ТӘНТІ ЕТКЕН Тән ЕДІ
Жуырда үйге Жосалыдан 180-200 шақырым алыс орналасқан Тәйімбет Көмекбаев ауылынан Нұрғиса атты жігіт іздеп келіп, әжесі Тән Ерманқызы жайлы сыр шертіп, мақала жазуымды өтінген-ді. Әкелген деректерін қарап отырсам Тән апаның Қармақшы өңіріне айрықша қызмет еткенін біліп, ол кісінің есімін бұрын білгеніммен, мұндағы деректерді білмейтінім рас еді. Оның шыққан тегі Ерманова дегеннен-ақ мен өскен ауылда Жаңаталап колхозында көп жыл басшылық жасаған Тәжітай Ерманованың бейнесі көз алдыма келді. Оның колхоз ісіндегі белсенділігі, істі ұйымдастырушылығы, сөйлер сөзге шешендігі, бәрі-бәрі есіме түсе бастады. Сонымен Нұрғиса інімнің өтінішімен Тән Ерманқызы хақында көпшілік оқырмандар кеңінен білсін деген ниетпен осы жазбаларым дүниеге келді.
Тән Ерманқызы жайлы бұрын-соңды еш жерде мақалалар жазылмады деген сөз емес, сол жазылғандарды толықтыру. Сөмке Керуенбаева мен Ақбалыш Жалғасова, Ырысты Жақанова, журналист-жазушы Мырқы Исаев, Жарылқасын Маханбетов, Тұрлыбек Деменов, тағы басқалар газет-журналдар мен өздерінің жинақтарына Тән Түменбаева хақында естеліктерін жазған-ды.
Сонымен, Тән Ерманқызы кім, қай жерде туып, өмір сүрген? Оқырмандардан туатын осы сұрақтарға алдын ала жауап бере кетейін.
Тән Ерманқызының арғы бабасы Өтебай бабадан тараған Тілеубай. Тілеубай кезінде бай, баласы көп болған екен. Тілеубайдың Ақжігітінен Қашқынбай – Керей – Келдіғұл (би), ал одан апамыздың әкесі Ерман туады. Ерманнан өсіп-өнген Тән мен Тәштай колхоз құрылысының белсендісі болып, қайраткер әйел атанған. Олардың арғы бабаларының өмір жолдары өз алдына бір төбелік әңгімеге арқау болады.
Ол 1914 жылы Жалағаш ауданының Мәдениет ауылында туған. 1930-1932 жылдары елдегі ұжымдастыру ісіне белсене араласып, екпінді колхозшы атанады. 1937 жылы қармақшылық Орынбай Түменбайұлымен шаңырақ көтеріп, сол тұстағы елдің басына түскен ауыртпашылықты бірге көтеріскен. Ол 1939-1941 жылдарда №12 Қосарық ауылдық кеңесінің кітапханасында кітапханашы, салық өкілі сынды қызметтерді атқара жүріп, комсомол, партия мүшелігіне қабылданады. 1941-1942 жылдарда ер-азаматтың барлығы майданға аттанған кезде Ворошилов, Микоян, Түпбөгет колхозын біріктіретін №12 Қосарық ауылдық кеңесінің төрайымы ретінде елдегі жұмыс бағытын майданға арнайды. Осы кезеңдегі ауылдағы әйелдер мен бойжеткендердің басын қосып, жауынгерлерге жылы киім, астық, ет жинап, майданға жеткізудің басы-қасында күн-түн демей жұмыс істейді. Ақша жинап соғысқа арналған заемдар мен лотереяларды сатып алуды өзі бас болып ұйымдастырып, жеңісті жақындатуға үлес қосады. Осы еңбегі үшін Кеңестер Одағы әскерінің Бас қолбасшысынан алғыс алыпты.
Он бес жыл бойы ауылдық кеңес басшысы болып, абыройлы еңбек еткен. Ол 1957-1964 жылдарда халықтың бақылау ұйымында, 1965 жылдан 1970 жылға дейін Т.Көмекбаев ауылында инженер-технолог қызметін істеді. 1970 жылы республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шықса да үйде отырып қалмай ауыл мәдениетін көтеру, әйелдер арасындағы жұмыс, мектеп, балабақша қызметінің ойдағыдай атқарылуына араласып, ел құрметіне бөленді. Кейде көп нәрселерді қызмет дәрежесіне қарай бағалайтынымыз өмірде жиі кездесіп жатады. Тән Ерманқызын ел-жұрты апалық, аналық, ақпейілі, істің көзін таба білетіндігімен қатар асқан ұйымдастырушылық қабілеті арқылы сыйлап құрметтеген.
Т.Түменбаеваның қырық жылғы адал еңбегі үкімет пен партия тарапынан бағаланбай қалған жоқ. Ол бірнеше рет ауылдық, аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланса, 1949 жылы Қазақстан Орталық партия комитетінің ІV съезіне делегат та болды. 1955 жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебінде білімін жетілдірді.
Ал, 1945 жылы тылдағы еңбегі бағаланып «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» , 1970 жылы «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», сонымен қатар «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске-40жыл, 50 жыл» және «Еңбек соғысына қатысушы» мерекелік медальдарымен марапатталды.
Жоғарыда Тән Ерманқызы Түменбаеваның өмір жолы мен мадақтарын, қоғамдық қызметтерін атап өттік. Ал, осындай аяулы азаматтың адамгершілік тұлғасы қандай еді. 1937-1945 жылдардағы қым-қуыт қиын замандарда қалай ел басқарды дегенге тоқталып өтпекпін.
Азамат апаны көз көргендер, бірге қызмет істегендер Т.Түменбаева жайлы жылы естелік, лебіздерін қалдырыпты. Соларды сөйлетіп көрейін...
Сөмке Керуенбаева: «...Мен 1924 жылы «Ақтайлақ кезеңі» атты мекенде тудым. Апамнан он жас кішімін. Отбасымдағы апам мен жеңгемді қалай асыраймын деп жүргенімде Тән апа көмек қолын созды. Мені Тәкең көп тәрбиеледі, жел тұрса панам, күн өтсе көлеңке болды. Көп нәрсеге үйретті. Шындық пен адалдықты жақсы көретін, көлгірсуді білмейтін. Сөзімен де, іспен де қуат беріп демеді. Сол қиын кезде қызмет етіп, елдің тілін табуды үйретті», – деп ағынан жарылып, өзі көзін көрген оқиға бойынша әңгімелеген: "Бірде аудандық партия комитетінің бюросында ауданның әскери комиссары, майор Жантасов Тән апайға қарап: «Ауылыңда қашақ бар, оларды тауып соғысқа жіберу керек, болмаса өзіңді жазалаймын», – деп тепсіне сөйлегенде Тән апа Түменбаева «...мен бір үйден екі бірдей азаматты майданға жіберген адаммын. Майор Жантасов, сіз Отанға шын берілген болсаңыз, желкеңді күжірейте бермей, қолыңа қару алып, майданға бармайсың ба?», – деп тікесінен айтқанда залдағылар сілтідей тынып қалады. Бәріміз енді не болады, апайды соттап жібереді ғой деп жаман қорыққан едік. Білдей әскери комиссарға сондай ащы да батыл сөзді айтқанын Тән апаның қайсарлығы, адалдығы деп ойладым» , – деген екен естелігінде.
Замандас сіңлісі Ақбалыш Жалғасқызы: «Тән апа өзін-өзі көтерген адам. Ел-жұртқа қадірлі де сыйлы болды. Тұралап қалған елдің еңсесін көтерді. Сын сағатта сынып кетпей ауылды өркендетуге еңбек етті. Оның өнегелі өмір жолы үлкен тарих, ардагер ана, білікті басшы болған еді», – деп естелік жазған екен.
Фашистік Германиямен болған қан майданда Тән апамыздың отағасы мен қайнысы соғыстан оралмады. Десе де, ол өмірге қажымай, жұртшылықтың аш-жалаңаш болмауына аянбай еңбек етті. Әкеден жас қалған баласы Байділдәні азамат етіп тәрбиеледі, жоғары білім алуына еңбек сіңірді. Бірақ баласы ерте өмірден озып, одан қалған немерелерін аялап өсіріп, әрқайсысының бойына адамгершілік қасиетті сіңіртуге өмірін арнады. Сондай ананың тәрбиесін алған ұрпақтардың бірі – Нұрғиса. Тән немересін қазақтың біртуар ұлы, композитор Нұрғисадай болсын деп есімін Нұрғиса қойыпты. Бүгінде сол немересі әжесі жайлы деректер мен естігендерін жинап кітап шығармақшы. Демек, әжесінің сенімін ақтағаны.
Тән Ерманқызының ұрпақтары халық ақыны Мұзарап Жүсіповтың 1930 жылы шығарған «Балымша» атты әнінің бір кейіпкері – Тән деп айтады. Балымша Оңайбаеваға 1930 жылы ән арнап, атын Балымша десе, 1936 жылы осы әнге Шынардың атын қосып жырлайды. Шынар дегені ауылға жаңа түскен келіншек Тән екен. 1997 жылы ардақты ана Тән Түменбаева Тәйімбет Көмекбаев ауылында өмірден озып, халқы оны ақ жауып, арулап мәңгілік мекеніне қойды. Қорыта айтқанда, осындай қайраткер ана атына Алдашбай ахун, Т.Көмекбаев ауылдарынан немесе Жосалы кентінің орталығынан бір көшеге есімі берілсе, қайраткер анаға құрмет, бүгінгі ұрпақтарға өнеге болары сөзсіз.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші жазушы.