» » ӘКЕМНІҢ ЖАРҚЫН КЕЛБЕТІ

ӘКЕМНІҢ ЖАРҚЫН КЕЛБЕТІ

Әрбір адам үшін оның әкесі өмір бойы дүниедегі ең маңызды адам ретінде саналатыны баршаға мәлім. Әрине, тағдыр да, адам да әртүрлі болатыны белгілі ғой…
Ал өзіме келсем, мен отбасында баланың үлкені болғандықтан, әкеммен ұзағырақ араластым, үлгіөнегесін алдым, жақсы қасиеттерін бойыма сіңірдім. Адамның бойын дағы қасиеттер, әуелі Жаратушыдан, екіншіден, ата-анадан, одан әрі қоғам, мектеп, қоршаған орта, жора-жолдастан келеді ғой.
Әкем Пахреддин Байшораұлы мен үшін әлемдегі ең жақын, таза, білгір, әділ, көзі ашық, ең сымбатты, ең керемет, нөмірі бірінші адам болып саналатын. Қазір де солай санаймын. Ол орыс тілін жетік меңгерген, сонымен қатар украин тілін де жақсы білетін азамат болатын. Орыс, украин тіліндегі газет-журналдарға жазылып, алдыртып оқитын. Өйткені әкем 1945– 1953 жылдары соғыстан қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, құрылыс саласында басшылық қызметтерде болды. Сондықтан да болар, мен мектеп бітіргесін институтқа түсіп, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Алған мамандығым бойынша білім беру саласында бірнеше жыл еңбек еттім.
Әкемді еске алғанда, менің есіме үйге поштамен келетін, орыс тілінде шығатын (мүмкін, қазір де бар шығар) әлемдегі әртүрлі мемлекеттер, олардың халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлері туралы түрлі-түсті журналдар («Индия», «Вьетнам», «Корея» және тағы басқа) түседі. Олардың қағаздары сапалы, сурет тері өте керемет болатын. Бұл маған, ауылдық жерде тұратын бала үшін, әлеммен танысуға септігін тигізді, ой-шеңберімді кеңейтуге әсер етті. Ол кезде теледидар енді ғана шығып жатқан кез, қазіргідей мүмкіндіктер болмаған еді ғой…
Мысалы, Үндістан, Вьетнам және басқа да елдер туралы алған алғашқы әсерлерім осы күнге дейін сақталды. Бала күнімде бүкіл дүниежүзін аралап, халықаралық журналист боламын, ол үшін Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы университетке түсемін деп армандайтынмын. Менің Қырымдағы Бүкілодақтық «Артек» пионерлер лагеріне 2 айға барып келуімді қамтамасыз етті. Әкемнің берген тәлім-тәрбиесінің әсері болар, институтта оқып жүргенде коммунистік партия қатарына кіріп, бірнеше жыл бойы институттың партбюросы (9-ақ адамнан тұратын), халықтық бақылау (народный контроль) тобының мүшесі болдым.
Есімде, әкем: «Менің балаларым Каир университетінде (сірә, сол кездегі мықты жоғары оқу орын дарының бірі болу керек) оқитын болады» деп отыратын. Бұл өзінен кейінгі ұрпағының білімді, алдыңғы қатарлы азаматтар болатынына сенімінің зор болғаны шығар.
Шүкір, қазір бәрі оқыған, жақсы қызметтерде жүр.
Адалдық, әділдік, тазалық, білім мен ғылымға деген құштарлық, отансүйгіштік пен еңбексүйгіштік, адамдармен объективті қарымқатынас, әдебиет пен өнерге деген сүйіспеншілік, айналаңдағыларға қамқорлық сияқты қасиеттерді әкемнен алдым деп ойлаймын. Бауырларымның бойына да осы қасиеттер сіңген.
Әкеміз ауылда прораб болып істегендіктен, ауылдың қыз-келіншектерінен құралған құрылыс бригадасы болды. Онда өзінен жасы үлкен апалар болғанына қарамастан «қыздар», «қыздарым» деп сөйлейтін.
Әкемнің қазақи әзіл-оспақ сезімі де болатын. Ол ауылдағы адамдардың барлығына дерлік ат қойып шыққан еді. Бірақ ауыл дастардың ол үшін ренжігенін көрген емеспін. Оның бұл қасиетін ауылдастар 40 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін айтып отырады. Көпшілігіне әкем қойған аттар «жабысып» қалды.
Мысалы, «Аңқыма» (Қалампыр), «Айранкөз» (Сәду), «Қоңқабай» (Қоңырбай), «Мықыр» (Қуаныш), «Майқара» (Кенжебай), «Доктор» (балдызы Бақыт), «Нұрласи» (Нұрлыбек), «Әлмақбай» (Әлмағамбет), «Шойын» (Темір әке), «Шірен» (Қанибек), «Мәнәш» (балдызы Роза), «Майбала» (қарындасы Роза) және басқалары.
Тентектеу болып өскен Бижан деген немере інімді «Цой Хван» («Сойқан» дегеннен) деп атайтын. Әкем өз балаларына да ат қойған еді. Мені «Ахамбас», сіңілім Тұрсынды «Томас Мор», інілерім – Сабырды «Сәсәу», Аманды «Қазанбас», Мұқанды «Пұшық» дейтін.
Міне, әкемнің о дүниелік болғанына қырық төрт жыл өтті. Әкеміздің бейнесі, берген тағылымы ақырғы деміміз таусылғанша ойымызда, жүрегімізде. Осы күнге дейін әкем туралы сөз болса, адамдардың жүзінен әкемнің қаншалықты жақсы адам, мейірімді әке, қамқор бауыр, адал дос, керемет маман болғанын кәдімгідей көріп тұрамын. Тек жүзі емес, айтқан кезде бұл дауысының ырғағынан да байқалып тұрады. Адам баласының өзінен кейін қалдыратыны заңғар үй, мал-мүлік, мол қаражат емес, жақсы адамның өмір жолы, үлгі-өнегесі, ғибрат алатындай естелігі болу керек деп ойлаймын.
Жоғары оқу орындарында оқыған, онан кейін еңбекке араласқан кезімде әкемнің әрбір сөзі, іс-әрекеті маған бағдаршамдай, алдағы жүретін жолымды меңзеп тұратындай болып көрінетін.
Райхан БАЙШОРАЕВА
29 сәуір 2025 ж. 540 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№37 (10405)

20 мамыр 2025 ж.

№36 (10404)

17 мамыр 2025 ж.

№35 (10403)

13 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 798
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031