БОЗ ДАЛАДА БОЙ КӨТЕРГЕН АУЫЛ
ОБЛЫСТА ЖАҢАДАН ҚОЙ КЕҢШАРЛАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖАЙЛЫ
Тарихтан белгілі, кітаптардан оқып, көзіміз көріп, әңгімелерін тыңдаған көнекөз адамдардың айтуы бойынша Кеңес Одағының 1955 жылға дейін, әсіресе Қазақстанда ауылшаруашылығын өркендетуге, техникамен жарақтандыруға, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы, одан кейін қираған қалаларды қалпына келтіру, зауыт-фабрикаларды іске қосу, тағы басқа күрделі мәселелерге байланысты мүмкіндігі жетіспеді.
Тың жерлерді игеру» қолға алынып, Солтүстік облыстарда миллиондаған гектар жерге бидай егіліп, миллиардтаған пұт астық өндіру жолға қойылды. Сонымен қатар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1963 жылғы қараша айындағы №901 «Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында қой шаруашылығын өркендету арқылы шаруашылықтар ұйымдастыру туралы» біріккен қаулысы қабылданған. Қой шаруашылығын дамытуға аса мән беріліп, республикада қой басын 50 миллионға жеткізу межесі алға қойылып, «Екінші тыңды игеру» деген айдармен насихатталып, Кеңес Одағы тарағанша күн тәртібінен түспей, баспасөз беттерінде үнемі көлемді мақалалар, жұмыс барысы жайлы тұрақты хабарламалар жарияланып отырды.
Қармақшы ауданының «Ақжар», «Ленин» қой кеңшарлары фермаларының Қарақұм жазғы мал жайылымына баруы 1961 жылдан бастап, шектелгенін жас бала кезімде көрдім. Бұл шектеу, Одақтың ғарышты игеруіне байланысты Қарақұмдағы жайылымдық алқаптарды ғарыш саласына беруден болды. Бұл да Қызылқұмда екі қой кеңшарының және «Жосалы» кеңшарының қой шаруашылығы саласын игеру бағытында ашылуына әсер етті деп есептеймін.
«Сырдария өзенінің суын бөгеп, реттеп отыру бағытындағы плотина құрылысы Отан соғысының алдында басталған. Қызылорда плотинасы 1956 жылы 23 маусымда пайдалануға беріліп, «Шіркейлі» каналына су жіберілді, инженерлік жүйемен жер тегістеу жолға қойылды» деп айтылған ұзақ жыл партиякеңес қызметкері болған Көмекбай Қаракөзовтің «Өмір өткелдері» атты кітабында. «Осыған сәйкес, «1964 жылдың басында үкіметтің арнаулы қаулысымен Қызылқұмның маңырап жатқан елсіз өңірінен 6 қой совхозы құрылды. Олардың директорлары тағайындалып, қаржы бөлінгені болмаса, айдаланы игерудің мемлекеттік мәселелері шешілмеді, жоспар берілді де, оны орындаудың нақты жолы болмады. Сыр бойындағы колхоздар күріш совхоздарына айналды. Жоғарының әмірі мен жүздеген жыл малға пана болған Сырдың ықтасынды, ормантоғайлы ну алқабы тегістеліп, күріштікке игерілді де, отар-отар қой Қызылқұмға ығыстырылды» деп, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Көшербаевтың «Сыр бойы» газетінің 1992 жылғы 20 қазандағы №126 санында жарияланған «Қармақшының Қарекеңі еді» деген көлемді мақаласында жазған. «1964 жылдың 20 қаңтар күні Алматы қаласына ұшақпен барып, 21 қаңтардан бастап Қызылорда облысынан жаңадан құрылатын 6 кеңшардың директорлары, Тереңөзек ауданынан құрылатын «Іңкәрдария» совхозына Тұрғанбай Әбдіразақов, Жалағаш ауданынан құрылатын «Аққыр» совхозына Камал Бердәулетов, «Жаңадария» совхозына Жүсіп Бисариев, Қармақшы ауданынан құрылатын «Жаңақала» совхозына Қаратай Қуаңбаев, «Қуаңдария» совхозына Жандос Есетов, Қазалы ауданынан құрылатын «Қызылқұм» совхозына Сыдық Көптілеуовтер, Қазақ КСР су шаруашылығы жерді суландыру Министрінің, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ауылшаруашылығы бөлімі меңгерушісінің, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауылшарушылығы саласын басқаратын секретарының қабылдауында жекежеке болып, 22 қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросына бекуге бардық. Бюроны ҚазКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы С.Юсупов өзі басқарып, бюрода бекідік. Сол күні түстен кейін Министрліктен тиісті документтерімізді алдық. 23 қаңтар күні Шымкент қаласына келіп, Оңтүстік Қазақстан өлкелік ауылшаруашылығы басқармасынан бұйрық және доверенность, шаруашылыққа бекітілген жер көлемінің документтері мен картасын алдық. 1964 жылдың 12 март күні Қармақшы аудандық территориялық басқарма парткомының бірінші секретары И.Әбдікәрімов, Қармақшы аудандық территориялық басқарма бастығы Ы.Зәуірбеков, тағы басқа жолдастар бар жаңа совхоздың орталығын белгіледік» деп жазған «Жаңақала» совхозын 16 жыл басқарған Қаратай Қуаңбаев «Өмірінің өзі дастан» деген кітабында. Бұл айтылған әңгімеден қой совхоздарының құрылу себептері мен мақсаттары және қиындықтары жайлы білуге болады.
Қызылқұмды игеруге «Ақжар», «Ленин» қой совхоздарының қой фермалары қыстаулар салып, 5-6 жыл қыстатылып, жерасты сулары қазылып, тиянақты ғылыми негізде зерттеліп барып, шешімін тапқан. «Жосалы» қой совхозының құрылуы ешқандай зерттеусіз, жайылымдық жерлері аз көлемде, ауызсу, аяқсумен қамту, мал азығын дайындайтын шабындық жері жоқ, ол төңірекке бұрын мал қыстатылмаған, ел қоныстанбаған айдалада, асығыс ұйымдастырылған. Бастапқы совхоздың құрылу жоспары, сол кезеңде күріш егуге бағытталған «Чапаев», «ІІІ Интернационал», «Энгельс» колхоздарының қой малын қабылдап, өсіру үшін құрылғанын пайымдауға болады. Оған дәлел ретінде «ІІІ Интернационал» колхозының қойын 1969 жылы март айында «Жаңақала» совхозына, одан кейінгі жылдары «Энгельс», «Чапаев» колхозының қойларын «Қармақшы» қой совхозына өткізілгенінен білдік. Жоғарыда жазылған естелікте және мақалада алты совхоз туралы айтылады, ал «Жосалы» қой совхозы жайлы ешқандай мағлұмат кездеспейді. Осы кезеңде М.Шәменов директоры болған «Коммунизм» қой совхозының бас зоотехнигі, партиялық кадр резервіндегі Қазиев Орныққанды жаңадан ашылатын «Жосалы» қой совхозына директорлыққа тағайындауға аудандық территориялық басқарманың және басқарма парткомының бірінші басшылары Ы.Зәуірбеков, И.Әбдікәрімовтің ұйғаруымен ұсынылғанын болжауға болады. Ал ол кісіге, О.Қазиевке бұл өңірдің жағдайы туды-бітті таныс болмаған, атқаратын қызметі туралы қызметтік құпияға байланысты ешқандай таныстыру, мәлімет берілмеген.
Осылай «Жосалы» қой совхозы ҚР Үкіметінің қаулысымен ашылып, жер көлемі картаға түсіріліп құжатталып беріліп, Орныққан Қазиев әкеміз совхоздың директоры болып тағайындалған. Совхоз директоры Орныққан Қазиев, аға прораб Пахреддин Байшораев, Құдайберген Жұбатыров, Қуаныш Ысқақовтың және аумақты білетін Мәлік Ұзақовтың қатысуымен боз далада бой көтерген ауылдың алғашқы қазығы қағылып, совхоз орталығы орналасатын жері белгіленген деп айтылып жүретін.
АУЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚОНЫСТАНУ КЕЗЕҢІ ЖӘНЕ БАЛАЛЫҚ ШАҚ
Көкем (әкем) Қуаңбай Дәуменов 1957 жылы «Ақжар» қой совхозы құрылған кезде «зоотехник» мамандығына сәйкес, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының жолдамасымен болуы керек, қой фермасының зоотехнигі болып жұмысқа орналасқан. 1964 жылы «Қуаңдария» құрылған кезде «Ақжар» совхозының №1, 2 қой фермалары барлық жұмысшы-кадр ларымен, шопандарымен және мал басы осы совхозға өткізілген. 1965 жылдың шілде-тамыз айлары шамасында жаңадан құрылып жатқан «Жосалы» қой совхозының директоры Орныққан Қазиев әкеміз үйге келіп танысып, жұмысқа шақырған екен. Осы келісімге сәйкес 1966 жылғы наурыз айының 20-сы шамасында тоқсан шыққасын көкем, апам және бөлем Ералы үшеуі 70-80 бас қой-ешкі, бір үйір жылқы, 2-3 түйемен Қуаңдария өзегінің бойындағы «Қаратай» деген қыстаудан көшті. Жермен араға екі күн қонып «Жосалы» совхозының орталығы салынып жатқан жерге келіп, киіз үй тігіп орналасады. Мен ол кезде Қуаңдария совхозының орталығы «Шалғасқат» деген жердегі №186 мектепте 7-кластың оқушысы болатынмын. Көктемгі каникулға келсем үйде әкем (атам) Есмағанбет пен әжем Жұмаш, қарындасым Тамара үшеуі бар екен. Каникул бітер шамасында апам келіп, мені Алмағамбет Есқалиев ағайдың үйіне жатқызып кетті. Мен жатып оқып жатқан апамның сіңлісі Тыным апамның үйі де «Жосалы» совхозына көшкен екен.
Есте қалатын бір оқиға, сәуір айының ортасы шамасында Алмағамбет ағайдың анасы Шәмшә әжеміз түн ортасынан ауа болуы керек, «тұр-тұр, Қоңырбай» деп мені оятып алды да, қолыма пышақ ұстатып қарсы бөлмеге алып кірді, үйдің іші қаракөлеңке, май шам өте күңгірт жанып тұр, ұйқылы-ояу қолымның сыртынан ұстап кес деді, мен пышақты бірекі қозғағаннан кейін орныңа барып ұйықтай бер деп қайтарды. Ештеңе білгенім жоқ. Азанда тұрғаннан кейін білгенім, түнде Ағира апамыз босанып, баланың кіндігін кескен екенмін. Сонымен Зағи деген қарындасымыздың кіндік ағасы болдым. Сол қарындасым қазір отбасылы, балалары бар, Қызылордада тұрады.
Мектептегі оқу жалғасып жатты, 1-2 мамыр мейрамға үйіме қайтқым келуде, Әлімжан Есқалиев ағай сауда мекемесінің заттарын таситын. 30 сәуір, 1966 жылы сол кісінің көлігімен «Жосалы» совхозының жеріне бірінші рет табаным тиді. Ертеңіне тұрып жан-жаққа қарасам есіктің алдында аласалау көлденең жатқан, шырпы сексеуіл шыққан төбе бар, ар жағында алысырақта үлкендеу төбеде мұнара көрдім, ал үйдің артында әргеректе төрт-бес там көрініп тұрды, бұлар салынып жатқан совхоз орталығы екен. Осы күні сол жазда отырған жеріміз, ауылға кіреберістегі асфальт жолдың бойындағы сол жақтағы кішкене төбе болатын. Мейрам біткеннен кейін аудан орталығы Жосалыға баратын көлікпен аэропортқа дейін барып, «Қуаңдарияға» ұшатын АН-2 ұшағына үш адам мініп ұштық. Ол кісілерді жақсы танып отырмын, әуелі «Ақжар» совхозына қонып поштаның газетжурналдарын берді.
Қоңырбай ДӘУМЕНОВ,
еңбек ардагері
(Жалғасы келесі санда)