» » ОРТЕКЕНІ ОЙНАТКАН АҒА

ОРТЕКЕНІ ОЙНАТКАН АҒА

Кейде жолым түсіп балалық бал дәуренімнің қызыққа толы күндері мен осындай бақытты өмір сыйлаған ата-анам тұрған үйге барғанда міндетті түрде жалаң аяқ жүгіріп жүріп, шаңына аунаған Жданов, Мұратбаев, Алтынсарин, Сырдария, Қармақшы көшелерін асықпай аралап шығамын. Әйтпесе бір жоғымды ұмытқандай, көңілім толмай үйге қайтамын. Шіркін, сол көшелерде тұратын бүгінгі ұрпақ сол жерде талай жайсаң жандар тұрғанын белсе ғой... Иә, сондай асылдардың бүгінде көзі болмағанымен, маған олардың әрқайсысының жүзі ыстық, әркез оларды сағынышпен еске аламын.
Бала кезім болатын. Есік алдында анадай жерде ұршығын иіріп отырған анамның көзіне түспей, сытылып шығуға бата алмай жүргенмін. Сол мезетте аулаға ентіге жүгіріп досым Нұрлан кірді. Маған қарап тұрып, ентігін баса алмай қолын шошайтып есік жаққа қарайды.
–Әй жүгірмек, не болды, жын қуды ма сені, соншама жүгіріп. Ентігіңді басып, айтатыныңды айтсай енді, – деп оны анам сөзбен сыбап жатыр.
Ал, Нұрлан болса анамның сөзін құлағына қыстырмай, маған бірденеден қалғандай асыға сөйлеп:
–Бол тез, Алтынсарин көшесіндегі Қуаныш аға Ортекені ойнатып жатыр. Балалардың бәрі сонда. Қызық көріп жатыр. Бізде жетейік. Бол, бол деймін енді, – деді де мені жұлқи алдыма түсіп қайта қақпаға қарай жүгірді. Кетуге сылтау таба алмай тұрған мен осы сәтті пайдаланып, оның артынан көшеге жын қуғандай жүгіре шықтым.
–Әй, жүгірмектер қайда барасындар, – деген анам артымыздан айқайлап қала берді.
Содан біз жүгіре Алтынсарин көшесіндегі Қуаныш ағаның ауласына кірдік. Расымен де, біз келгенде аула ішінде шиттей балалар Қуаныш ағаны қоршап алған екен. Мына қызықты қара, ағайымыз қолындағы домбырасымен күй шертіп отыр, ал оның алдында үстел үстінде кішкене ғана аяқтары жіппен танылған ортеке айналып билеп жауып жүр. Бұл көрініске балалар түгілі домбыра әуенін естіп, жиналған сол маңдағы ересектер де мәз болуда. Шіркін, әрнәрсеге қызығып, соны көрмей, қызығына тоймайтын балалық шақ. Ол дәурен де кетті тарих қойнына.
Міне, бұл оқиғаның да өткеніне 40 жылдың жүзі болыпты. Біршама уақыттан кейін Қуаныш аға да отбасымен басқа жерге қоныс аударды. Ал, 2012 жылы дүниеден де озды. Біз де ер жетіп, әрқайсымыз әр тарапқа өмірден өз үлесімізді алуға аттандық.
Жақында жұмыста отырғанмын, телефон шыр ете қалды. Көтерсем ағаның үйіндегі Мейрамкүл жеңгем екен. Амандық саулықтан соң, жақында Қуаныш ағаның жиған-тергенін музейге өткізбекші екенін айтып, үйге келіп кет деді.
Содан кешке аға үйінің есігін қақтым. Есікті ашқан Мейрамкүл жеңгем мені асханаға бастап, түрлі ас мәзірімен жайқалтып қойған дастарханға отырғызды. Әңгімесін де бастап кетті. Алдыма Қуаныш аға өз қолымен ағаштан ойып жасаған түрлі жануар мен аң-құстардың, сонымен қатар қазақы ою-өрнектерді толтырып тастады. Олардың арасында әр жылдарғы басылымдарда ағаның өнегелі өмірі жайлы жазылған мақалалар қиындысы да бар. Бірақ, арасында баяғы бала кезгі біз көрген ортеке жоқ екен. Мейрамкүл жеңгеміз оны және басқа да бұйымдарды Қорқыт ата музейіне тапсырғанын айтты.
Иә, Қуаныш Смағұловтың аудан мәдениеті мен өнеріне қосқан сүбелі үлесі бар. Оны қазіргі жас буын білмесе де, аға буын өкілдері жақсы біледі. Бар саналы өмірін өңір әлеуетінің, оның ішінде өнерге арнап, ел құрметіне бөленген Қуаныштай атпал азаматтың өнегелі ісін бірге қызметтес болғандар мен шәкірттерінің жадында екені рас.
Өнер әлеміне ертіп әкелген алғашқы ұстазы Смаил Әмірәлиевтен домбыра үйреніп, кейіннен ер жетіп, ел ісіне араласқаннан кейін Қуаныш аға осы саланың майталманы атанды. Талай рет түрлі деңгейдегі өнер байқауына қатысып, жүлделі болды. Сондай-ақ, бала жасынан өміріне серік еткен мүсіншілік өнерді де жат қылмай ағаштан, темірден түрлі мүсіндер жасап, әртүрлі дейгецдегі байқауларда аудан абыройын асқақтатты. Тіпті, оның жасаған домбырасы Мәскеу қаласында КСРО-ның ХХVII съезінде көрмеге қойылып, съезге қатысуға келген Шри-Ланка мемлекетінің делегациясына тарту етілді.
Өмірден өткенше домбырасын шертіп, баяғы ортекесін билетіп, тыңдарманының ыстық ықыласына бөленді.
– Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгін өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ, – деп ұлт данышпаны Абай айтқандай, Қуаныш аға дүниеге келді, бірақ кейбіреулер сияқты бос келіп, бос кетпеді. Ұлт өнеріне өзіндік үлесін қосып, абырой биігінен көрінді. Дүние жинамады, керісінше дос жиды. Оған дәлел аға өмірден озғанда көше жаназаға жиналған адамнан көрінбеді. Көз жинамады, сөз жиды. Нар жинамады, ар жиды. Өмірден өтсе де елге үлгі боларлықтай үлкен іс қалдырды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
06 шілде 2018 ж. 1 522 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031