мен қасиеті» атты Тынымбай Досбатырдың мақаласын, тағы да басқа жазбаларда қысқаша оқығандарымды, үлкен кісілерден естігендерімді түйіп жазған жайым еді.
Ораз ахун әулиелігімен халықтың есінде қалған, білімдар, діни сауатты тұлға. Сол себепті жергілікті халық құрмет тұтып ахунның есімін жаңғыртып, Қармақшы ауданының орталығында мешіт жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ ахунның туған жері Ақжар ауылында бір шаруашылықтың аты «Ораз ахун» атымен аталады және аудан бойынша кент, ауылдық елді мекендерде ахунның атымен аталатын көшелер бар.
Әзірбек ІЛИЯСБЕКҰЛЫ,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
03 мамыр 2026 ж. 46 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10500)

01 мамыр 2026 ж.

№31 (10499)

28 сәуір 2026 ж.

№30 (10498)

25 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 016
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 632

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031