» » Ел басқарған ер ана

Ел басқарған ер ана

qarmaqshy-tany.kz Жуырда Т.Көмекбаев ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен бүкіл өмірін халқы үшін сарп еткен еңбек және соғыс ардагері, ширек ғасыр мемлекетке қызмет еткен Тән Түменбаева апамызды еске алуға арналған «Ел басқарған ер ана» атты танымдық кеш өтті.
Жиынға апаның көзін көрген кісілер қатысып естеліктерін айтса, баласы Нұрғиса Түменбаев көп жылдан бері сақтап жүрген апаның өзі тұтынған заттарын және сол кісі туралы жазылған кітаптарды, құжаттарын, баспасөз бетіне шыққан мақалаларды, медальдары қойылған көрмені таныстырды. Келіні Ғалия Ідірісова жинақтаған Тән апаның нақыл сөздерін оқушылар бірінен соң бірі жатқа айтты. Сондай-ақ, №185 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Қаламқас Қанатова жетекшілік ететін 9 сынып оқушылары «Жеңісті жақындатқандар» атты тыл еңбеккерлері жайында тебірентерлік көрініс көрсетті.

Мұнан соң кеште жарты ғасырға жуық КОКП қатарында қызмет еткен Тән Түменбаеваның өмірі мен еңбегі жайында әңгіме өрбіді.

Патша үкіметі 1914 жылы Ресейді бірінші дүниежүзілік соғысқа айналдырды. Бұл соғысты байлықты ойлаған мансапқұмарлар өз пайдасына шешуге тырысты. Қазақ халқының күн көрісі күннен-күнге қиындай берді. Осы қиын жылда Тән Ерманқызы Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында қарапайым кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Жас қызға Ұлы Қазан социалистік-революциясының жеңісі еркіндік сыйлайды. Ол осылайша 1932 жылдан бастап еңбекке араласқан.

Ауылдағы алғашқы қызыл отауды ұйымдастырып оған мүше болып, 1935 жылы комсомол қатарына қабылданады. Он сегіз жасында Ворошилов атындағы ұжшарға колхозшы болып кіріп, 1939 жылға дейін еңбек етеді. Жұмыс істеп жүрген жылдарында ол Орынбай Түменбаев есімді ауыл азаматына тұрмысқа шығады. Орынбай 1932-1942 жылдар аралығында соғысқа кеткенше Ворошилов ұжшарында төраға қызметін атқарған. Қиын қыстау заманда Тән апамыз күйеуі Орынбаймен бірге КСРО халық шаруашылығын өркендету жолында бес жылдық жоспарды орындап еселеп еңбек еткен.

1939 жылдан 1942 жылға дейін комсомолда хатшылық қызметін атқарса, Қосарық ауылдық кітапханасында меңгерушілікті қоса істейді. Үкімет пен комсомол жұмысын сеніммен атқарады. 1942 жылы Кеңес Одағының коммунистік партиясына кандидат болып тіркелген. Ол кісі сол кездегі қиыншылықты айтып «Жүз шақырым жердегі аудан орталығындағы жиналыстарға жаяу, кейін атпен қатынаушы едім» дейді екен.

1941 жылы маусымда кенеттен сұрапыл соғыс басталады. Бұған дейін сынақтан өткен резервтегі партия кадрына енді үлкен сенім тапсырылған. Бір отбасынан екі бірдей азамат (күйеуі мен қайнысы) соғысқа аттанады. Дәл осы кезде Тән 27 жаста. №12 ауылдың төңірегінен Арықбай, Кезең серіктестері құрылады. Серіктестер кейін Ворошилов, Микоян, Түпбөгет атындағы ұжшарларға біріктіріліп, №12 Қосарық ауылдық кеңесіне қарасты болып бекітіледі. Оған тағы екі ұжшар Карл Маркс пен Көктөбе қосылып, барлығы бес ұжшар №12 ауылға қарапты. Осы ауылдық кеңеске Тән Түменбаева 1942 жылы төраға болып сайланады. Өзіне деген сенім мен іскерлікті көрсетеді. Өйткені соғыс кеңес халқынан бар күшті толық жұмылдыруды талап етті. Жауды жеңіп шығу үшін тылдың барлық саласын дереу кідіртпей майдан үшін бағыттау қажет болды.

Тән үй шаруасымен отырған әйелдердің Отанға деген патриоттық сезімдерін оятып, елді қорғауға үгіт жұмыстарын жүргізеді. Сол кездегі соғысқа жарамсыз ерлерді, жұмысқа жарамды балаларды, әйелдерді топтастырып, еңбек армиясын жасақтайды. Көптеген ауыл адамы майданға азық-түлік, жылы киім, бағалы заттар мен ақша өткізеді. Соны пайдаланып Тән соғыс майданындағы «Қазақстан колхозшысы» деп аталған танк колоннасына ақша аударып, «Қазақстан комсомолеці» авиаэскадрильясына көмектесуге колхозшыларды біріктіреді. Жиырма сегіз жасында партия Тән Ерманқызына елдің тізгінін сеніп тапсырады. Күндіз қызмет етіп, түнде ұжшардағы шаруа әйелдерге жүннен күрте, шалбар, шұлық тоқыттырып, майданға жіберіп отырады.

Ұжшардан арпа, сұлы, бидай, сонымен бірге ет өнімдерін де майданға жіберген. Бұл еңбек бір табан болса да жеңісті жақындатты. Ұлы Отан соғысына тікелей атсалысып, күн-түн демей еңбек еткеннің арқасында 1944 жылы партия қатарына қабылданады.
1949 жылы Тән отыз бес жасында Қармақшы ауданының коммунистерінің атынан Қазақстан Коммунистік партиясының IV съезіне №57 мандатымен делегат болып қатысады. 1952 жылы КСРО министрлігі арнайы тұлғаларды дайындайтын облыстық курсын оқып бітіріп, №16 куәлігін алады. Осылайша еңбек ете жүріп, білімін де жетілдіреді.

1955 жылы 3 тамыз күні еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитетінің ауылдық поселкелік кеңес төрағалары мен хатшыларын дайындайтын жоғарғы даярлық курсын бітіріп, НР №20 куәлігін алады. Сол жылы Мәскеу қаласында жоғарғы партия мектебін бітіреді. 1957-1964 жылға дейін халықтық бақылау комитетінің төрайымы болып қызмет істейді. Оның өмір жолы жастар үшін өнеге, келешекке құрмет.

КСРО министрлер Кеңесінің 1964 жылғы 9 қаңтардағы №36 қаулысына сәйкес, «Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында қой шаруашылығын өркендетуді ұйымдастыру» және Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті мен Қазақ КСР министрлер Кеңесінің 1963 жылғы 15 қарашадағы №901 қаулысына сәйкес, Қызылқұмның қойнауында «Жаңақала» қой кеңшары құрылады. Оған директор болып Қаратай Қуаңбаев тағайындалды. Сол 1964 жылы аудандық партия комитетінің ұсынысымен Тән апай Жаңақалаға қоныс аударды. 1965-1970 жылдар аралығында осы ауылда директорға кеңесші болып, бес жыл еңбек етіп, республика көлемінде дербес Құрметті еңбек демалысына шығады.

Анамыз сол ауылдың бой түзеуіне елеулі үлес қосқан. Ол кісі еткен еңбегіне байланысты үкіметтен наградалармен қоса, №071194 купон арқылы медалдарына ақшалай көмек алып тұрады. Сонымен қатар, бүкіл КСРО шекарасында тегін жүретін және демалуға жеңілдіктер алып тұратын құқылы ВТ №117179 куәлігін алды.

1995 жылы 21 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің №2142 жарлығы бойынша «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 50 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталып, Отан соғысы ардагеріне теңестіріледі. 1997 жылы өзі тұрған ауылда дүниеден озады. Өзінен тәрбие алған ұрпақтары жоғары білімді балалары, немерелері Қазақстанның түкпіртүкпірінде еңбек етуде.
Гүлнар ҚЫПШАҚБАЕВА,
кітапханашы
17 маусым 2023 ж. 384 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 320

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 415

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930