» » » Сынықшылық сарғайып бара ма?

Сынықшылық сарғайып бара ма?


Ересек адамның бойында 200-ден астам сүйек бар. Кейде кальций секілді дәрумендер жетіспесе сүйек сынғыш келеді. Онан бөлек оқыс жағдайлар орын алса, сынған сүйектер жанға батқанда қайда барасыз?! Әлбетте, халық емінен сынықшыға бас сұғасыз, ал медицинада сізді травмотолог қарсы алады. Ал сіз қайсысына барасыз?
Студент кезімде аяқасты сынықшыға баруға тура келді. Дегенмен облыс орталығындамын, көпті көрген көнекөздеріміз ауылда. Елде қалған еркелікті тастап, достарыммен бірге сынықшыларды жағаладық. Күнделікті тұрмыста өзіміз де мән бермейміз. Десе де мұндай ерекше қасиетті бойға жинаған жандар жетерлік екен. Қызылорданың іргесіндегі Бесарық ауылындағы Мауты әжейді тұтас ел біледі. Ол көз жұмғанда оның шарапатын көрген талай жан жанарына жас алып еді. Айдынды Аралдың тумасы, атақты Жанқожа батырдың жиені Халила Сапарқызы да уатылған сүйекті қалпына келтірудің шеберің шебері.
– Аса қиналған кезім жап-жас бозбаланың сүйегін орнықтыру еді. Баласы Камаз автокөлігіне қақпаны ашқанда рульдегі әкесі байқамай қалған. Бала қақпа мен көліктің ортасында қалып, сүйегін сындырып кеткен екен. Мен оны үш ай емдедім. Ол сонау Жаңақорғаннан келген еді. Сынықшылық қасиетімде менің ең қиын емделушім сол бозбала болатын, – дейді Халила әжей.
Әйтсе де, травмотолог-дәрігер мен сынықшылардың арасында бұрыннан тонның ішкі бауындай үйлесім болатын. Қазір сол байланыс қылаң бермейтін тәрізді. Адам бойындағы тірек-қимыл жүйесі оның кеңістікте қозғалу мүмкіндігі мен ағзаның ішкі мүшелерінің қорғанысын қамтамасыз етеді. Оған тірек болатын, ағзаға пішін беретін, қаңқа түзуші құрылымдар кешені, һәм адамның қозғалыс аппараты. Ал біз айтып отырған бұл жүйе 640 бұлшық еттен, 200-212 қаңқа сүйегінен, бірнеше жүздеген сіңірлерден тұратын жеке дара механизм. Жалпы, сүйектің сыртында сүйек қабы бар. Тек буындарда ғана шеміршек болады. Құрамын зерделер болсақ, 1/3 бөлігі органикалық және 2/3 бөлігі бейорганикалық заттардан тұрады. Сол себепті кей жағдайларда алдымен сынықшы қарау керек жағдайлар болады. Онда байырғы кәнігі травмотологтар пациенттің сынықшыға баруына кеңес беретін. Ал сынықшылар қиналған жағдайда дәрігерге барып, рентген түсірілімін әкелуін сұрайды. Осы тығыз қарым-қатынас талайлардың құлагердей құла түзде шауып кетуіне себеп болушы еді. Алайда сұлу Сырдың бойын жайлаған қасиетті елдің перзенті Зайыр Жаңабаев бұл ретте бұрынғы дәрігерлердің орнын басқан қазіргілер көп жағдайда сынықшының қызметін жаңа технологиялар басты деген желеумен халықтық емге жөнелтпейтініне қынжылады.
– Мен жастайымнан шығып кеткен, сынып кеткендерді қалпына келтірумен айналыстым. Ол – рас. Тіпті ел алдына шығатын талай басшылардың да сүйектерін орнықтырып бердім. Қайсыбір жылдары тікұшақ құлағанда да талай жанды қарадым. Сонда бір кездері менің қолымнан айыққандар сонау Елорданың дәрігерлерін қоя тұрып, алдымен мені шақыртқан да жағдайлар болды. Мен зейнетке шыққанша бір кісіден ақы алып көрмеппін. Енді ғана үйден қабылдап жатырмын. Тіпті Түркиядан ат арытып келген жандар да болды. Әлбетте мақтанудан аулақпын, бірақ өздері іздеп келіп жататын кісілер баршылық. Бұл сынықшылықтың дәурені өтті дейтіндерге айтарым, – деді Зайыр Жаңабаев.
З.Жаңабаевтың айтуынша, сүйек өзінің мықтылығына байланысты бітеді. Ал қазақта көбі адамның жасына қарап күн санайды. Сүйек өз орнына түссе орта есеппен он бес күнде бітіп кетеді деп отыр ақсақал. Ал Халила әжей жылқының майын қолданатын көрінеді. Өйткені, қазақ қасиетті санаған жануардың майы сүйекті жібітіп, әбден иінін келтіреді. Сол ретте айлап, жылдап қисық біткен сүйектің өзін қайта орнына жіптіктей етіп салуға болатын көрінеді.
– Менің анамның түсіне аян берген Жанқожа бабам «Қасиетімді аласың ба» деп сұрайды. Сонда анам қабылдамайтынын айтады. Бабаның қасиетін қайтарғанның салдарынан талай жағдайға душар болды. Тіпті қыстың күні бабаның әруағы мұздың ортасына салып тастапты. Ал шағын денелі анам күп боп ісіп кеткен. Сонда ауыл үлкендері «Бабаға қарсы тұра алмаспыз. Бірақ жерлеу үшін де мүрдесі керек» деп құрық лақтырып, анамның тісіне іліп алып шыққан екен. Сонан соң ту биені сойып, майын теріге қалдырып, анамды апта бойы терінің ішіне орап тастайды. Анам аттай шауып, науқасты емдейтін болып ел кезіп кетті. Жылқының майының қасиеті осындай. Ал бабамнан анама, анамнан маған қонған қасиет сеніммен келдергенге әлбетте ем болады, – дейді Халила әжей.
Қазақ даласында бұл қасиетті өте аса құрметтеген. Тіпті арнайы біліктілігін арттыру жолдарын да ойластырыпты. Қармақшы топырағында да Дабысбек ата мен Бұрышкүл әже секілді қолы дуалы сынықшылар өмір сүрген. Алайда, бұл күндері қасиетті бойға сіңіргендер сиреген тәрізді. Ал мықты сынықшыларды сынағанда қаптың ішіне құмыраны салып, сындырып, оны қайта құрастыртады екен. Өйткені, сынған сүйек еттің арасында болады. Мұндай жағдайға да әркез дайын болу керек.
Тақырыпқа тұздық.
Айбек Маратұлы Мырзағұлов, дәрігер травмотолог:
Дәрігер болған соң сынықшылықты құптамаймыз. Көбіне емделушілер бірінші сынықшыға барады.  Кейін бізге рентгенге түсу үшін ғана келеді. Ең алдымен адам жарақат алған соң рентгенге түсіп, қалай зақымданғанын анықтап алу керек. Сынықшылық табиғаттың бір құбылысы, таланты. Дегенмен, ол мамандық емес. Сынған жерді салар кезде алдымен жарақаттанушы ауырсынбау үшін жансыздандыратын дәрі салынады. Ал, сынықшыларда ондай жоқ. Сылап-сыйпап қозғайды, ол сүйекке зиянын тигізуі мүмкін. 15 жылдық жұмыс тәжірибемде қатты жарақаттанған адамды сынықшыға жіберген емеспін. Көбіне қалалық емханаларға арнайы ота жасау үшін жөнелтеміз. Сынықшылық қабілетті мүлдем жоққа шығаруға да болмайды. Алайда, дәстүрлі медицинаға жүгінген абзал. Себебі, рентгенологиялық, компьютерлік томография, МРТ, цитологиялық, гистологиялық тексерулер, түтікшелі сүйек сынықтары мен буынішілік сынықтарды заманауи хирургиялық емдеу, сүйек буындары орнын хирургиялық емдеу, жарақат және аурулар кезіндегі тізе буындарының атроскопиясы, жіліншік сынығы мен сирақ-табан буындарының жарақатын хирургиялық емдеу және жарақат алған адамға басқа да медициналық көмек беру бүгінгі траваматологияның жетістіктері болып табылады.
 
 Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
 
 
 
 
13 сәуір 2018 ж. 4 387 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031