ЕЛДІҢ МӘҢГІЛІК БАТЫРЫ
Жақында редакциямызға Қуаңдария ауылының тұрғыны Саржан ағамыз келіп, жүрек түкпірінде сақтап жүрген бір сырлы естелігімен бөлісті. Ол әкесі – соғыс ардагері Қарғабай Тынымбаев туралы айтты. Бұл әңгіме тек бір отбасының тағдыры ғана емес, соғыс өрті шарпыған мыңдаған қазақ отбасыларының ортақ тарихындай әсер қалдырды.
Қарғабай Тынымбаев 1943 жылы елден майданға аттанып, жаумен алыста Берлин бағытындағы шайқастарға қатысқан екен. Сол бір сұрапыл соғыстың от-жалыны талай боздақты жалмап жатқан шақта Қарғабай да өз Отанын қорғауға бар күш-жігерін арнайды. Соғыста жараланып ауруханаға түседі. Туған жердің топырағын қайта басу бақыты бұйырғандардың бірі болып, жеңіспен елге оралды.
Алайда соғыстан кейін де ел тыныш өмірге бірден көшпеген. Жау қалдықтарын жою, ел қорғанысын күшейту жұмыстары әлі де жалғасып жатса керек. Қарғабай сол кезде де борышын өтеп, тағы да әскер қатарында қызмет еткен. 1948 жылы елге оралған соң, өмірлік серігін тауып, Түймегүл есімді аруға үйленеді. Жас жұбайлардың өмірі енді ғана басталғанда тағдырдың жазуы бөлек болып, бір жылдан кейін бейбіт өмірде Қарғабай өмірден озады.
Ол кезде Түймегүлдің құрсағында баласы бар. Ол баласын дүниеге әкеліп, алты ай омырауында ұстап, Қарғабайдың апасы Тортаның қолына табыстайды. Бұл шешім – ананың балаға деген махаббатының аздығы емес, керісінше, өмірдің қиындығына жасаған қарсы амалы. Өйткені Тортаның осыған дейін өз баласы болмаған, ал Түймегүл жесір қалмай, тағдырдың сынағына төтеп беріп, екінші рет отбасын құруға бел буған.
Міне осылайша Тортаның бауырында өскен бала – Саржан Ақжар ауылында ер жетіп, еңбекке араласады. Жастайынан шаруашылықтың тіршілігіне үйреніп, техника айдап, ауылдың өркендеуіне үлесін қосқан. Өз ата-анасы жайлы көпке дейін ештеңе білмей, Тортаны туған әкешешесіндей көріп өседі.
Арада жылдар өтеді. 1990 жылы Санжар ағамыздың өмірінде күтпеген оқиға орын алады. Көп жыл бойы хабарсыз кеткен анасы Түймегүл оны іздеп келеді. Сол сәтте ғана Санжар ағамыз өз әкесі туралы, оның соғыстағы ерлігі мен өмір жолы жайлы біледі. Анасы көз жасын тыя алмай, Қарғабайдың соғыстағы ерлігін, елге қалай оралғанын, жастай өмірден өткенін айтып берген. Сол кезде Санжар ағамыз алғаш рет өз әкесінің батырлығын естіп, жүрегіне мәңгілік мақтаныш сезімін ұялатқан.
Бұл әңгімені айтқанда Саржан ағамыздың көзінде мұң ойнады. Бірақ ол анасын түсініп, кешірген. Өйткені соғыс пен жоқшылық, жетімдіктің салмағын сол буын түгел сезінді.
Бұл оқиға – бір отбасының тағдырын ғана емес, соғыс жылдарындағы мыңдаған қазақ отбасыларының ортақ тарихын көрсетеді. Соғыс талай тағдырды қиды, талай жанды жақынынан айырды, талай ұлды әкесіз қалдырды. Бірақ олардың бәрінің жүрегінде Отанға деген адалдық, бейбіт өмірге деген сенім сақталып қалды.
Қарғабай Тынымбаев – сол ерлердің бірі. Ол өз борышын абыроймен атқарып, ұрпағына бейбіт өмірдің іргетасын қалап кетті.
Бүгінде оның есімі Тұрмағамбет ауылындағы Тағзым алаңындағы көктаста ойып жазылған. Бұл – елдің батырға деген құрметі. Санжар ағамыз әкесінің есімін ұмытпай, оның ерлігі мен өмір жолын кейінгі ұрпаққа жеткізуді парызым деп біледі. Бүгінде Қарғабайдың ұрпағы ел ішінде еңбек етіп, аталарының ерлігін мақтанышпен айтады. Бұл – ел қорғаған ерлердің еңбегінің еш кетпегенінің дәлелі.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ел қорғаған әрбір жауынгер – біздің тарихымыздың мәңгілік батыры. Қарғабай Тынымбаев сияқты ерлердің есімі ел жадында сақталып, ерлік рухы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.
Ерсін СӘДУҰЛЫ














