ЕРЛІККЕ ТОЛЫ ӨМІР ЖОЛЫ
Еліміз үшін Ұлы Отан соғысы – халқымыздың жадында мәңгі қалатын ең ауыр әрі қасіретті кезеңдердің бірі. 1418 күнге созылған алапат соғысқа қазақ даласынан 1,2 миллионнан астам азамат аттанып, олардың тең жартысы майданнан оралмады. Ел қорғауға бел буған мыңдаған ерлердің ішінде ауданымыздың перзенті, жауынгер Садық Пірназарұлы да бар еді.
1914 жылы аудан орталығында дүниеге келген Садық Пірназарұлының тағдыры бүкіл бір ұрпақтың бастан кешкен ауыр жолын айқын көрсетеді. Ол 1939 жылдың қарашасында аудандық әскери комиссариат арқылы әскер қатарына шақырылып, алдыңғы шепке бағытталады. Дәл осы сарбаздық қызметін өтеп жүрген шақта Ұлы Отан соғысы басталып кетеді.
Жас жауынгер алдымен Калинин облысындағы Волошовка селосында үш айлық әскери дайындықтан өтеді. Артынша Солтүстік беттегі шепке жіберіліп, Фин соғысына қатысады. Бұл – оның алғаш рет нақты жауын көрген, майданның қандай боларын сезінген кезеңі еді. Фин соғысы аяқталған соң Садық Пірназарұлы Архангельск облысындағы Онгега қаласына жіберіледі. Кейін әскери бөлім Германия шекарасына, Литва КСР-інің Кретинга қаласына орналастырылады. Тарихи Жеңіске бастайтын жол осы жерден басталды.
1941 жылғы қанды шайқастардың бірінде Рига маңындағы Тельсай қаласында ол ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Алайда ер мінезді сарбаз небәрі бірнеше ай ішінде сауығып, қазан айында қайтадан майдан шебіне оралады. Оның ең үлкен ерліктерінің бірі – Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысуы. Бұл шайқаста кеңес әскерлері жаудың бетін қайтара алған шешуші кезең болды. Жауынгер Садық та сол тарихи сәттің куәгері әрі қаһарманы болды. 1942 жылдың наурыз айында ол екінші рет жараланады. Емделген соң денсаулығына байланысты әскери комиссия оны «соғысқа жарамсыз» деп танып, туған еліне қайтару туралы шешім қабылдайды. Садық Пірназарұлы үшін майдан жолы осылай аяқталады. Бірақ оның елге деген адалдығы, жауға деген қайсарлығы ешқашан ұмытылған емес.
Соғыстан аман оралған майдангер туған жеріне табан тіреген соң бірден еңбекке араласып кетеді. Ұзақ жыл бойы аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарады. Ол кезде ауданда бар болғаны екіақ милиционер болғанының өзі оның жауапкершілігі мен қажырлы еңбегін көрсетеді. Замандастары оны әрдайым «Мықты, әділ, еңбекқор азамат еді» деп еске алады. Ел тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы күнделікті еңбегі көпшілікке көрінбеуі мүмкін, бірақ кез келген қоғамның тірегі – осындай адал қызметкерлер.
Садық Пірназарұлы мен жұбайы жеті баланы өсіріп, тәрбиелеп, әрқайсысын қоғамға пайдалы азамат қылып жеткізеді. Балаларына өмір бойы адал болу, бірлік сақтау, елге қызмет ету сынды құндылықтарды мирас етті.
Баласы Бақытбек әкесін ерекше ілтипатпен былайша еске алады.
– Әкеміз соғыс туралы көп айта бермейтін. Кейде ғана: «Қоянқолтық шайқастарда бір-бірімізді қолмен ұрарға дейін барған кездер болды» деп әңгімелейтін. Осы сөзін ойласам, өмір мен өлімнің дәл ортасында жүріп, ел үшін жанын қиған ерлердің қандай ауыр жолдан өткенін түсінемін. Әкеме деген құрметім күн сайын артады, – дейді ол.
Бойындағы жігерді балаларына үлгілі тәрбие еткен Садық Пірназарұлының соғыста көрсеткен ерлігі мен еңбегі жоғары бағаланды. Ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен, екі мәрте «Германияны жеңгені үшін» медалімен, «Ерлігі үшін», «Әскери еңбегі үшін», «Мәскеу шайқасына қатысқаны үшін», «Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлік пен батырлығы үшін», «Жеңістің 20 жылдығы» мерейтойлық медалі, «КСРО Қарулы Күштерінің 50, 60 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Әрбір медаль – қан майдандағы бір-бір белес, бір-бір ерлік.
Жеңістің 80 жылдығы – тек тарихи сәт ғана емес, өткенге тағзым ететін, батырлар рухына бас иетін уақыт. Садық Пірназарұлының өмір жолы – ерлік пен адалдықтың, қажыр мен қайсарлықтың жарқын үлгісі. Өткенді ұмытпау – болашаққа деген жауапкершілік. Себебі осындай ержүрек ерлердің арқасында біз бейбіт күн кешіп отырмыз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
















