» » БОЗ ДАЛАДА БОЙ КӨТЕРГЕН АУЫЛ

БОЗ ДАЛАДА БОЙ КӨТЕРГЕН АУЫЛ

ШАРУАШЫЛЫҚ БАСШЫЛАРЫ ЖӘНЕ ӨНДІРІС БАҒЫТЫНЫҢ ӨЗГЕРІП, ТАБЫСҚА ЖЕТУІ
Шаруашылық құрылып, елді мекеннің іргесі қаланғанына 60 жыл толуына орай, бастамашы топтың ұйғаруымен естелік кітап шығарамыз деген соң, совхоз директорлары жайлы, арада біраз жыл өтсе де бұрынғы көргендерімді ойланып еске алып, ол кісілер туралы білгенімше хатқа түсіріп жазуға міндеттімін деп отырмын.
Қазиев Орныққан әкеміз 1926 жылы Арал ауданының, Ақирек ауылдық кеңесінде туған. Орталау мектепті бітірген соң 1941 жылы аудандағы Мәстәт орталау мектебіне оқытушы болып еңбек жолын бастаған. 1944 жылы 18 жасында Кеңес әскері қатарына шақырылып, 6 жыл бойы Отан қорғау қызметін абыроймен атқарып, білікті офицер болған. (Бұл мәліметті Т.Аблаев құрастырған «Ақ сауытты Айдарбек батыр» кітабынан алдым). Менің қызмет барысында араласқан аудандық статистика басқармасының бастығы Сатыбалдиев Әбдірауық, Ленин совхозының бас бухгалтері Ерекешов Мұханбетқали әкелерімізден «О.Қазиевпен армияға бірге бардық, ол жолай эшелон тоқтаған жерде ретіне қарай күреске түсетін палуан еді, қорықпайтын жүректі жігіт болатын» деп, Жапон соғысына қатысқандары туралы айтқандары есімде қалды.
1951-1953 жылдары «Қызылорда екі жылдық педагогика институтының» математика факультетін Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтармен қатар бітірген. Мамандығына сәйкес Жалағаш ауданының мектептерінде мұғалім, аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып партия қызметкері болған. 1961 жылы Қаракеткен теміржол стансасындағы «Игілік» балық колхозының басқарма төрағасы қызметін атқарған. Қазалы ауыл шаруашылығы техникумының зоотехния факультетін, зоотехник мамандығы бойынша сырттай бітірген. Балық колхозы Сырдария өзенінің суы азайып, көлдер тартылып колхоз жабылғасын, «Коммунизм» қой совхозының бас зоотехнигі болып 1965 жылға дейін қызмет істеген. Партиялық кадр резервіндегі маман, жаңадан Үкімет қаулысымен ашылған «Жосалы» қой совхозына ҚазКСР су шаруашылығы және жер суландыру министрінің бұйрығымен 39 жасында директор болып тағайындалған. Жосалы ауылына 1966 жылы отбасымыз көшіп барғаннан бастап ол кісіні көрдім, арасында біздің үйге келіп қонып, түстеніп кететін. Математика сабағын қалай оқисың деп сұрайтын. 1971 жылы мамандығыма сәйкес жұмысқа тұрғасын ол кісіні жақсы тани бастадым, үлгі тұттым. Еңбектегі алғашқы және негізгі ұстазым, өмірдегі әкемнен кейінгі тәрбиешім болды. Ол кісіні сипаттауға шамам келмесе де айтып көрсем: Орта бойлы, аққұба бидай өңді, кең иықты, палуан денелі, сұлу келбетті кісі болатын. Сабырлы, ұстамды, сыпайы, ашық мінезді, педагогтық ұстанымда ешқандай анайы сөйлемейтін, үлгі тұтарлық жарасымды киініп, таза жүретін, талапшыл, елге сыйлы азамат болғанын көрдік. Қазақ қоғамында болған небір қиын заманды: ашаршылық, репрессияны, сол замандағы қазақи ұстанымды көріп өскендіктен, соғысты басынан өткергендіктен болар дүниеге қызығушылығы жоқ, қанағатшыл, есепке жүйрік, өте адал адам болатын. Жас мамандарды да солай тәрбиеледі, шаруашылықта мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметкерлердің істі болуы орын алған емес. Қарапайым мысал, алған іс сапар қаражатымен өзі ай сайын толық есептесіп отыратын. Жоғарғы партия, Совет органдары басшыларымен тең дәрежеде сөйлесе алатын және шешімін таппаған мәселелерді көтеріп, күлтектемей тура жеткізетін. Ұйымдастырушылық қабілеті, білімі қандай жоғары лауазым болса да жететін, орыс тіліне жетік сауатты, жазуы тасқа басқандай еді. Ерекше ұйымдастыру қабілетінің жоғары болғанын: туып-өскен, үйренген қоныстарынан, ұшқан құс жоқ құлазыған боз далаға алғаш қазық қағылып, бірнеше ғана үй салынған, әлеуметтік тұрмыстық қызмет орындары әлі жоқ, жаңа қонысқа 1966 жылы жаз бойы халықты, яғни жүздеген отбасыны толық қоныстандырып, тұрақты жұмыспен қамтуынан білуге болады. Бұл үшін теміржол бекеттерін, аудан орталығы мен ауыл-аймақтарды, көрші аудандарды аралап халықпен, әрбір жанұяның мүшелерімен сөйлесіп, үкімет тарапынан берілетін қаржылай қолдау шараларын, жеңілдіктерін түсіндіріп, шаруашылықтың болашағы жайлы жоспарын жеткізіп, адамдардың көңіліне жарқын болашағы жайлы үмітін оятып, жүректеріне жылы сезім ұялатып, нық сөзімен иландырып, сендіруі маңызды орын алған болуы керек. Осы жылы барлық берілген уәделерін орындап, елдің мамыражай жайлы орналасуына толық қол жеткізген.
Жұмыс қолы барлық уақытта тапшы болды, ауылдың елден жырақ, бұрын маңайда ел тұрмағаны белгілі болып тұратын. Осыған орай, кейінгі жылдары Арал ауданынан балықшы ағайындардың, Өзбекстанның Газли қаласынан, осы аудан көлемінен ашаршылықта ауып кеткен Кете ағайындардың және татар, башқұрт ұлтының азаматтарының, көптеген отбасының көшіп келуіне өзінің тікелей араласуымен қол жеткізді. Бұл да шаруашылықтың өркендеуіне сүбелі үлес болғаны айқын.
Алғашқы жылдардан бастап, жоғары оқу орнын бітірген жас мамандармен шаруашылық үнемі толығып отырды, кадр саясатын басты назарда ұстады. Оларға тұрғын үй беріліп, мүмкіндігіне қарай қызметтік автокөлік бекітіліп, ақыл-кеңесімен бөлісіп, алаңдамай жұмыс істеуіне толық жағдай жасап отыратын.
Есте қаларлықтай ерекше еңбегі, білімі мен тәжірибесіне сүйеніп, ақыл-ойына салып таразылап, зерделеп, совхоз құрылған бойдан жер көлемінде шабындығы жоқ, суландыру көздері анықталмаған, бекітілген жайылымдық жері тар, қой қыстатылған мекендердің ізі жоқ, қазылған скважиналардан ащы су шығуына байланысты қой совхозы болу мүмкіндігі жайлы тікелей мәселе қойып, жоғары басқару органдарының көзін жеткізіп, шаруашылықтың өндіріс бағытын өзгертуі деп айтуға болады. Осыған байланысты 1965 жылы қарашада Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ықсанов, Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Жанпейісов екеуі келіп, жер көлемін аралап көріп, директордың қойған мәселесімен егжей-тегжей танысып, өлшестіріп көрген. Үкімет шешімімен ашылған, қаржыландыру жүйесі республикалық бюджет есебіне алынған совхозды жабу мүмкін болмағандықтан амалсыздан күріш егуге ауызша келісім берілгені ішінара жай айтылып қалатын. Бұл ауызша келісім өте күрделі мәселе шаруашылықтың болашағын өзгертіп, мәселенің түбегейлі шешілуіне жол ашқан. Совхоз директоры О.Қазиев әкеміздің көрегендігі мен қарым-қабілетінің және талапшылдығы нәтижесінде жүзеге асырылған деп сеніммен айтуға болады. Бұрын ғасырлар бойы ылғал көрмей бос жатқан, ойлы-қырлы, су жолдарының ескі іздері мүлдем жоқ, қу мекиен боз даланы суармалы егіске айналдырып, күріш дақылын егуді жүзеге асыру қиынның-қиыны болғаны бесенеден белгілі.
1966 жыл облыс бойынша күріш дақылын өсірудің жаңа қарқын ала бастаған кезеңі болды. Ал «Жосалы» қой совхозында бұрын әр салада жұмыс істеген жұмысшылар, кетпен ұстаған күрішші диқан жоқтың қасы, маман жоқ. Сол себептен күріш дақылын егуді білетін, егде жастағы көзі қарақты диқандар Цой Хо Бем, Чай Александр, Шин Николайды, тағы басқа күрішшілер тауып, егіс бригадирлігіне егін егуде тәжірибесі бар Кәрібаев Мусағалиды бекітіп, қол жұмысшыларымен жасақтап, күріш бригадасын құрған. Директордың тікелей басшылығымен аудандық ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы басқармаларының агроном, гидротехник мамандарының өлшеп белгілеуімен «Жосалы» каналы қазылып, насоспен су айдалып, егіс алқаптары белгіленіп, суландыру арықтары тартылып, 1966 жылы алғаш рет 150-200 гектар шамасында күріш егілген, қашыртқы арықтарын ой жерге тартып, дақыл ораққа дайындалған. Астық жинайтын комбайн, жаткалардың алды жартылай шынжыр табанды, арты доңғалақты, жер тегіс емес, толық кеппеген батпақ болуынан, ұжымның жанқиярлық еңбегінің арқасында, әупірімдеп алғашқы астық жиналып, күзде қараша айына дейін қиындықпен мемлекетке астық өткізілгенін әкелеріміздің айтуы бойынша естідік. Келесі жылдары тәжірибе жинап, егіс көлемін ұлғайтып, білікті диқандар қауымын молайтып, егіншілік саласы дами бастаған.
Совхоз директоры О.Қазиев әкеміз шаруашылықты ілгері дамыту үшін тікелей күрделі мәселелерді, инженерлік жүйемен жер тегістеу, суландыру жүйесін қуатты насос стансасымен жарақтандырып, сол кездегі құрылым бойынша аудандық су шаруашылығы мекемесінің күшімен тегін суландыруды, я болмаса сол жағалау магистральдық каналынан «Энгельс» колхозы бағытынан су жеткізу мәселесін көтеріп, жоғарғы басқару органдарының қарауына және қойылған күрделі мәселенің шешімін табуына күш-жігерін аямай, творчестволық ізденіспен, бел шеше кірісуі қажет екендігін пайымдап іске кіріскенін көруге болады. Осы мәселелер көтерілген кезде мен де шаруашылықта маман болып қызмет істедім, жиналыстарға қатынастым. Нәтижесінде су шаруашылығы басқармасы сол жағалау магистральдық каналынан суландыруға жер шалғайлығын алға тартып, қарсы болып Чехословакия Республикасында шығарылған қуатты су насосы алдырылды. ЧСНП-46 чех насосы келген беттен мамандардың шығарушы елден келмеуіне байланысты құрастырылмай, пантон көпірдің батыс жағына түсіріліп, біршама уақыттан кейін бұрын пайдаланудағы «Қостөбе» каналының сағасына қойылып, іске қосылды. Қуатты насос «Жосалы» совхозының балансына берілген жоқ, барлық шығындары, іске қосатын матростары, аудандық су шаруашылығы басқармасының құзырында болды. Шаруашылық мамандары қажетті суды бекітілген мөлшерден көбірек алу үшін кеме капитаны Ұзақов Шарапханмен, матростармен сыйласып жұмыс істеуге бар күшін салды, яғни аяқсу тегін берілді. Сонымен қатар келесі өткір мәселе инженерлік жүйемен жер тегістеу 1974 жылдары басталып, оны «Главриссовхозстрой» тресінің №30 жылжымалы мехколоннасының күшімен атқарылды және екі жобада мемлекет есебінен күріш дақылын ұлғайту мақсатындағы одақтық қаржы есебімен қаржыландырылды.
«Жосалы» қой совхозының аты, құрылғаннан кейін он жыл өткесін жоғарғы басқару орындарының бұйрығымен «Жосалы» совхозы деп қайта аталып, шаруашылықтың мөрі, бұрыштама штампы, банктегі реквизиттері өзгертіліп, жұмысын жалғастырды. Шаруашылық толыққанды күріш шаруашылығы қатарына қосылып, күріш көлемін ұлғайтып, табысты және тиімді жұмыс істеуге толық негіз қаланды, әр жылды пайдамен қорытындылап отырды. Елге аса қажет күрделі мәселелер – жоғары вольтты электр желісіне қосу, автоматты байланыс жүйесін орнату, қатынас тасжолын пайдалануға беру, шаруашылыққа аса қажет объектілерді салдыру, тікелей шаруашылық басшысының араласуымен жоспарға енгізіліп, мерзімінде салып, пайдалануға беруге талап қойып, қол жеткізілгенін айтуға тиіспіз. Осылай «Жосалы» қой совхозын құруда жіберілген қателіктерді жоюға, ерекше күрделі мәселелерінің шешілуіне, өркендеуіне совхоз директоры Қазиев Орныққан әкеміз бар қажырқайратын, ұйымдастырушылық қабілетін, ақыл-парасатын аянбай жұмсап, жоғары билік орындары басшыларына мәселені сауатты қоя отырып, бейбіт заманда ерлікке пара-пар еңбек еткенін білуге болады деп есептеймін.
Аудандық жиналыстарда совхоз директорлары сөйлегенде ол кісінің айрықша шешен адам екенін көріп, риза болатынмын және басқа кісілер де айтып жүретін. Сол сияқты ауылдың қандай бір адамы науқастанып ауруханада жатса, соған арнайы барып көңілін сұрап, емдеуші дәрігерге жолығатын. Ал күрделі науқастарды облыстық ауруханаға емделуге апарып көрсеткендерін білетінбіз. Қарамағында жұмыс атқарған барлық уақытта маған атымды айтпай «балам» деп айтатыны әлі есімде. Мен қандай адаммен болса да сөйлесердегі қаратпа сөз «әке, көке, аға немесе Ореке» деп, бірде-бір рет айта алғаным жоқ, неге олай болғанын осы кезге дейін, өзім де білмеймін. Совхозға бас бухгалтер етіп қойғаннан кейін 1 мамыр, жаңа жыл мейрамдарында клубтағы жиналыстан кейін совхоз басшысы мен мамандары, ішінде көкем де бар, қонаққа шақырған үйге баруға жиналып, алысырақтау жерде жастар шоғырланып, 22-23 жастағы менің соларға баруға көңілім ауып тұрады. Олар сыртқы демалыс немесе отырысқа баруды ұйымдастырады. Жастарға қарап алаңдап тұрғанымды байқап, «оларға барма, бізбен бірге жүресің» деп тапсыратын. Амал жоқ үлкен кісілермен қонаққа шақырған үйге барамын, олар шайларын ішіп көңілденіп отырған кезде шығып кететінмін. Бір күні түстен кейін жұмысқа келе жатып кеңсе жанында кездесіп, шартақты көрсетіп «Балам, үкіметтің дүниесі орнында болуы керек» деді бұл сөз есімнен шыққан емес. Тағы бірде асығыс азанғы мезгілде машинкаға басылған есеп құжаттарымды өзім жылдамдатып қол қойып, директорға қол қойғызуға алдына қойдым. Қағазға қарап отырып «балам, асықпасаң директор боласың ғой» деді. Сөйтсем мен директордың қол қоятын жеріне қолымды қойыппын, қатты ұялып қалдым. Осындай қадау-қадау айтылған ескертпе, тәрбиелік мәні бар ақылдары жадымнан шыққан емес. Әкеміздің үлкен баласы Қосылған (Қошақан) құрдасым, кластас досым, Батырхан, Фарида, Бақытжан, Бақытбек, Перуза бірге өскен іні, қарындастарым. Салмақты, ақылды Жұмагүл әжеміздің кіршіксіз таза жаратылған, ақыл, парасаты мол шешеміз Бақтылының тәрбиесін алдым, сөздерін тыңдап, қолдарынан дәм татып, балаларымен бірдей болып араласып өстім.
Орныққан әкеміз халыққа өлшеусіз қызмет еткен, елді диқаншылық кәсіпке баулыған, бір қауым елді боз далаға орнықтырып абат салған, сол жерде туған балалардың кіндік қаны тамған атақонысына айналдырып, артына өшпестей мұра қалдырған біртуар тұлға, абзал азамат, іскер ұйымдастырушы, партия-қоғам қайраткері.
Жалғасбаев Жақсылық ағайды 1979 жылдың 9 қаңтар күні аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Е.Тыныштықбаев кеңсеге мамандарды жинап, жұмыс орнына отырғызып, совхоз директоры болып бекітілгенін айтып, сәттілік тілеп таныстырды. Алғашқы жұмыс күнінен бастап шаруашылық жұмыстарымен танысып, перспективалық жоспарларды мамандармен талқылап, іске кірісті. Басты өндіріс күріш дақылының көлемін ұлғайту, әртараптандыру, егіншілік мәдениетін көтеру, диқандардың кәсіби шеберлігін арттыру, жұмыс қолының жетіспеуін тың тәсілдермен шешу, бағытында жұмыстарды қолға алды. Соның бір айғағы механикалық жолмен суландыру болса да, күріш көлемін аз уақытта 1600 гектарға дейін ұлғайтып, мал азығындық дақылдар егіп, жоғары өнім алуға қол жеткізді. Аудандағы аяқ су жеткізілген ең ірі шаруашылықтарда күріш көлемі 2000 гектар көлемінде болды, Энгельс колхозы 1800 гектар күріш егумен шектелді. Жұмысы ауыр, табысы аз, қол күшін көп қажет ететін көкөніс-бақша дақылдарын егетін арнайы шаруашылыққа айналдырды. Бұрынғы басшының жұмыстарына жаңадан келгенін білдіріп, өзінше өзгеріс жасамай, мамандарын ауыстырмай сол бағытта жалғастырып, мол тәжірибесіне сүйене отырып еңбек ұжымын жұдырықтай жұмылдыра білді. Нәтижесінде бұрын аз көлемде егіс егетін кішкентай шаруашылық егіс көлемі ұлғайып, ірі шаруашылықтар қатарына қосылып, алдыңғы қатардағы озат шаруашылық болып танылды. Жақсылық ағай тәжірибелі маман, ұйымдастыру қабілеті ерекше жоғары, қарапайым сөзімен адамды баурап алатын, менмендігі жоқ, халықтың ауызбірлігіне аса мән берген, шаруашылықтың қиындықтарын жеңе білген, табысқа жеткізген көреген, іскер басшы болды. Ауыл тұрғындары «Орныққан орнықтырды» – «Жалғасбаев жалғастырды» деген мәтелмен оң бағасын берді.
Кейінгі даму жылдары ауылдағы көптеген әлеуметтік нысанды орталық жылу жүйесіне қосып, орталықтан жылыжай салып, жүзу бассейнін іске қосу сол кездердегі облыс көлемінде болмаған тың жаңалықтар болатын, бұл жұмыстар Жақсылық ағайдың ізденімпаз, жаңашыл, ақыл-ойы кемел азамат екендігінің нақты көрінісі деп білемін және тұрғындар да ризашылықпен қабыл алып, игілігін толық көрді. Ауылға келгенде әңгімелескен жерлестерден тың жаңалықтарды естіп, риза болатынмын. Ол кісінің қарамағында бір жарым жыл жұмыс істедім, тәрбиесін көрдім, тәлімін алдым, қателіктеріме кешіріммен қарады. Ағай халықтың табысын арттыратын, еңбекке баулитын, көкөніс-бақша дақылдарын егуді елге үйретіп, кешегі егемендік алып, нарыққа көшкен қиын заманда өзі жүріп ұйымдастырып, бұл кәсіп елдің қиналмай тіршілік жасауына көмегі тиген бастама болғанын айтпасқа болмайды. Алғашқы келген кезде қонаққа барған үйдің егесіне «нан салмай әкел, нан салмай әкел» деп асықтыратын, бұл жұмысқа деген ынтасы, уақытты бос жібермей, жұмысқа асыққанын жеңіл сөзбен білдірген ескертуі екен. Ішімдік ішуге деген ескертуін «капль закрыт» деп жеткізгенін кейін түсіндік. Сол сияқты басқа ауылдарда жоқ, бір ауылдың балалары үйленсе, құда болған үйдің беташар тойына, қызы кеткен үй бара алмайтындықтан, кешірімнен кейін қыз берген үйге тойдан арнайы сыбаға табақ жіберіп, ауызбірлікке қадам жасалатын, жаңа дәстүр қалыптастырды. Жақсылық ағай өнерге де жақын болғанынан хабарым бар. Бірде іс сапарға келген «Коммунизм шамшырағы» газетінің тілшісі Молдахмет жыраудың баласы Қанибек Молдахметовке қолқалап жыр жырлатты, жақсы жыраудың өнерін көпшілікке тыңдатты.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Жомарт Жалғасбаев інім кездесіп, «Қарттарың қуатты ма, Жәкең бақша егуге шықты ма?» деп сұрадым, Жомарт «Е, шықпай не қылады, шиеттей балашаға» деп жылдам жауап берді, екеуміз де күлдік. Жомарт дұрыс айтқан екен, бүгінгі күні Жақсылық ағай, Қармақшы ауданының шиеттей бала-шаға халқының, ең жасы үлкен, еңбектен қол үзбеген, қазыналы қариясы. Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облысының Құрметті ардагері, әлі де ақыл-кеңес беретін тәжірибелі ұстаз, көкірегі тұнып тұрған тарих, елге сыйлы еңбек ардагері.
КҮРДЕЛІ ҚҰРЫЛЫС, АУЫЛДЫҢ БОЙ КӨТЕРУІНЕ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МАМАНДАР
Пахреддин Байшораев әкеміз алғашқы қазық қаққан күннен бастап құрылысты аға прораб қызметінде басқарған біртуар тұлға. Сонымен қатар мамандығына сәйкес келмесе де құрылыс десятнигі қызметін, ҰОС ардагері елге сыйлы, халық құрметтеген Жұбатыров Құдайберген әкеміз атқарды. Мәжит Әбішов әкеміз де десятник болып жұмыс істеді. Ауылда алғашқы құрылған кезден 1965-1980 жылдары құрылыс жұмыстарын жүргізу оңай болған жоқ. Жергілікті құрылыс мамандары, шеберлер санаулы, салынатын үйдің бекітілген жобасы бар, соған сәйкестендіріп үйдің дайын материалдары орталықтандырған мекемелер арқылы вагонмен алыс жерлерден келеді. Олар толық болмай қалады, ең аржағы іргетас құятын тас жетімсіз, тасып әкелу де оңай емес. Цемент бостай тасылады ысырап көп, үйдің төбесіне салатын бөрене жоқ, қарапайым топырақ тиейтін трактор жоқ, материал таситын көліктердің жүк көтерімі 2-3 тонна, барлық жұмыс адам күшімен, қолмен атқарылады. Қазіргі уақыттағыдай электр қуатымен жұмыс істейтін бірде-бір құрал-жабдық болған емес. Соған қарамастан Пахреддин әкеміз басқарған құрылысшылар еш қиналмастан жұмыстарын сапалы атқарып, аудан орталығындағы Ахмет Амантаев әкеміз ұзақ уақыт бойы басқарған шаруашылық қорасына ағаш аралайтын құрылғы құрып, өте жуан бөренелерді тіліп тақтай, төбеге жабатын ағаш дайындайтын. «Шағат» тауынан тас, алыс жерлерден қыстай қамыс дайындап, оны қолдап буып фашен, қамыс плита жасалғанын көрдік. Ауыл тұрғындары қыз-келіншектерден сылау, сырлау жұмыстарына мамандар дайындалып, барлық жұмысты атқарды. Алтынбай Қошантаев, Мырзағали Сеңгірбаев, Жақсылық Нұрмаханов алғашқы үйлерді тұрғызған құрылыс ұсталары болды. Кейінгі кездерде Есенәлі Еспембетов әкеміз, Сәду Кәрібаев құрылыс ұстасы болып тағы басқа аттары аталмай отырған көптеген кісілердің күшімен, еселі еңбегімен Пахреддин Байшораев әкеміздің қажыр-қайратымен, жұмысты оңтайлы ұйымдастыруымен боз даланың төсінде Жосалы ауылы бой көтеріп, белгілі елді мекен болғанын білемін.
ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМ ЖҰМЫСТАРЫ
Социалистік қоғамның даму бағыты коммунистік партияның саясатымен жүргізілгені тарихтан белгілі. Алғашқы күннен бастап партия ұйымының хатшысы болып, бас инженермеханик қызметіндегі Зейнулла Алдамбергенов әкеміз қоғамдық негізде сайланған. Ол кісіден кейін аудандық партия комитетінің ұсынысымен Әлиакбар Құдабаев сайланып, МТМ меңгерушісі қызметін атқарған. КОКП мүшелерінің саны көбеюіне байланысты Жандос Есетов, одан кейін Тәжімұрат Сариков ағаларымыз сайланып, елдің саяси тұрақты өркендеуіне, партиялық тұрғыдан бас-көз болып, елдің дамуына үлестерін қосты. 1975 жылы мінезі жұмсақ, парасатты азамат, білікті ұстаз Сәду Қалимаханов сайланып, елдің ауызбірлікте болуына, еңбек адамдарының арасында жоғары еңбек нәтижесіне жетуіне баса назар аударып, қыс бойына саяси сабақтар өткізіліп, тұрақтылықты қамтамасыз етті. Партия мүшелерінің қатарын көбейтуге, мені де мүшелікке қабылдап, айтарлықтай үлес қосты. Жиналыстарда жарыссөзге шығатын адамдарды өзі дайындайтын. Депутаттармен кездесу, сайлауды ұйымдастыру жұмыстары сол кісінің басқаруымен атқарылатын. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Яковенко біздің ауылдан сайлауға түсетін болды, оның өмірбаянын жазып, оқуды маған тапсырды. Маған оның атын айту «Кириллович» сөзін айтуға тілім келмей қиналып, бір күн қайталап жүріп айтып шыққаным әлі естен кетпейді.
«Қызыл жұлдыз» ауылдық кеңесі 1976 жылы ашылып, Жосалы ауылы дербес елді мекен болып орнықты. Алғашқы ауылдық кеңес төрағасы болып Тынышкүл Дәлиева, хатшысы болып Райхан Тасқараева апаларымыз сайланып, елдің тізгінін ұстап, халыққа қызмет етті. Бұдан кейін мінезі кең, байсалды азамат Сарқытбай Ділмағамбетов ағай 1979 жылы ауылдық кеңестің төрағалығына сайланды, елдің тұтқасын нық ұстады. Бастауыш кәсіподақ ұйымын қоғамдық негізде Әлмағамбет Есқалиев, Нұрсұлтан Әбдиев ағайлар басқарды. Жұмысшықызметкерлердің демалысына, кәсіподақтың барлық республикадағы демалыс-сауықтыру орындарына жолдамалар берілді, тиісті жарнасы жиналып, төлемдері төленіп тұрды.
Бастауыш комсомол ұйымын алғашқыда есеп қызметкері, кейін механизатор-күрішші болып жұмыс істеген Амангелді Есқалиев, бас агроном болған Кәжденбек Қалдашбаев ағайлар қоғамдық негізде басқарды. Елдің дамуының басты тұлғалары комсомол жастарды лайқатты басқарып, олардың аянбай еңбек етуіне, демалуына, бос уақыттарын көңілді өткізуіне зор ықпал етіп отырды.
(БАСЫ ӨТКЕН САНДА Жалғасы бар)
Қоңырбай ДӘУМЕНОВ,
еңбек ардагері
20 қазан 2025 ж. 91 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10447)

18 қазан 2025 ж.

№78 (10446)

14 қазан 2025 ж.

№77 (10445)

11 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 690
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 434

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031